Х Республикалық «Шырқа, даусым» дәстүрлі әншілер конкурсы
23 сәуірде К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Баласағұн» ОКЗ-да Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында Кенен Әзірбаев атындағы Х Республикалық «Шырқа, даусым» дәстүрлі әншілер конкурсы өтті.
Конкурс пандемиялық сақтық шараларын сақтай отырып өткізілді, телевизиялық үлгіде және әлеуметтік парақшалар арқылы тікелей эфирлерде көрсетілді.
Конкурста Қазақстанның қалалары мен облыстарынан және Қытай Халық Республикасынан жалпы 30 өнерпаз өнер көрсетті. Балқаш қаласының атынан Балалар өнер мектебінің дәстүрлі ән сыныбының мұғалімі, дәстүрлі әнші Нұрболат Ұзақбай қатысып, ІІ орын лауреат белгісімен марапатталды, сонымен қоса 300 000 теңгенің сертификатын иеленді.
Конкурс ІІ кезеңнен тұрды. І кезеңде Нұрболат К.Әзірбаевтың «Тік шырқау» және Ж.Жабаевтың «Жиырма бес» әндерін, ал ІІ кезеңде Ә.Найманбайұлының «Кіші Ардақ» әні мен жеребе тарту бойынша 12 әннің ішінен түскен К.Әзірбаевтың «Гигигай» әнін орындады.
Сондай-ақ, Нұрболаттың орындауындағы К.Әзірбаевтың «Бал құйылды даладан» әні Ж.Жабаев пен К.Әзірбаевтың шығармалары топтастырылған «Шырқа, даусым» атты CD топтамаға енді.
Жас әншіге үлкен шығармашылық табыстар мен жеңістер тілейміз!

