Размер шрифта:
Гаджет және бала: пайдасы мен зияны туралы, ата-анаға пайдалы кеңестер
20-02-2025 12:43

Гаджеттің ата-ананың балаға көңіл бөлуге уақыты жоқ кезде құтқаратын көмекшісіне айналғаны ақиқат. Оның үстіне, ата-анасының қолынан түспейтін ұялы телефонға бала да ұмтылып тұрады. Осылайша балалар 4-5 жастан бастап гаджеттің қыр-сырын ата-анасынан да жақсы меңгеріп алады. Баланың ата–анасынан бірнәрсені көбірек білуі адамзат тарихында алғашқы рет орын алуда. Қазіргі уақытта гаджеттің пайдасымен қатар зиянды тұстары көп көтерілуде. Өкініштісі, кейбір ата-аналар  гаджеттің балаға зиянды жақтарына назар аудара бермейді. Сондықтан, алдымен гаджеттің зиянына тоқталып өтейік, соңғы 10 жылдықта смартфон моделдерінің жаңа нұсқалары қарқынды шығарыла бастады. Кез келген ақпаратты оңай және жылдам көрсететін ақылды гаджеттер баланы өзіне магнит тәрізді тартады. Экранда болып жатқанның барлығы (суреттердің, жарықтың, дыбыстың ауысуы) баланы өзгеше күйге түсіреді. Бұл күйде адамның миы стресс деңгейін төмендететін дофамин түзе бастайды. Экранның алдында ол уақыттың өткенін байқамайды, дофаминнің әсерінен рахат күйде отырады. Егер гаджет кенеттен өшіп қалса, дофамин деңгейі күрт төмендейді де, баланың эмоциясына ғана емес, физиологиялық күйіне де кері әсер етеді. Осындай сәтте балада истерика басталады. Гаджеттердің бұдан басқа тигізетін зиянды әсерлерін тізбелесек: балалар мен жасөспірімдердің жалғыздықты көбірек сезініп, өздеріне деген сенімдері азайып, тұйық мінезді болып өсуі; артық салмақ, көздің дұрыс көрмеуі, остеохондроз, т.б. ауру түрлерінің пайда болуы; лайктардың саны аздығынан пайда болған өзін кем санау комплексі, лентаны қарап отырған бала басқалардың «жақсырақ» өмірін көріп өзінің мүмкіндігіне сенбеуі сияқты психологиялық проблемалардың туындауы; кибербуллинг, онлайн-алаяқтық, «Суицид топтары». «Цифрлық әлемнің кері әсерін азайтудың қандай жолдары бар?» - деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Гаджетке тәуелділік мәселесін жеңу үшін ата-ана дер уақытында шара қолдау арқылы, есірткі тәуелділігінен де күрделі тәуелділіктің бұл түрінен оңай құтыла алады. Ол үшін миындағы дофаминнің әсерімен қызыққа батып отырған баланы гаджеттен ажырату мақсатында баланың жанына отырып, ойын қалай болып жатыр, қандай деңгей, қандай кейіпкер, ол не істей алады деген сұрақтарды қойып көңілін бөлу керек. Егер сіздің сұрақтарыңыз жауапсыз қалса, шыдамдылықпен баланың қасында болып, біртіндеп, асықпай сөйлесе бастаңыз. Баладан алғашқы жауапты алған сәттен бастап ол виртуалды әлемнен шығып, сіздің отырғаныңызды байқайды. Бұл жағдайда дофамин деңгейі төмендей бастайды. Сөйлесе бастаған кезде тамақ ішу, жуыну немесе сабақтарын қарау керектігін ақырын есіне салыңыз. Осы өмірге «қайтып келудің» «жұмсақ» әдісі қолданылғандықтан сіздің өтінішіңізге құлақ салып, көңіл бөлгеніңізге қуанып, гаджетті өз еркімен өшіретін болады. Баладан гаджетті алып қою, қолдануына мүлде тыйым салу арқылы гаджеттен қорғаймын деп ойласаңыз қателесесіз. Онымен қоса, бала қатарынан қалып, болашағына кері әсер етуі мүмкін. Деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта адамның бір айдың ішінде алған ақпараты XVII ғасырда адамның өмір бойы алатын ақпаратына тең келеді екен.