ҚР Денсаулық сақтау министрі 8-ші Халықаралық йога күніне қатысушылармен бірге таза ауада медитация жасады

ҚР Денсаулық сақтау министрі 8-ші Халықаралық йога күніне қатысушылармен бірге таза ауада медитация жасады
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ҚР-дағы Үндістан Елшілігі ұйымдастырған 8-ші Халықаралық йога күнінің ашылуына қатысты.
Халықаралық йога күнінің мақсаты - йоганың денсаулыққа пайдасы туралы халықтың хабардарлығын арттыру.
"Бүгін бүкіл әлем Халықаралық йога күнін атап өтуде. Көптеген йога қатысушылары мен жанкүйерлері бізге басқа елдер мен қалалардан онлайн режимінде қосылуда. Йогамен таныс және онымен айналысатын, йогадан күш пен тыныштық алатын барлық адамдарды құттықтаймын", - деді министр.
Оның айтуынша, медицина қызметкерлері йога мен басқа да дәстүрлі тәжірибелердің құндылығын көруде, өйткені олар денсаулықты физикалық және психикалық деңгейде сақтауға және нығайтуға бағытталған.
"Йогамен айналысу ағзаның барлық жүйелеріне жағымды әсер етеді: омыртқаның икемділігін арттырады, дене күшін дамытады, буындардың қозғалғыштығын жақсартады, жүйкелерді босаңсытады және қалпына келтіреді, тыныс алуды басқаруға, жағымсыз эмоциялармен күресуге үйретеді, ағзаны сауықтыруға және жасартуға ықпал етеді", - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Құттықтау сөзінің соңында ҚР ДСМ басшысы йога сабақтары – жетілу жолында өз денесі мен рухын нығайтудың тамаша мүмкіндігі екенін атап өтті.
 
Дата: 23.06.2022, 11:42 Автор: Балқаш қаласының "Өнер мектебі"