Дарынды оқушыға - талантты ұстаз
Дарынды оқушыға - талантты ұстаз
Еліміздің кемел келешегі білім мен біліктің биігін бағындырар ұрпақтың қолында десек, осы жолда білім көшін алға сүйреп келе жатқан ұстаздарымыз бен шәкірттеріміздің еңбегі ұшан-теңіз. Атап айтсақ, жақында ғана облыстан олжалы оралған С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының оқушылары мектебіміздің, қала берді, қаламыздың мерейін асқақтатып тастады.Яғни «Дарынды оқушыға- талантты ұстаз» атты педагогикалық олимпиадада 17 команданың ішінен суырыла алға шығып, бас жүлдені еншіледі.Бес кезеңнен тұратын байқау барысында 9-10 сынып оқушыларынан құралған аталмыш топтың мүшелері А.Кеңесова, Б.Жұмадилова, А.Исақ, І.Жұмабай, Е.Ибраимов болашақта мұғалімдік мамандықты өздеріне мақсат ете отырып, қызығы мен қиыншылығы мол мамандықтың қыр-сырын көрермендерге жеткізе білді.Оқушыларымыз білімділігімен қатар , актерлік шеберліктің де шыңынан көріне білді.Қаламыздың 75 жылдығына орайластырып жасалған мазмұны мен сәні келіскен газеттерін қорғап, мектеп өмірінен көріністер көрсетіп, мектебіміздің тәуелсіздікке әкелген жетістіктерін айтып, өздерінің жан-жақтылығын көрсете білді.Сонымен қатар сайыс мүшелері киімдерімен де ерекшеленіп, әділқазы алқаларының жоғары бағасына ие болды. Оның ішінде мектептің формасына ерекше қызығушылық танытты.Тіпті, оқушылардың салған әніне әділқазы алқалары да қосыла айтып, үлкен қошемет көрсетті.Ал көрермендер орнынан тік тұрып, оқушыларымызды шапағатты шапалақтарымен ыстық ықыластарына бөледі.Осындай дарынды оқушылардың дарынын ашып, тәрбие мен білімді таразының басындай тең ұстап, ел игілігі үшін еңбекпен етене араласып, жарқын болашаққа қарымды қадам жасап жүрген және шәкірттеріне бағыт- бағдар беруден жалықпай еңбектеніп жүрген Г.Шарипова, Ш.Сатанова , Г.Үмбетжанова, Ә.Елеубекова, Г.Жақсыбай сынды ұстаздарымыздың шәкірт тәрбиелеудегі еңбектеріне табыс, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз.Ал республикалық сайысқа жолдама алған жүйріктерімізге ақ жол тілей отырып , бағындырар биіктерің көп болсын демекпіз.Тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы - білімді ұрпақ екенін ескерсек, осындай білім жолындағы жеңістер әлемдік білім кеңістігіне шығу жолындағы қадамдардың бірі десек, артық айтқандық емес.