«Болашақ инженерлер - 2019» жобасы аясында өткен шебер сынып
23 қаңтарда Балқаш қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен С.Сейфуллин атындағы № 7 мектеп-гимназия базасында «Болашақ инженерлер - 2019» жобасы бойынша облыстық шебер сынып өтті. Семинарға болашақ инженерлер жобасы бойынша жұмыс жасайтын облыс мұғалімдері және қала мектептерінің информатика мұғалімдері қатысты. Олардың ішінде Шет және Ақтоғай аудандарының, Қарағанды, Жаңаарқа, Шахтинск, Сарань, Жезқазған қалаларының мұғалімдері бар. Семинардың ашылу салтанатына қалалық білім бөлімінің басшысы Г. Ағдарбекова қатысып, Қарағанды облысының оқу-әдістемелік орталығының әдіскері А.А.Какенбекова құттықтау сөз сөйледі. Балқаш қаласының білім бөлімінің әдіскері Ж.С.Мухаметжанова, «Болашақ инженерлер таңдау курсының ерекшеліктері мен принциптері» атты баяндама жасап, білім беру мазмұнын жаңарту аясында қаланың мектептерінде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстармен таныстырды. Семинар 4 блоктан құралды. 1 – блок білім үрдісінде «Болашақ инженерлер: білім саласындағы 3D-технологиялары» атты жобаның дамуы тақырыбында өтті. Бұл блокта Балқаш қаласының №15 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі С.К.Омаров «Компьютерлік модельдеу» атты және ЖББ №1 мектептің информатика пәні мұғалімі О.С.Клементьева - «Дизайн және модельдеу» тақырыбында ашық сабақ өткізді. 2 – блокта Балқаш қаласының білім бөлімінің әдіскері А.О. Торопчинаның ұйымдастыруымен «Roboland - 2019» қалалық жарысы өтті. Балқаш қаласының №15 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі С.К.Омаровтың ұйымдастырумен «Болашақ инженерлер-2019» оқушылардың ғылыми шығармашылық жұмыстар жобасы өтті. Жобаға барлығы 22 оқушының ішінен 6 оқушы іріктеліп, олардың болашақтағы автомобильдер модельдері бойынша қорғау жұмыстары өткізілді. Абай атындағы №2 лицейдің информатика пәні мұғалімі Л.Қ.Байжұманованың ұйымдастыруымен «Үшөлшемді компьютерлік модельдеу» сайысы өтті.Сайысқа барлығы 13 оқушы қатысып, 3 оқушы облыстық жарысқа жолдама алды. 3 блокта «IT intellectum» кабинеттерінің жұмысы бойынша №8 орта мектеп базасында директордың ақпараттандыру ісі жөніндегі орынбасары Р.Химиранның ұйымдастыруымен оқушылар жобалары мен интеллектуальды ойындардың ойналу ережелері бойынша тұсаукесер өтті. Соңғы блокта №7 мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі А.Құсайынова өзінің чемпионаттарымен бірігіп «Кеме модельдерінің сызбасын жасау» тақырыбында шебер сынып өткізді. Семинар соңында қонақтарға жалпы білім беретін №25 орта мектептің информатика пәні мұғалімі М.Б.Имашованың ұйымдастыруымен “Google sheet” қосымшасының көмегімен қорытынды рефлексия жасалды. Семинарға қатысушылар «Google sheet» қосымшасы арқылы кері байланыс ұсынып, семинарға жоғары баға бере отырып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.