Размер шрифта:

Дәметкен әже естелігінен...

№24 орта мектебінің «Самрұқ »тимуршылар командасы аяулы ана, ардақты әже , сұрапыл соғыс кезінде тылда еңбек еткен ардагер Байболсынова Дәметкен Рақымберліқызы жайлы   құнды деректер жинақтау мақсатында  кездесуге барды.

Байбосынова Даметкен Рахымберліқызы – Балқаш қаласының тұрғыны , тылда еңбек еткен  ардагерлерідің  бірі.

Даметкен әжеміз 1 қаңтар 1917 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген.

Міне, ел басына түскен қиын-қыстау шақта тылда қара жұмысқа жегілген кешегі бозбала мен бойжеткендер – бүгінде бір әулеттің ақ сақалды атасы мен ақ жаулықты әжелері, шежірелі қазынасы.

Тылдағы, бейбіт өмірдегі қызметіне орай Үкімет тарапынан берілген мақтау-марапаттар, мерейтойлық медальдар кеудесінде жарқырайды.

Дәметкен әже жары Жаңбырбай Байбосыновпен  9 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгін де,  сол балаларынан 39 немере, 62 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған бақытты әже.

        Мақаламыздың кейіпкері – Даметкен әже өткен кезең жайында бізге сыр ақтарып, сонау қиын кезеңдерді ой елегінен өткізді.

-                     «Қазір жасым 98-де. Кешегі сұм соғыстың зардабын тартқан адаммын. Миллиондаған адамның өмірін қиып, бейбіт өмір сүріп жатқан қаншама отбасын бақытсыздыққа душар еткен сол бір сұрапыл соғыс басталған кезде мен  жас жеткіншек едім.  Соғыс кезінде Қазақстан майданды киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз  етіп отырды. Жас деп ешкім қараған жоқ. Колхозда барлық жұмысты әйелдер, балалар атқарды. Жер жыртып, егін егіп, мал өсіріп, одан өндірген өнімді майданға жөнелтіп отырдық. Өте қиын кезең болды. Бірақ еш мойыған емеспіз. Тынымсыз еңбектің арқасында ғана жеңіске жетерімізді білдік. Сондықтан, жас болсақ та, Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін деген ұранмен еңбек еттік.»

Сөз соңында Дәметкен әже:

«Біз көрген қиындықты кейінгі ұрпақ көрмесін. Сұм соғысты ешкімнің басына бермесін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын» - деді.

№24 орта мектебінің тимуршылар командасы аяулы ана, ардақты әже Байболсынова Дәметкен Рақымберліқызы жайлы осындай құнды деректер жинақтап, әженің батасын алды.

№24 орта мектебі

Тимуршылар командасының мүшелері: Олжатай Диас

Көмек Аяжан