«Биші қайың» ІІІ облыстық хореографиялық фестиваль-байқауы
2026 жылдың 26 наурызында «Сарыарқа дарыны» БҚББ АҒПО-ның қолдауымен Саран қаласының Балалар өнер мектебі ұйымдастырған «Биші қайың» ІІІ облыстық хореографиялық фестиваль-байқауы жоғары деңгейде өтті. Аталған өнер додасына Қарағанды облысының әр өңірінен, атап айтқанда Қарқаралы, Саран, Қарағанды және Балқаш қалаларынан келген 21 би ансамблі қатысып, өзара шеберлік байқасты. Байқау тартысты әрі кәсіби деңгейі жоғары форматта ұйымдастырылып, қатысушылар үшін үлкен шығармашылық сынақ алаңына айналды.
Бұл байқауда Балқаш қаласы Балалар өнер мектебінің «Ақмаржан» би ансамблі ерекше өнерімен көзге түсіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Ансамбль екі бірдей номинация бойынша жүлделі орындарға ие болды:
– қазақ биі «Ақ баян» қойылымымен Бас жүлде;
– стильдендірілген «Қазақ рухы» биімен І орын.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – тәжірибелі педагог-хореограф Мәди Шырайлым Мақсатқызы.
Беделді әділқазылар алқасы «Ақмаржан» би ансамблінің өнерін жоғары бағалап, олардың болашағынан зор үміт күтетіндіктерін атап өтті. Әсіресе, би қойылымдарының күрделілігі, орындаушылардың кәсіби техникалық дайындығы, сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлігі ерекше назарға алынды.

