Өнерлі өреннің өрісі кең: «Ақмаржан» ансамблі Қытайдан Бас жүлдемен оралды!
Үстіміздегі жылдың 18–21 маусым күндері Қытай Халық Республикасының Құлжа және Қорғас қалаларында өткен «Қазақстан мен Қытай» достығының III халықаралық музыкалық-хореографиялық фестивалі отандық жас таланттардың жарқын жеңісімен ерекшеленді. Аталған өнер додасында еліміздің намысын қорғаған Балалар өнер мектебі – ЮНЕСКО клубының «Ақмаржан» хореографиялық ансамблі қос бірдей Бас жүлдені иеленіп, зор жетістікпен елге оралды.
Халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған жас бишілер 9–12 жас санаты бойынша сынға түсті. Байқауда ұсынылған 16 би композициясының ішінен дараланған «Ақмаржан» ансамблі стильдендірілген «Қазақ рухы» және нәзіктік пен көркемдікке толы «Ақбаян» қазақ билерін жоғары деңгейде орындап, көрермендер мен қазылар алқасының зор ықыласына бөленді. Ұлттық нақыш пен заманауи хореографияны үйлестірген қос туынды да өз шеберлігімен ерекшеленіп, ең жоғары марапатқа лайық деп танылды.
Осы жауапты сапарда шәкірттерді үлкен сахнаға жан-жақты дайындаған хореография бөлімінің меңгерушісі Самал Ермекбаевна Шыныбаева мен дарынды хореограф Шырайлым Мақсатқызы Мадидің еңбегі ерекше. Жас өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін ашып, халықаралық деңгейде көк байрағымызды желбіретуге үлес қосқан ұстаздарға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Сонымен қатар, балалардың шығармашылық сапарын ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсетіп, материалдық әрі рухани демеу болған ата-аналарға да ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Балаларының өнер жолындағы алғашқы үлкен қадамдарына сенім артып, қолдау көрсеткен ата-аналардың еңбегі – осы ортақ жеңістің маңызды негіздерінің бірі.
Айтулы жеңіспен Балалар өнер мектебінің ұжымын, жас дарындарды, ұстаздарды және қадірлі ата-аналарды шын жүректен құттықтаймыз! «Ақмаржан» ансамбліне шығармашылық шабыт, толағай табыс және бұдан да биік белестерді бағындыруды тілейміз!




Өнерлеріңіз өрге жүзсін!