ТЕАТР САХНАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЕМТИХАН
Балалар өнер мектебінің «Спички и хрусталь» театр бөлімінің оқушылары мемлекеттік емтихандарын ерекше форматта тапсырды. Емтихан дәстүрлі сұрақ-жауап немесе сахналық үзіндімен емес, толыққанды театр қойылымы арқылы өтті. Көрермендерге арналған әсерлі кеш Ағыбай батыр атындағы оқушылар сарайы сахнасында ұйымдастырылды.
Жас өнерпаздар келушілерге Чарльз Диккенстің "Рождестволық ән" спектаклін сахналады. Қойылымға қала тұрғындары, ата-аналар, ұстаздар мен өнер мектебінің ұжымы қатысты. Залға жиналған көрермендер жас актерлердің өнеріне куә болып, олардың сахнадағы шеберлігіне тәнті болды. Оқушылар тек рөл орындап қана қоймай, кәсіби театрдың барлық талабын сақтауға тырысты. Сахналық қозғалыс, дауыс ырғағы, кейіпкер мінезін ашу, костюм мен жарық үйлесімі - бәрі мұқият пысықталған.
ГҮЛЖИХАН ЖЕКСЕМБЕКОВА - КМҚК «Балалар Өнер мектебі» - нің директоры
Бүгін балалар өнер мектебінің «Спички и хрусталь» театрының оқушылары мемлекеттік емтихандарын тапсыруда. Қазіргі уақытта олар жиналған көрермендер алдында Чарльз Диккенстің «Рождестволық ән» спектаклін сахналап жатыр. Осы мамыр айы бойы мектебімізді биыл тәмамдайтын 73 түлек мемлекеттік емтихандарын тапсырды. Бұған дейін музыка және көркемөнер бөлімдерінің оқушылары өз сынақтарынан өтті. Ал бүгін театр бөлімінің түлектері өз жұмыстарын көрермен назарына ұсынуда.
Бұл қойылым оқушылар үшін жай ғана шығармашылық кеш емес, мемлекеттік емтиханның негізгі бөлігі саналады. Ұстаздар әр оқушының рөлді орындауын, сахнадағы өзін ұстауын, дикциясы мен актерлік қабілетін арнайы бақылап, жылдық қорытынды бағаларын шығарды. Сондықтан әр көрініс пен әр деталь үлкен жауапкершілікпен дайындалған. Айта кету керек, биыл Балалар өнер мектебінде 72 түлек мемлекеттік емтихандарын тапсырды. Әр бөлім өз бағыты бойынша шәкірттердің қабілетін жан-жақты ашып, олардың шығармашылық әлеуетін көрсетті. Ал театр бөлімінің орыс тобы сахналаған қойылым кештің шоқтығын биіктетіп, көрермен көңілінен ерекше орын алды.


