Мектепішілік бақылау жүйесі – сапалы білім, жоғары нәтиже негізі
Құрметті әріптестер!
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек» деген болатын. Сондықтан қазіргі күнгі талаптарға сай болу мақсатында, білім және тәрбие беруде жоғары нәтижеге жету үшін мектеп басшылығының негізгі төрт функциясын жүйелі түрде жүргізуі қажет деп есептейміз.
Бұл:
} Жоспарлау - мақсатқа жету жолдарын зерттеу мен анықтау
} ұйымдастыру - адамдардың мақсатқа жету бағытындағы жұмыстарын байланыстыру
} басқару - (мотивация) адамдардың мақсатқа ұмтылысын ынталандыру;
} бақылау - адамдардың мақсатқа қарай қозғалысының дұрыстығын тексеру.
Мектепішілік бақылау – басқарудың негізгі функциясы екені белгілі. Бұл жөнінде белгілі педагог Конаржевский былай деген екен: «Мектепішілік бақылау дегеніміз – басқару функцияларының ішіндегі ең негізгісі болып табылады. Ол талдау және мақсат қою функцияларымен тікелей байланысты, өйткені талдаусыз берілген мәліметтің мәні болмайды, ал мақсатсыз ештеңені бақылау мүмкін емес».
Бақылау – мәліметтерді есепке алу, барлық қызметтердің нәтижелерін талдау, жоспарлық көрсеткіштермен салыстыру, ауытқу себептерін анықтау және мақсатқа жету үшін қажетті шараларды белгілеу. Сайып келгенде – мектепішілік бақылаудың мақсаты – мектеп жұмысын нақты, жоғары нәтижеге бағыттау, білім сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеуді жолға қою.
ЖББ №24 мектептегі бақылаудың мақсаты осы жолда төмендегідей болып белгіленді: заманауи талаптарды ескере отырып, алынған ақпараттарды талдау негізінде мектептегі оқу үдерісінің жағдайына баға беру, оқушылардың білім деңгейінің базалық талаптарға сәйкестігін бағалау, құзыреттілік тәсілінің жағдайында мұғалімдердің жобалау қызметін бақылау, мектептің оқу-тәрбие үдерісінде орын алған қиындықтар мен кемшіліктердің себептерін және оларды шешу жолдарын анықтау. Осы мақсаттағы бақылау функциясы мектебімізде келесі принциптер арқылы іске асырылады:
- Жан-жақтылық
- Нақтылық
- Жүйелілік, яғни жоспарлы түрде жүру
- Ашықтық, яғни жоспардың жариялы болуы
- Ықпалдылық, яғни оның нәтижеге бағытталуы
Мектепішілік бақылау жұмысын іске асыруда әкімшілік құрамына мектеп директоры бұйрығымен құрылған бірнеше жұмыс топтары мүшелерінің көмек көрсетіп, жұмыстың нәтижелі болуына зор ықпал еткенін айта кету керек. Мектеп мұғалімдері қатарынан құрылған жұмыс топтары дербес, объективті бақылау жүргізуді, сонымен бірге сыни көзқарас туындатып, тексеріс нәтижесін сараптауды жүйелі қолға алды.
Сонымен , мектепте қараша айында үш топ құрылды:
- Мектепішілік бақылауды жүзеге асыратын арнайы топ
- ҰБТ-ге дайындықты бақылайтын жұмыс тобы
- «Ізденіс» шығармашылық тобы
Мектепішілік бақылау жоспарында белгіленген тексеру жұмыстарын іске асыру мақсатында құрылған арнайы топ мүшелері әкімшілік мүшелерімен біріге отырып жұмыс жүргізеді, ақпарат дайындап, сараптама жасайды, оны талқылауға түсіреді. Бұл ретте аталған жаңашылдықтың алғашқы бетте мұғалімдер тарапынан қабылдана қоймағандығын айт кету керек. Топ мүшелері де өздеріне жүктелген міндетті бірден дұрыс түсіне қойған жоқ. Жиналған ақпаратқа сараптама жасау да оларға қиындық туғызды. Дегенмен, жұмыс барысында топ мүшелерінде жаңаша көзқарас, жаңаша жұмыс стилі пайда болды.
ҰБТ-ге дайындық жұмысын бақылау мақсатында құрылған жұмыс тобы 11-ші сынып оқушыларының дайындығы барысын қадағалап, тиімділігіне мониторинг жасайды. Мұнда да әр топ мүшесінің өзіне жүктелген міндеті бар, топ апта сайын отырыс өткізіп, 11 сынып оқушыларының ҰБТ-ге дайындығының барысын, сол бағыттағы проблемаларды талқылайды, оқушылармен, олардың ата-аналарымен, мектеп психологымен тікелей жұмыс ұйымдастырады.
ҰБТ-ге дайындық барысын бақылау туралы жұмыс тобының мүшесі Асылбекова Мереке Сериковна баяндайды.