БАЛАНЫҢ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН ОЙЫН АРҚЫЛЫ ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Дата: 2025-05-21 09:27:51
БАЛАНЫҢ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН ОЙЫН АРҚЫЛЫ ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Есенова Меруерт Бүркітбайқызы

Қарағанды облысы Балқаш қаласы №9 ЖББ мектебінің КММ мектеп алды даярлық мұғалімі

Бала – жан-жүрегіміздің айнасы, көзіміздің нұры, көңіліміздің шуағы. Бүгінгі таңда қоғам алдында балалардың ойлау қабілеті мен зейінін қалыптастыру жолға қойылып отыр. Білім беру жүйесінің алғашқы табалдырығы мектепке дейінгі ұйымнан  көшбасшы ұрпақ тәрбиелеу жалаң тұрғыда емес, жаңа бағытта ұйымдастыру негізгі мәселе екені анық. Интеллектуалдық тәрбиенің басты мақсаты - еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін, тыныштық пен бейбітшілігін сақтайтын, ұлтаралық мәдениетті дамытатын, өркениеттілікке өз үлесін қосатын адамгершілік мұраты биік, намысы қаһарман, қайсар, жігерлі жас ұрпақты тәрбиелеу. Баланың өмірге қадам басқандағы алғашқы қимыл әрекеті ойын, сондықтан оның маңызы ерекше, танымы терең. «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп жырлағандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.  Өмірді тану, еңбек тынысы, психологиялық ерекшеліктерінің барлығы осы ойнай отырып қалыптасады.  Ойын арқылы шындықтың көрінісі мен бейнесі сәулелі шуақ береді. Ойындардың шартты түрдегі мақсаттары болғандықтан, мақсатқа жету жолындағы әрекеттер бала үшін әрқашан қызықты екенін ескеруіміз керек, десе де ойын тек қана балаларды қызықтырып, уақыт өткізудің құралы болмай, балаға берілетін білім мен тәрбиенің құнды негізі болса нұр үстіне нұр болады. Оқыту-тәрбиелеу жұмысын бағдарлама талаптарына сәйкес ойын түрінде ұйымдастыра отырып, баланың логикалық ойлау қабілеттін арттыруға жағдай жасау тәрбиеші алдындағы зор міндет. Бала ойын барысында айнала құбылыс сырын танып сезінеді, себеп-салдарлық байланысты және тәуелділікті анықтауға тырысады. Айналадағы өмір құбылыстарын, ерекшеліктерін байқай отырып, білуге қызығушылығы туындайды, осы сезім оны талпыныстарға, жаңа белестерге жетелейді.  Ойын негізінде ойлай отырып,  тапсырмалары өзінше зерттеп, орындау, өзінше шешім жасау өз ойындағысын айту жағдайларына мүмкіндік туғызылса ғана бала еркін ойлы, өзіне сенімді, ерік-жігерлі, дүние танымы кеңейген, сөйлеу тілі жақсы қалыптасқан, болашаққа қызығушылығы оянған дара тұлға ретінде жан-жақты дамиды.

 

Ойын балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал.  ойын түрлерін мақсатсыз қолдана беруге болмайды, ойын түрлерін дұрыс қолданып өткізілген сабақта оқушы зейінін аударып, ықлас қойып тыңдау дағдысы да қалыптасу керек. Сабақтың өн бойында ойын түрлерін қолдана беру де, баланы жалықтыруы мүмкін. Сондық ойын технологиясының маңызын сауатты ұйымдастыра білу де үлкен шеберлікке жатады.

Мектепке дейінгі кезеңдерде ойын – ұжымдық еңбек, тәжірибелі мәні бар тәсілдердің бірі.  Ойынды орындау барысында баланың іскерлігі мен жеке қабілетін көре аламыз. Ойын арқылы бірігіп жұмыс істеуге, іздену дағдысының өрбуіне септігін тигіземіз. Өтетін тақырыптың ерекшелігі мен қиындығы, жеңілдігіне байланысты. Сабақта ойын түрлерін пайдалану сабақ түрлері мен әдістерін жетілдіру жолындағы ерекшеліктердің бірі. Мектепке дейінгі даярлық сыныбында  балаларға қарапайым түсініктерді қалыптастыру сабағында есеп ойындарды пайдалану, шәкірттердің тапқырлығын шыңдап, ой өрісін жетілдірумен бірге зейінін  дамытуға тигізетін үлесі зор.

Іс-тәжірибемде балалардың ойлау қабілетін дамытуда ойынның маңыздылығын үш жақты бағытта қарастырдым. Бірінші, ұлттық ойындардың бала зейінін қалыптастырудағы рөлі, екінші, сабақ барысында қолданылатын дидактикалық ойындар және үшінші, саусақ гимнастикасы арналған ойындар арқылы оқушы зейінін қалыптастыру

Ұлттық ойындардың бала зейінін қалыптастырудағы рөліне тоқталсам, оқушы ұлттық ойын үстінде өмірде көрген білгеніне, өзіне ұнаған адамның іс әрекетіне еліктей отырып, соны бейнелей алады.  Ертеңін ерте ойлаған  қазақ халқы  ойынды тәрбие құралы деп танып, жеткіншек ұрпақтың ой түйсігін ширықтырып, баулитын тетік сынды бағалаған.  Ойын тіршілктің нышаны, еңбекке бейімделудің белгісі деп халқымыз «ойын баласы» деп жас баланың еркін ойнауына мүмкіндік туғызған. Ұлттық ойындардың басым көпшілігі мазмұны жағынан ертегі, әңгімеге жақын болып келетіндіктен бала зейінін өзіне баурап алады. Ойын – балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттыратын басты құрал. Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайықтары «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақ серек-Көксерек», «Айгөлек», «Ақ сандық - Көк сандық», «Ақ сүйек» баланың көзін жұмғызып алаңдағы ағаш ішіне сүйекті лақтырып жіберіп, іздеу т.б. ойындар ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа үйрету іске асырылады. Таңертеңгі қабылдау кезінен баланың үйге қайтуына дейінгі уақыт аралығындағы күн тәртібіне сәйкес дене тәрбиесі күні бойғы тәрбие түрлерімен біртұтас тәрбие бағдарламасымен үндесе отырып, жүзеге асады. Сондықтан да, бағдарлама бойынша арнайы өтілетін тақырыптық тәрбие сәттерінің арасында әуелі дене сергіту, жұмыс соңында ырғақты қимыл-қозғалыс ойындарын өткізу көзделеді.Түстен кейінгі уақыттарда балаларға ұлттық ойындар: «Асық ату», «Орамал тастамақ», «Арқан тартыс», «Бес тас» ойындарын ойнатамын. 

 

Асық ойынының тәрбиелік мәні зор. Асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, ептілігін және қырағылығын жетілдіріп, баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. /Сурет №1/

 

№1 сурет. «Асық ату» ойыны және экологиялық тәрбиеге бағытталған ойындар

Балалардың қызығушылығын оятып,белсенділігін арттыру мақсатында дидактикалық ойындардың маңызы зор. Дидактикалық ойындар балаларға бір жағынан білім беріп, еңбек етіп, есте сақтауға үйретеді (2-cурет).

Мектеп алды даярлық сыныбында оқушылардың ойлау қабілетін дамыту үшін ойын әдістерін қолдану өте тиімді. Балалар ойнап отырып, жаңа ақпаратты оңай қабылдап, есте сақтайды. Бірнеше тиімді тәсілдер мен ойын түрлерін бөліссем: 

"Жоғалған затты тап": Сыныптағы бір затты жасырып, балаларға оны сипаттамалар арқылы табуға тапсырма беріңіз. Мысалы, "Бұл зат дөңгелек пішінді, ол ас үйде пайдаланылады" (тәрелке).

"Не артық?": Балаларға әртүрлі суреттер (немесе заттар) көрсетіңіз, оның ішінен артық немесе сәйкес келмейтінін табу керек.

"Суретті аяқта": Жартылай салынған суретті көрсетіп, балалардан оны толықтыруды сұраңыз.

"Санау кубиктері": Кубиктерді санатып, әртүрлі комбинацияларды құрастыруды сұраңыз.

"Сандарды тап": Тақтаға әртүрлі сандар жазып, белгілі бір сандарды табуды сұраңыз (мысалы, "Бізге 5 саны керек").

Тілдік ойындарды айтар болсам: "Жаңылтпашты жалғастыр": Балаларға қысқа жаңылтпаштарды бастатып, олардың жалғастыруын сұраңыз.

"Кім жылдам ойлайды?": Бір тақырып (мысалы, жануарлар) беріп, сол тақырыпқа байланысты сөздерді атауды сұраңыз.

"Ертегі құрастыру": Бірнеше сөз беріп, балалардан соларды пайдаланып қысқа ертегі құрауын өтініңіз.

Бұл ойындар оқушылардың ойлау қабілетін ғана дамытып қоймай, біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыруда құндылықтарды бала бойына сіңіруде де маңызы зор. Ойын арқылы баланың логикалық, шығармашылық және тілдік қабілеттері бірдей дамиды. Мұндай әдістер оларды мектептегі оқу процесіне дайындауға көмектеседі.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Педагогика және педагогикалық технологиялар : оқу құралы / Мұхамбетова, Сауле Құбайқызы ... – Ақтөбе, 2001. - 108 б. .
  2. Балдырғандарға арналған математика [Мәтін] / Р. Мәженқызы ... – Алматы : Сөздік-Словарь, 2001. - 80 б. .
  3. Дүкенбаева Г.Х. «Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелеу», Алматы: Рауан 1992ж. 60б
  4. Сағындықов Е. «Қазақтың ұлттық ойындары», Алматы: Рауан 1991, 176б
Автор: №9 ОМ