«Болашақтың энергиясы» форумы инновацияларды дамытуға зор ықпалын тигізеді», – В. Лоссерталес
Парижде «Болашақтың климаты мен энергиясының өзгеруімен күрес» тақырыбына «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы Назарбаев Университетімен бірлесе ұйымдастырған «Болашақтың энергиясы-2015» форумы болып өтті. Бұл – ЭКСПО-2017 алдында өткізіліп жатқан халықаралық конференциялар сериясындағы екінші іс-шара.
Негізгі баяндаманы Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Висенте Лоссерталес ұсынды. «Болашақтың энергиясы» «Астана ЭКСПО-2017» форумының тақырыбы ретінде барлық энергетикалық мәселелер бойынша инновациялар мен ынтымақтастықтың құрылуы мен дамуына зор ықпалын тигізеді», - деді ХКБ Бас хатшысы.
Қазақстанның Энергетика министрі Владимир Школьник, Париждегі «Болашақтың энергиясы» форумын аша отырып, қазір энергетикаға деген әлемдік көзқарасты талқылау үшін нағыз қолайлы уақыт екенін баса айтып өтті.
«Біз энергетиканың даму үдерісінде маңызды рөл ойнайтынын түсінеміз. Алайда қазылып алынатын отынды жағу барысындағы көмірқышқыл газының шығарындылары Жердегі климаттың өзгеруіне апарып соқтырады. Бұл әлем бойынша жүз миллиондаған адамдарға қауіп төндіріп, жергілікті, ұлттық және жаһандық тұрақтылықтың аса маңызды негіздерін бұзады», - деп атап өтті Энергетика министрі.
В. Школьниктің айтуынша, Қазақстан жаһандық энергетикалық проблемаларды шешуге арналған жауап шараларын қабылдау бойынша әлемдік қоғамдастықтың күшін біріктіруге көмектесу үшін, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің тақырыбы ретінде «Болашақтың энергиясын» таңдады.
БҰҰ (COP21) Климаттық конференция күндері өткен форум энергетика саласындағы сарапшылардың, саясатшылардың, кәсіпорындар мен трансұлттық компаниялардың, халықаралық ұйымдардың басшыларының, сондай-ақ Нобель сыйлығы лауреаттарының және басқа да әйгілі ғалымдар мен экономистердің басын біріктірді. Олар тұрақты энергетика саласындағы соңғы зерттемелер тақырыбындағы тұңғыш ақпараттарымен бөлісті.
Қатысушылардың қорытындылары мен ұсыныстары 2017 жылы халықаралық мамандандырылған көрменің, сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» павильон-флагманының аясында өтетін «Болашақтың энергиясы» негізгі форумының бағдарламасына енгізілетін болады. Форум «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің басты ерекшеліктерінің біріне айналатын болады және бүкіл іс-шара
бойында жалғасады. Ол технологиялар, саясат, инновациялық стратегиялар, нақты энергетикалық жобалар мен озық практикалар бойынша пікірталастардың, конференциялардың, сондай-ақ симпозиумдардың, тақырыптық апталардың және семинарлардың орнына айналады. Талқыға салынатын мәселелердің тізіміне энергетикалық революция, төмен көміртекті технологиялар, технологиялық шешімдердің жаңартылмалы көздері, энергияға жалпыға ортақ қолжетімділікті қамтамасыз ету және энергияның тиімділігі кіреді.
«Болашақтың энергиясы: СО2 қалдықтарын қысқарту» алғашқы халықаралық форумы 2014 жылғы қазанда Астанада өткен болатын. Ол «Болашақтың энергиясы» тақырыбына және: «жылыжай газдарының шығарындыларын қысқарту, энергия үнемдеуіш технологияларды енгізу және тұрақты энергияға жалпыға ортақ қолжетімдікті қамтамасыз ету» сияқты оның қосалқы тақырыптарына жасалып жатқан ғылыми-зерттеушілік жобалардың негізін қалады. Іс-шараға энергетика саласындағы 500-ден астам жетекші сарапшылар, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, мемлекеттік сектор өкілдері қатысты.
Париж қ., 9 желтоқсан 2015 ж.