«Астана ЭКСПО-2017» тұрақты энергетика құру үшін инновацияларды дамытуға жағдай жасайтын болады

Дата: 2016-03-19 03:10:16
«Астана ЭКСПО-2017» тұрақты энергетика құру үшін инновацияларды дамытуға жағдай жасайтын болады

Қазақстандағы «ЭКСПО» болашақ энергия көздері мен технологияларды дамыту кезінде ғаламдық инновациялардың ендірілуіне жағдай жасайтын болады, деп делегаттарға «Астана ЭКСПО-2017» басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов осы аптада өткен ЮНИДО Бас конференциясының 16-шы сессиясында уәде берді.

«Жаппай өркендеу үшін тұрақты индустрияландыруды» талқылау барысында сарапшылар панелі аясында сөз сөйлей отырып, Шорманов былай деді: «ЭКСПО-2017» әлемнің энергетикалық ресурстарды қалай одан тиімдірек және барынша аз зиян келтіре отырып, пайдалана алатынын көрсетіп береді. Онда болашақ заманның ең тиімді энергетикалық технологиялары, сонымен қатар бұларды ғаламдық деңгейде қолдану пайдасына келтірілген сендірерлік дәлелдер ұсынылатын болады».

Шорманов атап кеткендей: «Қазіргі уақыт бізге тоқталып, біздің энергетикаға деген қатынасымызды зер салып талдап шығу үшін ең қолайлы уақыт. «ЭКСПО-2017» дәл осымен айналысатын болады: алдымызда тұрған проблемаларды шешу, осы проблемалардың шешімдерін әзірлеу. «ЭКСПО»-да біз энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегияларды, бағдарламалар мен технологияларды зерделейтін боламыз, энергетикалық қауіпсіздік пен энергия тиімділігі мәселелерін қарастырып, жаңғыртылатын энергия көздерінің рөлін айқындайтын боламыз».

Жоғары деңгейдегі талқылау барысында «Астана ЭКСПО-2017» сияқты инновациялық орталықтардың тұрақты индустрияландыруды ынталандырудағы рөліне ерекше көңіл аударылды. Осыдан басқа, Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылған талқылауға Алматы қ. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту қорының бас директоры Санжар Кеттебеков қосылды.

Инновациялық орталықтар – бұл зерттеушілер мен кәсіпкерлер, сала өкілдері, үкімет пен академиктер арасында тікелей өзара әрекеттесуді және біліммен алмасуды қамтамасыз ететін қоғамдастықтар, жұмысқа арналған платформалар немесе ғылыми-зерттеу орталықтары.

Қазақстандағы «ЭКСПО» тақырыбы – «Болашақ энергиясы», ол елдің энергетикалық ресурстардың бүкіл әлемде пайдаланылуын одан тиімдірек әрі барынша зиянсыз етуге дайын екенін көрсетіп отыр.

2010 жылы Қазақстан «Жасыл көпір» атты экологиялық бастамасын бастап, ол қазіргі кезде халықаралық жобаға айналып отыр.

Аса ірі электр энергия өндірушісі әрі әлемдегі мұнай, газ бен уранның аса бай қорларының біріне ие болып отырған Қазақстан «жасыл» экономикаға көшудегі трансформация үдерісін іске асыруға кірісті. Тұрақты дамудың басқа мақсаттары арасында, Қазақстанның басты мақсаттарының бірі энергияның 50%-ын 2050 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінен алу болып табылады.

Делегаттар алдында сөйлеген сөзінде Шорманов: «Біздің көрмеміздің тақырыбы және оның Астанада 2017 жылы дамуы адамзат үшін климаттың өзгеруімен, энергия тиімділігін арттырумен және баршаның энергия көздеріне қол жеткізуін қамтамасыз етумен байланысты ғаламдық проблемаларды шешу үшін бар күшін біріктірудегі жаңа қадам болады деген ойдамыз» деп айтты. Сонымен бірге, «ЭКСПО-2017» көрмесінде ғылым мен білім тақырыптары да қозғалатын болады, ол дамушы елдер үшін баламалы энергия көздеріне көшу үшін қосымша түрткі болады.

«Қазақстан 2017 жылы баламалы энергия көздерінің саласындағы инновациялық технологиялар орталығы болып қана қоймай, болашақ энергиясының даму беталысын таңдаудағы басты бағдар болатыны біз үшін аса маңызды».

Астанадағы «ЭКСПО-2017»-ге 100-ден астам ел мен 10 халықаралық ұйым қатысып, іс-шараның өзі халықаралық павильондарға 2-3 миллион адам тартады деп күтілуде.

 

Вена қ., 1 желтоқсан 2015 ж.

Автор: №7 МГ