Тегеранда Иранның ЭКСПО-2017-ге қатысуы туралы шартқа қол қойылды
11.11.2015
2015 жылдың 9-10 қарашасында қазақстандық делегация Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рапиль Жошыбаев басшылығымен Иран Ислам Республикасына іссапармен келді.
Қазақстандық дипломат Сыртқы істер министрімен, Иранның туризмді дамыту жөніндегі вице-президентінің орынбасарымен, индустрия, тау-кен өнеркәсібі және сауда министрлігінің басшылығымен, сонымен қатар баламалы және жаңғыртылатын энергия көздері саласында маманданатын жетекші ирандық компаниялармен кездесулерді өткізді.
ИИР Сыртқы істер министрі Мухаммад Джавад Зарифпен сұхбат барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегі, ҚР және ИИР арасындағы екі жақты саяси ынтымақтастық және сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық әріптестік мәселелері талқыланды. М.Д.Зарифтің айтуынша, 2013 жылы Алматыда ирандық ядролық бағдарлама бойынша өткен келіссөз Иранның санкциялық режимнен шығуына алып келетін жол үшін және келіссөздердің бұдан әрі ілгерілеуі үшін негіз қалады.
Иранның вице-президентінің орынбасары Мортаза Рахманимен туризм саласындағы ынтымақтастықты бұдан әрі дамыту, визалық режимді жеңілдету, топтық туристік визаларды ендіру және алдағы уақытта екі мемлекеттің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тараптар топтық турпакеттер бойынша бірлескен жобалардың іске асырылуын және Қазақстанның Ирандағы туристік әлеуетін ілгерілетуді талқылады. М.Рахмани хабарлағандай, Иран Үкіметі Қазақстанды туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін басым елдердің тізіміне енгізген екен.
ИИР индустрия, тау-кен өнеркәсібі және сауда министрінің орынбасарлары Хуссейн Эсфахбуди мен Валиоллах Афхамимен кездесуде екі жақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың мәселелері, «жасыл энергетика» саласындағы ынтымақтастықтың келешегі және екі елдің бейінді мемлекеттік органдары мен компанияларының экономикалық байланыстарды дамытудағы ынтымақтастығы мәселелері қарастырылды. Тараптар «Қазақстан – Түркменстан – Иран» темір жолының іске қосылуы екі жақты және өңірлік сауданы дамытып, кеңейту үшін зор мүмкіндіктер ашатынын атап айтты. ИИР ЭКСПО-2017-де Секция комиссары болып тағайындалған Х. Эсфахбуди Иран көрмеде лайықты түрде ұсынылатынын айтты. Алтыншы ұлттық даму жоспарына сәйкес, Иран 5 ГВт электр энергиясын жаңғыртылатын энергия көздерінен өндіріп шығаруға қол жеткізуді көздеп отыр. Биыл ИИР үкіметі Ұлттық даму қорынан 500 миллион
евро сомасының жаңғыртылатын энергия көздеріне жұмсау үшін бөлінуін мақұлдады.
Иранға іссапары барысында Р.Жошыбаев және Х. Эсвахбуди Иранның ЭКСПО-2017-ге қатысуы туралы Шартқа қол қойды. Сонымен қатар «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ және «Teeba» және «Holiday Co» ирандық туроператорлары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Іссапар қорытындылары бойынша ҚР Ирандағы елшілігінде Иранда оқып жүрген қазақстандық студенттердің қатысуымен «ЭКСПО-2017» көрмесінің таныстырылымы, сонымен қатар ең ірі ирандық БАҚ өкілдері үшін баспасөз конференциясы ұйымдастырылды.