Размер шрифта:

ЧАС ПОЭЗИИ РОДНОГО КРАЯ

Дата: 2023-04-19 14:40:25
Туған жерім Балқашым жыр мекенім, 
Алыс кетсем аңсап саған жетемін
Шежірелі, сырға толы тарихыңды,
Бәрін оқып жырлап сені өтемін- демекші, қаламыздың туған күніне орай,  өнер мен өлеңді бір арнаға тоғыстырған , қазақтың қызы, жергілікті ақынымыз, поэтесса Бөлекова Мөлдір Иманғалиқызының 65 жас мерейтойына орай ұйымдастырылған “ Туған жерім-тұғырым” атты поэзия сағаты болып өтті. 
~~~~~~~~~~~~~
Сазгер, ақын, ұстаз, ана, немерелерінің сүйікті әжесі Мөлдір Иманғалиқызының өмірбаянымен таныстырыла отырып, бейнебаян көрсетілді. Ақын өз шығармаларының  шығу тарихына тоқталып, жаңа туындыларымен оқырмандарды таныстырды. 
Жыр сүйер оқырмандарымыз ақынның туындыларын жатқа оқыды. 
“ Әу бастан өлең жазамын деп ойладыңыз ба?”, “ Поэзияда кімді сүйіп оқисыз?”, “ Қазіргі поэзия мен прозаны қалай бағалайсыз? “ т. б. сынды балғын жүректерден шыққан сұрақтарға ақын апамыз шынайы жауап берді. 
Мөлдір апамыздың мерейтойына орай, С.Сейфуллин атындағы қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен оқырмандар арасында “Өлең өзі өріледі кеудемде…” атты өлең жолдарын арнау челленджі ұйымдастырылып, ақпараттық библиографиялық бөлімнің  басшысы Тускеева Мадина Қанатқызы алғыс хаттармен марапаттады.
~~~~~~~~~~~~~
Мөлдір Иманғалиқызы “Балқашым-бағым” әнінің шығу тарихымен таныстырып өтті. Балхаш қаласының мәдени-сауық орталығы КМҚК, Қуыршақ театры үйірмесінің режиссері Меруерт Нұрашқызы Утенова “Балқашым-бағым” әнін орындап берді.
Сырлы сұхбатқа толы болған әсерлі кеште жастар ақын өмірі мен шығармашылығымен, адами болмысы мен рухани әлемімен жақын таныса алды. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, ақын өлеңдерімен рухани сусындап қайтты. 
~~~~~~~~~~~~~
Поэзия ғашық жүректен туады. Қымбатты Мөлдір Иманғалиқызы- шабытыңыз Балқаш көліндей шалқи берсін, әуеніңізге бүкіл ел балқи берсін дегіміз келеді.