Размер шрифта:

"Тәуелсіздік күнделігі" жобасы аясында. Эссе.


Мен Әлихан Ибраимов - қазақ азаттығы үшін күрескер Ұлы қайраткер, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов атындағы 15 мектеп- лицейдің оқушысымын. Әлихан Бөкейхан атындағы төсбелгінің иегерімін. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде жас ұрпақтың жарқын кезеңде жақсы білім алуы үшін салынған 100 мектептің бірінің оқушысымын. Осы жылдар ішінде мектебіміз облыс, қала бойынша қаншама жетістіктерге ие болып, қаншама дарынды, өнерлі, білімді түлектерді қанаттандырып келеді. Әлихан Бөкейхандай ұлттың жанашыр ұлы болу - менің де жүрегімнің түкпіріндегі арман, мақсатым. Ата - анам да есімімді ырымдап қойған болар. Болашақта қай салада қызмет етсем де еліме, жұртыма тамшыдай пайдам тисе деймін. Сондай - ақ, қатарластарыма да соны айтамын. Бізде барлық мүмкіндіктер бар. Сол мүмкіндіктер мен жақсылықтарды ұстап тұру үшін бізге мықтылық керек. Кеудеме таққан Әлихан бабамның төс белгісін тағып жүру үшін де еңбек сіңіре білсем деймін. Кешегі совет дәуірінде аналарымыз әкелерімізден Лениннің суреті басылған значокті тағып ант қабылдағандарын естиміз. Ал Тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпағы өзінің Әлиханын, Ахметін неге жүрек тұсымызға жақын ұстап, неге біз сондай боламыз деп ант бермеске?!
Мен - Алаш арыстарының арманын жалғастырған егеменді елдің ұрпағымын. Елінің даңқын әлемге танытқан, Тәуелсіздік кемесін еркін ескен, бейбітшілік желкенін ғаламға желбіреткен, ұрпағынан зор үміт күткен, кері кеткендерге ағалық ниетпен ақыл-кеңес беретін басшысы бар, жеңістерге жеткендерді аялаған, халқының тыныштығын бұзғысы келгендерді аямаған елдің ұланымын.
Ең алғаш сенімсіз қадамдарды нық басуға үйреткен, жүзден астам ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жинаған, өткеніне үлкен құрмет, болашағына үлкен сеніммен қарайтын, басқаларға үлгі болатын Тәуелсіз елдің жалғасымын!
Мен осындай Тәуелсіз елдің ұланы болғанымды мақтан етемін!