«Жаныңда жүр жақсы адам»

14 сәуір күні «С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясы» КММ облыстық «Өнегелі өмір» жобасы аясында «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесу кеші өтті. Кездесуге келген қонақтар ұлттық мектебіміздің негізін қалаған,  «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздік қызметкері» Тлеуберген Нұраш Тұрысбекұлының мемориалдық тақтасына және күрескер ақын Сәкен Сейфуллиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етуден бастады. 
Тағылымды кездесудің басты қонағы мектебіміздің ардагер ұстаздары мен 2003-2013 жылдары мектеп директоры болған Қойбағарова Рыскүл Құсайынқызы өздерінің ұстаздық жолдағы дара да сара жолдарының сәулелі сәттерінен сыр шертіп, келелі әңгіме өрбітті. 
Мектептегі әр мұғалімді ізгілік пен адамгершілікке баулып, табандылықпен еңбек етіп, биік мақсаттар қоюға үйретіп, игі бастамалардың ұйытқысы бола білген Р.Құсайынқызына қала әкімі Қ.А.Камзиннің арнайы алғысхатын Балқаш қаласы әкімі аппаратының басшысы  Серіков Д.Б. табыстады. Сонымен қатар Р.Құсайынқызының шәкірті, қалалық білім бөлімінің басшысы Қ.Ш.Дүбірбекова өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, мектептің ардагер  ұстаздарына және білім мен тәрбиені таразының басындай тең ұстап жүрген ұстаздар қауымына алғысын білдірді. 
Өзінің қажыр-қайратын, еңбегін ұстаз тәрбиелеуге және мектеп басқаруға  арнаған ұстазға «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясы, «Алтын төсбелгісі» мен куәлігі табысталды. 
Кездесу соңында мектеп басшысы Манатаева Г.М. мектеп өмірінде есімдері алтын әріппен жазылатын ұстаздарға алғысын білдіріп, мектеп ұстаздары атынан естелік сыйлықтарын табыстады. 
Кеш жүргізушісі, мектебіміздің түлегі, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Қ.С.Аманқұлов және кездесуге онлайн-байланысқа шыққан мектебіміздің түлектері Сатбеков И.С., Ермағамбетов Е. М. әр ұстаздың ғибратқа толы ғұмырлары туралы сүбелі сөздері мен жылы лебіздерін білдіріп, Жанғұтты Д. әннен шашу шашты және мектеп оқушылар мен музыка пәні мұғалімі Абельдинов Т.С. өлеңдер оқып, әндерін арнады.
Өмірлері өнегеге толы ұстаздарымызға арналған кездесу өте тағылымға толы болды.
Дата: 17.04.2023, 15:18 Автор: №7 МГ