«Қариялар азайып бара жатыр…»

         

Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының 8А сыныбы сынып жетекшісі Әділбекова Айгүл Ажанқызының ұйымдастыруымен  «1 Қазан-Қарттар күнін» мерекелік шара ретінде атап өтті.   Мерекеде ата-әжелер қонақ ретінде күтілді. Қарияларымызға оқушылардың дайындаған аздаған концерттік бағдарламаларынан соң,барынша сый-құрмет көрсетілді.   Арасында тылда қызмет атқарған, спорт жолын қуған, партияда жұмыс істеген қарттарымыз да бар.   Солардың бірі Арқаның ардақты азаматы, ұстаз, белгілі спортшы, күрестен Қ азақстанның бірнеше дүркін чемпионы  Сағыжан Аманжолов атамыз өзінің өнегелі ғұмыры , «Өмір-өзен» атты кітабы жайлы әңгіме етті...

   -Туған жерім Балқаш көлінің Солтүстік жағасындағы Ағыбайдың Тасаралы.

Негізгі мамандығым - мұғалім. Партияда жұмыс істедім. Спорт жағында қазақша күрестен республикалық жарыстарда жеңістерге жеттім. Негізі спорт деген жақсы ғой, адамды тәрбиелейді. Ал кітапқа келсек... Бұл кітап өз өмірім, ата-ана, туған-туыс жайлы. Өзім оқығанда көзіме жас аламын. Кітаптың бірінші бөлімі-мен жайлы, ал екінші бөлімі-газет-журналдарға шыққан кездерім.    Атын қалай қоямын деп көп ойланып-толғандым. Спорт туралы ма, туған-туыс туралы ма?.. Содан соң өмір өзенімен ағып келе жатқанымызды ойлап «Өмір-өзен» деп қойдым. » - деп сыр шертті.

   «Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,

   Сағынышым-сары ормандай самсаған.

   Әке болып жүргенімді ұмытып,

   Әлі күнге еркнлеймін мен саған...»

дегендей, бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен аяулы ана, асыл әжелерге де сөз кезегі тиді. 80-ге келген Тоқтар әжеміз тылдағы атқарған жұмысы, өмірі жайлы , ал Төлтай әже мен Тишбала әжелеріміз жастық шақтары, естен кетпес қызықты оқиғаларын әңгімелеп берді. Соңында бастысы оқудын керек екендігін баса айтты. Ділда әжеміз кешіміздің соңында ән шырқап, қонақтардың көңілін бір серпілтті. Одан соң Умытчакова Гульмира Бөкенқызы, Алтынбеков Серік Абзалбекұлы сияқты ата-аналарымыздың демеуімен қарияларға сый-сияпаттар таратылды.    Қазақ халқымыз бұрыннан «Үлкенге құрмет»  деген қағиданы ұстанып келеді. Қазіргі шақта бұл ұмытылып бара жатқандай көрінеді... Бұл тәрбие сағатымыздан біздің аларымыз көп деп ойлаймын.

   Сарқылып бара жатқан ақылшы дарияларымызды құрметтеп, аялай білейік!

                                                                                                                                                          

Дата: 4.10.2012, 9:25 Автор: №7 МГ