Мектебімізде 2024 жылдың 18 қарашасында мектеп психологы Абдуалиева З.Н. жиында оқушыларға «Буллинг және кибербуллинг» тақырыбында ақпарат берді

     Мектебімізде 2024 жылдың 18 қарашасында мектеп психологы Абдуалиева З.Н. жиында оқушыларға «Буллинг және кибербуллинг»  тақырыбында ақпарат берді.Буллинг «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Буллинг — агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлауы, үстем екенін көрсетуі. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін.

Қоғамда «буллинг мектеп оқушылары арасында ғана болады» деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, қысқасы, барлық жерде буллингпен ұшырасуы мүмкін.

Буллинг деп көп жағдайда бір адамның бір адамды қорқытып-үркіткенін, қудалауын атайды. Ал құрбанға топ болып әлімжеттік  жасауды моббинг дейді.

Буллингтің негізгі төрт түрі бар. Олар: сөзбен қорқыту, күшпен қорқыту, реляцион түрі және кибернетикалық буллинг.

Буллингтің күш көрсету арқылы жүретін түрі адамның тәніне зиянын тигізеді, оның дүние-мүлкіне зардап әкеледі. Мәселен, иықпен қағып өту, ұру, төбелесу осы қатарда. Әдетте буллинг басқалай басталып, ақыр соңында күш көрсетуге алып келеді. Күш көрсету — өлімге апаруы мүмкін өте қауіпті буллинг түрі.

Сөз формасындағы буллингте адам ауызша айқаймен, дауыс көтеру арқылы және күліп, кекетіп-мұқату арқылы зорлық көрсетеді. Құрбанды қорлап, оның намысына тию, сыртынан ол туралы өтірік айту, өсек тарату, дөрекі сөйлеу, жәбірлеу сөз түріндегі буллингке кіреді.

Буллингті кейде әлеуметтік агрессия деп те атайды. Бұл – бір адаммен қарым-қатынас құру арқылы оған зиян келтіру, кемсіту. Қазір қорқытудың кибербуллинг деп аталатын түрі жиі ұшырасады. Кибербуллинг — интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе белгілі бір фото, видео жариялап, қорлауы мүмкін. Сонымен қатар, құрбанға зиян тигізу мақсатында ойластырылған арнайы тапсырыс аясында кибербуллинг белгілері байқалуы мүмкін.