Жұмбағы көп, сыры беймәлім Бектау ата
Бектауата – Сарыарқаның оңтүстігіндегі тау.
Географиялық орны
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында, Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 60 км жерде, ұсақ шоқылы-белесті жазықта орналасқан. Солтүстік-шығыстан оңтістік-батысқа қарай 7 км-ге созылып жатыр, ені 3 км, абсолюттік биіктігі 1213 м. Құбылтайөзек аңғары оны батысындағы Сарықұлжа (1082 м) тауынан бөліп тұрады.
Жер бедері
Бектауатаның беткейлері тік, жалтыр тақыр тасты, төбесі үшкірлеу келген. Пьезооптикалық минералдардың ұсақ кен орындары мен табиғи үңгірлер бар. Олардың ішіндегі ең ірісі – Бектауата үңгірі.
Геологиялық құрылымы
Тас көмір кезеңінің қызғылт граниттерінен түзілген.
Өсімдігі
Беткейлерінде өте сирек бұта мен селдір шөп өседі, тауаралық аңғарларында көктерек, тал, түрлі бұта кездеседі. Олардың 45 сирек кездесетін болса, 8-і Қызыл кітапқа енгізілген. Некен-саяқ елік, арқар мекендейді.
Бектауата үңгірі – Бектауата тауының оңтүстік-батыс беткейінде, Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 60 км жерде орналасқан. Ол биотитті гранит пен аплит тау жыныстарының жапсарындағы жіктің үгіліп, еріп бұзылуынан пайда болған. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Бектауата үңгірінің жалпы ұзындығы 45 – 48 метрдей. Үңгірдің аузы тау етегінен 80 – 100 м биіктікте орналасқан, оған тас қорымы арқылы көтеріледі. Алдында ұззындығы 6 – 7 м, көлденең 4 – 5 м тегіс ашық алаң бар. Үңгірге кірер қуыстың биіктігі 3 метрдей, ені 1,5 м, одан әрі ені 2 – 2,5 метрге дейін кеңейеді, табаны 15 – 16 метрге дейін тегіс, одан әрі сәл көтеріңкі, сонан соң төмендейді. 29 метрден әрі үңгір түбін тереңд. 1,5 метрдей көлшік алып жатыр. Үңгір бірте-бірте жоғарылап, ені 1,5 метрге дейін тарылады. Жоғарғы жағы мұржа тәрізді дөңгелек тар тесікке айналып жер бетіне шығады. Суы мөлдір, өте салқын, түбі лай. Су деңгейі бір қалыпта сақталады. Ертеректе Бектауата үңгірі ауру адамдар, бала көтермейтін әйелдер басына түнеп, құрбан шалып, құдайдан тілектерінің орындалуын сұрап жүретін орын болған. Кейін туристерді қызықтыратын мекенге айналған.