Жадынама Баласының сеніміне кіру үшін ата-анаға қажетті кеңестер.
21-09-2021 11:55

Құрметті ата – ана!

         Қазақ  халқы дүниеге жаңа келген баланы періштеге теңеген. Ал сол баланың қандай болып ер жетуіне ең алдымен ата-ана тәрбиесінің ықпалы күшті екені жасырын емес. Ата-ана тәрбиесінің өз жемісін беруі, баланың тәрбиелі болып ер жетуі көп жағдайда бала мен ата-ана арасында өзара сенімнің болуына байланысты.

          Сондықтан төменде берілген кеңестерге назар салыңыз!

          -Балаңызға қандай жағдайда болса да көмек сұрап келген кезде көмектесуге әзір болыңыз;

          -Мектепте күнделікті болып жатқан оқиғалар туралы балаңыздан сұрап біліп отырыңыз;

          -Балаңыздың бойындағы, көңіл – күйіндегі өзгерістерді үнемі бақылап жүріңіз;

          -Әр түрлі шешімі қиын мәселелерге байланысты пайдалы ақыл кеңестер беруге тырысыңыз;

          -Балаңыздың жас ерекшеліктерін ескеріңіз, балаңызға кеңес бермес бұрын мектеп психологынан немесе класс жетекшісінен кеңес алып, тығыз байланыста болыңыз;

          -Балаңыздың  достарының  қандай екенін ертерек анықтаңыз;

          -Балаңызды  мектепте және мектептен тыс уақыттағы тәрбиесін үнемі қадағалап отырыңыз;

          -Балаңыздың болашағына – отбасындағы тәрбиенің елеулі әсер тигізетінін ұмытпаңыз;

           -Балаңызға берген уәдеңізді әрқашанда орындаңыз

 

Жадынама

             Егерде сен қиын жағдайға тап болсаң!

      Құрметті оқушы!

          Өмір жолы - қиын жол. Сол жолда адам баласы сан қилы қиындықтарды басынан өткеріп, оларды ерік – жігерін жұмылдыра отырып еңсеруге тырысады. «Алынбайтын қамал жоқ» демекші адамның сол қиындықтарды жеңуге өз тарапынан құлшынысы, ұмтылысы болса, бәрін де жеңіп, алдына қойған арман – мақсаттарына жетуге ерік- күші толық жетеді. Бұл қиындықтар күнделікті өзіңді қоршаған адамдармен (ата-ана, достарың, мұғалімдер, өзге де ересек адамдар) қарым – қатынаста кездесетін келіспеушіліктер, дау- жанжал, т.б. жағдайлар болуы мүмкін.

          Сондықтан төменде берілген кеңестерге назар аударған жөн!

          - әрбір баланың ең бірінші ақылшысы  - ата –анасы. Сол себепті мектепте болатын түрлі жағдаяттарда өз – өзіңді қалай ұстау жөнінде ата-анаңмен ақылдас;

          - мұғалімнің берген ескертулерін, жазалау шараларын түсіністікпен қабылдап, өз кемшіліктеріңді жоюға тырыс;

          - мектепте сыныптастарыңмен, өзге оқушылармен, мұғалімдермен сыйластық қарым – қатынаста болуға тырыс;

          - себепсіз пәле-жаладан өз – өзіңді қорғау үшін әр уақытта да шыншыл бол, өз ойыңды еркін айта біл, өз құқығыңды қорғай біл;

          -  мектепте жүрген кезіңде шешімі қиын мәселелерде саған ақылшы болатын, көмек қолын созатын мұғалімдер, сынып жетекші, мектеп психологі бар екенін есіңде ұста;

          - қандай қиын кедергілерге кездессең де оны жеңуге болатынын біліп, ерік- жігеріңді соған жұмылдырып, жоюға тырыс;

          - «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей өзінің кездескен қиындықтарыңды шамаң келгенше өзің қажет деп тапқан адамдарыңмен бөлісіп, олардан ақыл – кеңес, көмек сұрауға тырыс.