Размер шрифта:
1 сынып білім алушыларының ата-аналарына арналған жадынама
17-09-2021 14:08
1 сынып білім алушыларының ата-аналарына арналған жадынама

 

Мен мектепке барамын...

 

«Балаңыз теріс қылықтар жасап, айтқаныңызды жасамаса, бала СІЗДІҢ МАХАББАТЫҢЫЗ бен МЕЙІРІМІҢІЗГЕ зәру деген сөз»

 

(поляк педагогы, жазушысы Януш Корчак).

Балаға айтқан әр сөзіміз өмір бойы оның есінде сақталатынына, мінезінің қалыптасуына әсер ететініне кейде мән бере бермейміз.

 

Сіздің балаңызға керек нәрсенің ең маңыздысы бұл СІЗДІҢ ЫҚЫЛАСЫҢЫЗ. Оған көңіл бөліп төменде көрсетілген кеңестерді жиі айтуға тырысыңыз. Сонда бала мен сіздің араңыз бұрынғыдан да жақындай түседі. Балаңыздың мектепке тез бейімделуіне көмектесесіз.

«Мен сені жақсы көремін!»

Балаңызға оны жақсы көретініңізді жиі айтыңыз.

Балаға өзінің керек екенін сезінуіне мүмкіндік береді. Өзіндік бағалауын көтереді. Балаңыз өз сезімдерін ашық жеткізе алуды үйренеді.

Сенің қолыңнан бәрі келеді, мен саған сенемін!

 

Балаңызға уақыт бөліңіз, онымен сөйлесіңіз. Ата-анамен арадағы әңгіме баланы қанаттандырады. Өзіне сенімділігін арттырады. Сіздің қолдауыңызды сезеді.

Бүгінгі күнің қалай өтті?

Сіздің өзіне деген, мектептегі өміріне деген қызығушылығын сезеді. Егер оның ренжіп тұрғанын көрсеңіз, кейінірек оның мазасыздығының себебін жайлы әңгіме барысында білуге тырысқаныңыз дұрыс. Есіңізде болсын: Бала үшін бір нәрсені істей алмау, бірдеңені білмеу –бұл қалыпты жағдай. Ол сол үшін де бала – бұл үшін кінәлауға болмайды. Кіналау баланың өз өзіне деген бағасын түсіреді. Өзіне деген сенімділікті жоғалтады. Баланың қателесуге құқығы бар.

 

 

Мен сені мақтан етемін!

Оның жетістіктерін айтыңыз, мақтауға сараң болмаңыз, міндетті түрде оның әрбір жұмысында мақтауға болатын нәрсе табыңыз. Есіңізде болсын: мақтау мен эмоционалдық қолдау ( «Жарайсың!» , «Сондай жақсы орындадың!», «Сен өте керемет баласың!» ) баланың зияткерлік жетістіктерін арттырады. Бала назарын қателіктеріне емес, жетістіктеріне аударуға тырысыңыз.

 

Кел, құшақтасайық!

Балаңызды жиі құшақтаңыз (кем дегенде күніне 4 рет). Құшақтасқан кезде бала эмоционалды және физикалық тұрғыда ата-анасымен жақындықты және өзін қауіпсіз сезінеді. Бала мен ата-ана арасында сенімділік орнайды. Ол сырын, құпиясымен еркін бөлісе алатынын сезе алады. Өзін мазалап жүрген ойлармен бөлісе алады.

Сен ақылдысың!

 

Оның жақсы ісін мақтап, оның бойындағы қасиеттерін айту. Кез келген баланың бойында туа берілген қабілеті болады. Қабілетін ашып, оның жұлдыздай жарқырауы үшін сіздің сеніміңіз бен мақтауыңыз ауадай қажет.

Рахмет!

Сізге көмектескені үшін, басқа да жақсы қылықтары үшін СІЗ өзіңіз оған алғыс айтыңыз. Бала міндетті түрде сізді қайталайды. Алғыс айтуды үйренеді