Размер шрифта:
↑
Балқаш қаласының Бауыржан Момышұлы атындағы мектебінде профилактикалық кездесу өтті
05-10-2026 13:00

Балқаш қаласының Бауыржан Момышұлы атындағы мектебінде профилактикалық кездесу өтті

2026 жылғы 15 қыркүйек күні «Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ-де 7–11 сынып оқушыларының қатысуымен профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге Балқаш қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері — полиция капитаны Н.А. Коразбаев пен полиция майоры Е.Д. Саматов қатысты.

Кездесу барысында жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру мәселелері кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, жол қауіпсіздігі, мотоцикл, мопед және самокаттарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері, кибербуллингтің алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты маңызды талаптар айтылды.

Сонымен қатар оқушыларға есірткі заттарының және психобелсенді заттардың зияны, нашақорлықтың адам денсаулығына, өміріне және болашағына тигізетін кері әсері түсіндіріліп, есірткіге тәуелділіктің алдын алу, күмәнді ұсыныстардан бас тарту және қауіпті ортадан аулақ болу жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кездесуде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта, яғни 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілінсіз жүруіне жол берілмейтіні қатаң ескертілді.

Сондай-ақ қазіргі уақытта қала көлемінде өтіп жатқан «Назар аударыңыздар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы және «Жаяу жүргінші» профилактикалық акциясы туралы ақпарат беріліп, жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі атап өтілді.

Кездесу соңында оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау және салауатты өмір салтын ұстану жөнінде маңызды кеңестер берілді.

Абайлаңыздар, балалар! Қауіпсіздік – басты назарда! Салауатты өмір салтын таңдап, есірткіден аулақ болайық!