Наурыз мерекесімен құттықтау

Date: 2023-04-19 09:06:30
Наурыз мерекесімен құттықтау

Наурыз көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамы ретінде бағзы замандардан тойланып келеді . Бұл мерекенің дінге, не болмаса жекелеген ұлттарға еш қатысы жоқ.

Адамзат өзін табиғаттың төл перзенті деп санайды. Табиғаттан  құдіретті не бар дейсің. Адамдар табиғатқа тәуелді. Біздерге жарық күн, кең дала, асқар тау, жасыл орман, айдын көл... сыйлағаны үшін де оның алдында қарыздармыз.

Сол жарықтық табиғаттың түлеп, жаңаратын шағы – осы Наурыз. Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі ииді. Аспан денелері ең бастапқы нүктелерінде тоғысады. Күн мен түн теңеледі. Жан-жануарлар төлдерін өргізеді. Жер үстіне тілмен айтып жеткізгісіз керемет бір шаттық орнай қалады. Наурыз деп отырғанымыз, Жаңа күн деп жар салатын қуанышымыз – осы.

Өзіңіз ойлаңызшы, баршамызды бауырына басып, сұлулыққа, көркемділікке, тазалыққа ұмтылдырып отырған Табиғатымыз жаңарған, жайнаған, нұрланған сәттен артық Ұлы күн, аяулы күн бар ма екен, сірә?!

Наурыз – жылдың алғашқы  күні. Түптен келгенде, біздің нағыз Жаңа жылымыз осы Наурыз болуы қажет...  Түбінде осы мерекеге келуіміз керек. Бұл халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі болып саналады.

Төбесі көрініп тұрған жақсылықты лайықты қарсы алу, осыған мәз-мейрам әзірленудің өзі ғанибет. Тойдың болғанынан боладысы қызық. Той болғандай қандай той – Наурыз тойы!

Санаулы күндерден кейін Әз Наурыз дүние есігін ашады. Тарих қойнауына тағы бір жылымыз жол тартып, тағы бір жыл табалдырықтан аттайды. Жаңа күн төңірекке нұр-шапағатын төгеді. Жер бетіне жақсылық ұялаған күнді қарсы алайық.

Author: School №9