«Патриоттық тәрбие – тәрбиенің басты бағыттарының бірі»

Дата: 2017-10-03 18:47:51

«Патриоттық тәрбие – тәрбиенің басты
бағыттарының бірі»

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» деп атап көрсетті. Осы орайда,  білім беру саласының алдында үнемі тұратын аса өзекті, маңызды міндеттердің бірі -  жас ұрпақты Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу екені айқын. Ел Президенті сонымен қатар отансүйгіштік туралы «Патриотизм - санаға біртіндеп қалыптасатын, тынымсыз тәрбиенің нәтижесінде орнығатын ұлы сезім. Әркімнің өскен ортасына, қалыптасқан қоғамына қарай түрліше дамып, алуан сатылы деңгейде болатын, үздіксіз тәрбиенің жемісі» деген болатын.Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие, құқықтық тәрбиеҚазақстан Республикасының білім беру жүйесінің тәрбие тұжырымдамасында басым бағыттардың бірі болып  бекітілуі де бекер емес. Шынында да, ұлтқа деген сүйіспеншілігі жоқ адамнан адамгершілікті де, сұлулықты да, мәдениетті күтуге болмайды. Ендеше, патриоттық тәрбие  — тәрбиенің басты бағыттарының бастауы десек, қателеспейміз.

 Жас жеткіншектерге әскери-патриоттық  тәрбие берудегі жалпы білім беретін орта мектептердің маңызын өз алдына  жүйе деп қарастыруға болады.     Бұл ретте әскери дайындықтың бастапқы сатысы жалпы білім беру стандарттарында 10-11 сыныптарында қарастырылғанымен, ол жеткіліксіз. Жас жеткіншектердің  интеллектуалдық, мәдени, физикалық және адамгершілік қасиеттерін дамыту,  жасөспірімдерді әскери және азаматтық тұрғыда Отанға қызмет етуге дайындауға негіз қалау осындай бағытта жұмыс істейтін арнаулы оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердің жекелеген сыныптарында іске асырылады. Жалпы білім беретін мектептің құрылымы ретінде  ұлан сыныптарын   құру – әскери-патриоттық тәрбие берудің аса ұтымды моделі. 2012 жылдан бастап   қаламызда осы бағытта ашылған ұлан сыныптарындағы жұмыстың оң нәтижесі  бүгінде айқын.

 2016-2017 оқу жылында  ұландар сыныбының  бағдарламасы ресми түрде бекітіліп, бүгінде эксперименталдық алаң  ретінде жұмыстар жүргізілуде.

Эксперименталдық бағдарлама мақсаты – жасөспірімдерді Ұлттық сана сезімі оянған, мемлекеттің саясатын жоғары құрметтейтін, әскердің қоғамда алатын орнын білетін, ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, эстетикалық талғамы жоғары, темір тәртіпті, қиындықтарды  жеңіп шығатын, елінің патриоты болатын тұлға  етіп тәрбиелеу.       

         Бүгінде ұландар қатарына қосылып, әскери тәрбие алуға ниет білдіргендердің, мамандандырылған мекемеде оқығысы келетіндердің саны жыл сайын арта түсуде.   Бірнеше жылғы тәжірибе көрсеткендей, ұландар  сыныбының   тиімділігі - жасөспірімдер ерте кезден бастап өздерін қоғамға қалыптастырып, дамуы үшін жұмыс жасайды, өзінің қандай салаға бейімді екенін анықтайды, психологиялық, физикалық дайындығын жетілдіреді, сабақтан тыс уақытта өзіне  пайдалы істермен айналысады, шыдамдылық дағдысы қалыптасады, еліміздің  Қарулы Күштерінде қызмет етуге дайын болады.

           Ұлан сыныптарының оқушылары мемлекеттік білім стандартымен анықталған негізгі орта білімнің жалпы білім беретін бағдарламасын және    оқушыларды әскери бағытта дайындайтын  қосымша  бағдарламаны меңгереді.  Қосымша бағдарламаларнәтижесінде ұлан сыныптарының оқушылары әскери тәртіп дағдысын алып,  әскери саппен жүруді толық меңгереді, заманауи деңгейде саптық дефиле жасауға машықтанады.    Қазақстан Қарулы күштерінің құрылымы, тарихы туралы мәліметті меңгереді.  Салауатты өмір салты берік ұсталынып, күшейтілген түрде дене даярлығымен шұғылданады, әрқайсысы спорттық секцияларға қатысады.  Сонымен бірге эстетикалық тәрбие де тыс қалмай, этика, хореография сабақтары да қамтылады.

Ұландар сыныбының жұмыс  нәтижесі бағдарлама негізінде жасалынған  мониторинг  жүйесі бойынша бағаланып, қорытындысы шығарылып отырады.

         Ұландар сыныптары үшін салтанатты түрде ант қабылдау рәсімін, Ұландар балын ұйымдастыру бірнеше жылдан бері мызғымас дәстүрге айналған. Екінші жыл қатарынан 9 сынып бітірген ұландар үшін «Соңғы қоңырау» салатанаты ерекше өткізіледі. Мұндай шаралардың өзі ұландардың өз статустарына деген мақстаныш сезімдерін нығайта түседі. Ұландар барлық қалалық салтанаттар мен патриоттық шаралардың  бел ортасында жүреді. Мұнымен қоса, бірнеше жылдан бері мектеп ұландары облыстық деңгейдегі шараларға белсене қатысуда. Екі жыл қатарынан ұландар облыстық «Ең үздік кадет сыныбы»  конкурсында жүлделі екінші орынға қол жеткізілді.

Ұландарымызға патриоттық тәрбие берудің нәтижелілігін арттыруда әлеуметтік серіктестіктің ролі ерекше екендігін айта кету керек. №31765, 53898 әскери бөлімдерінде  ұландар тұрақты экскурсияларда болып тұрады, «Боевое братство» қоғамдық ұйымымен байланыс негізінде ұландар үшін далалық жиын ұйымдастырылады. «Әскер» қоғамдық ұйымымен келісім жасау арқылы парашютпен секіру негіздері оқытылады, соның нәтижесінде 4 оқушы Қарағанды, Балқаш қалаларында ұшақтан парашютпен секіріп, сертификаттарға ие болды. Оқушылар сарайымен меморандум жасасу негізінде ұландар «Робототехника», «Судомоделирование» үйірмелерінде айналысады. Ұландар тәрбиелеудегі басты проблемалық мәселе – қосымша бағдарламаларды енгізуге вариативтік бөлімнің сағаттарының аздығы болса, осы серіктестік негізінде аталған проблеманы жеңілдете алдық деп санаймын. Жаңа оқу жылында бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасын табатын болады.

         2014 жылдан беріҚарағанды қаласының №58 мектебімен өзара байланыс туралы меморандум жасалып, тәжірибе алмасу жолға қойылса, биылғы жылы Т. Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» мектебімен келісімге қол жеткізілді.   Мамандандырылған «Жас ұлан» мектебімен орнатылған байланыс  ұландар тәрбиесін жетілдіріп, жұмыстың жаңа формаларын енгізуге себеп болады деген ойдамын.

         Жергілікті әкімдік пен білім бөлімі басшылығының назарда ұстауы арқасында 2016-2017 оқу жылында  Ұлан сыныптарына арналған материалдық база біршама жақсарды,  педагог-ұйымдастырушы лауазымы енгізілді. 8 оқушыға  «Балдәурен» сауықтыру орталығында  демалуға жолдама берілді, онда өткізілген  шараларда да ұландар жоғары белсенділік танытып «Патриот» медалімен марапатталып қайтты.

 Ұландық тәрбие берудің тиімділігінің басты көрсеткіштерінің бірі -        ұландар тарапынан құқық бұзушылыққа  жол беру жағдайларының болмауы дер едім.  Алайда,   мінез-құлқында қиындық кездесетін, әскериленген тәртіпке шыдай алмайтын оқушылар болып тұрады.  Мұндайда оқушылармен алғашқы әскери дайындық жетекшісі, сынып жетекші, ата-ана, психолог, әлеуметтік педагог жұмыс түрлерін біріге жоспарлап, жүйелі түрде  жұмыс жүргізіледі. Тағы бір ерекше көңіл аударатын жағдай - ұлан сыныптарындағы оқушылардың %-ы   көп балалы немесе толық емес отбасылардың балалары.  Әсіресе, тек аналары тәрбиелейтін отбасылардың балаларының ер  мінезді болуына ықпал етудің маңызы зор. Мұндай оқушылар ұлан сыныптарының  күн тәртібіне  бейімделіп, бойларында ер балаға тән  жауаптылық қалыптасып жатады. Осы орайда ұлан сыныбында қаламыздағы балалар үйінің  тәрбиеленушісі Есілбеков Темірланның оқып жатқанын да айта кету керек.  Мектеп ол оқушының келешегі әскери мамандықпен байланысты болуы үшін өз мойнына жауапкершілік жүктей отырып, осы мақсатқа жету үшін бар мүмкіндікті қолданатын болады. Бүгінде Темірлан да басқа ұландар сияқты өзінің ұландық статусын зор мақтан етеді, әр түрлі қиындықтарға қарамастан ұлан атауына лайық болуға тырысады және алдына нақты мақсат қоя біледі.

Ұландардың жауапкершілігі мен  ұйымшылдық қасиеттерін  байқаған  ата-аналар  балаларының  ұлан сыныбынан үйренгендігі көп екенін айта келе жағымды пікірлерін  білдіреді.

           Ұлан сыныптарының  білім алушыларын патриотизмге тәрбиелеу  іс-тәжірибелерінің нәтижелеріне сүйене отырып, біз патриотизмге тәрбилеу – білім алушылардың нақты іс-әрекеті, мінез-құлқын ұйымдастыру, оған бағыт беруді негізге алу керек деп ұйғардық. “Қоғамда Қазақстан - біздің Отанымыз, бұл ұғымға өте көп нәрсе кіреді деген қарапайым ойды қалыптастыру керек” – деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі терең ойдан туындаған пікір екенін әрқайсымыз жақсы түсінуіміз қажет.

      Қорыта айтқанда, білім алушылармен осы жоғарыда баяндалғандай тағы да басқа әдістерді қолдана отырып, білім алушының көкейіне осындай іс - әрекеттерімен ой сала білсек, үлгі көрсетсек заманға сай, қоғамға керекті азамат отансүйгіш, елсүйгіш азамат елге қызмет ететін азаматтар тәрбиелейміз деп сенемін.