Білімдегі жетістік – инновациялық дамудың қайнар көзі
Дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесі - өткен оқу жылына есеп беріп, жаңа оқу жылындағы міндеттерді айқындайтын маңызды зияткерлік бас қосу. Биылғы жылғы облыс, қала педагогтарының тамыз кеңесі «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» тақырыбымен өтті. Бұл – шын мәнінде аса өзекті, болашақ үшін аса маңызды тақырып. Себебі, біздің тәуелсіз, жас мемлекетіміздің басты даму бағыттарының бірі – қазіргі білім мен ғылымды жоғары, әлемдік стандарттарға сай деңгейге көтеру болып отыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың білім саласын ерекше назарда ұстап, оны – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде көрсетуі де сол мақсатқа жетудің кепілі деп білеміз.Бүгінде Қазақстанның білім беру парадигмасы ҚР Конституциясы, “Қазақстан – 2030” стратегиялық бағдарламасы, білім беру саясаты, заңдар мен ресми құжаттарды терең талдау нәтижесінде қалыптасып келеді.
Қазақстандық білім беру жүйесінде соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер орын алуда. Осы үрдерістерді жүзеге асыру білім беру мен тәрбиелеу жүйесінің орталық нысаны ретінде мұғалім қызметінің сапасына тікелей байланысты. Педагогикалық қызмет шығармашылық сипатқа ие, себебі ол мұғалімге жүктелген міндеттердің күрделілігі мен жан-жақтылығына, нақты педагогикалық жағдайлардың әралуандығына, педагог пен оқушының тұлғалық ерекшеліктеріне негізделген.
Педагог жұмысы – білімнің, жауапкершіліктің қандай да бір мәселені шешуге қатысудың, білім беру технологияларын меңгерудің, еңбекке деген дұрыс қатынастың, белгілі нәтижеге қол жеткізудің негізінде қалыптасатын ауқымды еңбек.
Инновациялық оқу орындарының, әртүрлі деңгейдегі білім беру бағдарламаларының, педагогикалық технологиялардың пайда болуы, білім беру үдерісінің саралануы мұғалімдерді педагогикалық жетістіктерді талдау мен бағалауға мәжбүрлейді. Мұғалімнен үнемі өз жұмысына шығармашылық элементтерін енгізу машықтары, оқу тәрбие үдерісінде туындайтын мәселелерді шешудің сауатты тәсілін қолдану талап етіледі Осы жағдайларға байланысты жаңа заман педагогі өзінің қызметін ғылыми тұғырда саралауы, зерттеушілік жұмыс дағдыларын меңгеруі тиіс.
Педагогтің шығармашылық белсенділігі – бұл оқу-тәрбие үдерісінде түрлендіргіш қызметке және тұлғаны дамытуға ықпал етуші стандартты емес шешімдерге ұмтылуы.
Шығармашылық педагогтерге қолдау көрсету жұмыстың нәтижесіне ықпал етеді, себебі кез-келген мектепте білімді, бәсекеге қабілетті оқушыны тәрбиелеу ұстаз еңбегінің жемісі болып табылады. Мұғалімнің өзін-өзі жетілдіруін, жаңашылдықтар мен тәжірбие алмасуға деген талпынысын мектеп басшылығы ұйымдастырады, ал мұғалім осыларды жүзеге асыруға ұмтылады.
Еліміздің, облысымыздың, қаламыздың осы тұрғыда алға қойған мақсаттарын орындау жолында біздің мектеп ұжымы да өзіндік үлесін қосып келеді. Мектепте өткен оқу жылында 78 мұғалім жұмыс жасады, олардың 34-і жоғары және бірінші санатты, 40-ы екінші санатты, 4-і санатсыз. 6 мұғалім 3 деңгейлі, 1 мұғалім 1-ші деңгейлі курста білімін жетілдірді. 9 бірлестік жұмыс жасады. Алайда, бірлестіктердің көптігі өз нәтижесін бермеді. Оны мектептің білім сапасының төмендігінен де байқаймыз. (42,6 – 2,4 пайзға төмен). Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша жасалған талдау көрсеткендей, политехниалық пәндер бойынша (математика, физика, химия) білім сапасы төмен болды. 8 сыныптарда сапа көрсеткіші тым мардымсыз.
Өткен оқу жылындағы жақсы көрсеткіштердің бірі – қалалық олимпиадада қатысқан 30 оқушының 19-ы жүлделі орын алуы, алайда, 1-ші орынға шығып, облыстық олимпиадаға қатысқан оқушы болған жоқ. Шығармалар сайысына қатысқан оқушылар төмен деңгей көрсеткен. Шығармашылық жобалармен айналысатын оқушылар өте аз. Бұл – мектептегі ғылыми-ізденстік, шығармашылық жұмыстың аса төмен деңгейде екендігін көрсетеді.
Арнайы топ құрылғанына қарамастан ҰБТ-ге дайындық өз дәрежесінде жүргізілген жоқ. Орташа бал өткен жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға жоғары болғанмен (66,8), нәтижесінде 4 оқушы «2» бағасын алды. 13 оқушы 4 пән бойынша, 3 оқушы 5 пән бойынша шекті деңгейден төмен балл алды. Бұл – мектеп беделіне орасан нұқсан келтірген, баршамыздың жұмысымыздың аса төмен деңгейде екенін байқатқан көрсеткіш.
Есесіне құқық бұзушылық жоғары деңгейде, жаз айларында 5 оқушы түнгі мезгілде ата-ана қарауынсыз жүргені үшін тіркелген.
Айтылған мәселелер бойынша қосымша баяндамашылар толығырақ тоқталатын болады және жаңа оқу жылында осы бағыттаға кемшіліктерді жою жолдарын ұсынады.
Әрине мектеп алдында жаңа оқу жылында жаңа міндеттер тұр. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа қарым - қатынасқа өту қажеттігі туындайды
Білім берудің жаңа парадигмасы – жаңа өркениеттік бағдар тұрғысында, мемлекеттік стандарттарға сай, жан - жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған, интеллектуалдық білім орталығы ретіндегі инновациялық мектепте ғылыми - әдіснамалық негізделген білім берудің концептуалдық моделі.
Білім беру дағдарысына талдау жасау бүгінде ең алдымен адамның шығармашылық мәні мен руханилықты дамытуға бағытталған жаңа білім беру парадигмаларын жасау қажеттілігін түсінуге алып келді. Бұл ретте білім беру практикасының негізгі міндеттері табиғат пен қоғамның заңдарын оқыту ғана емес, сонымен бірге, әлемнің шығармашылық тұрғыдан қайта жасалуының гуманистік әдіснамасын меңгеруге көмек беру және «адам - табиғат - қоғам» жүйесіндегі қарым - қатынастарды үйлесімді ету болып отыр. Мұндай міндеттерге жету үшін адамның шығармашылық әлеуетін сақтау мен дамыту болып табылатын инновациялық білім беруді жолға қою қажет.
Біздің жұмысымыздың басты нәтижесі – еліміздің жарқын болашағы болып табылатын жастар тәрбиелеу. Білімдегі жетістік – ғылымдағы жетістіктердің, ал ғылымдағы жетістіктер – инновациялық дамудың қайнар көзі.
Сапасы жоғары білімі бар ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет бола алатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Зияткерлік ұлт болып қалыптасуымыздың негізі де сапалы білім алған ұрпақ екені даусыз.
Ендеше жаңа оқу жылында толағай табыстар тілеймін!
«Ұстаздан озатын» шәкірттеріңіз көп болсын!