Профессиональная компетентность и новые технологии

Дата: 2014-03-25 06:32:40
Профессиональная компетентность и новые технологии

Еліміздегі қоғам дамуының барлық саласындағы өзгерістерге орай білім саласы да жаңаруда. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және жалпыадамзаттық мәдени құндылықтар негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасау» делінген. Осы міндеттерді жүзеге асыруда басты нысана – білім сапасы. Ал білім сапасы мен педагог маманның құзырлылығы тікелей байланысты.Белгілі бір саладағы құзырлықты меңгерген тұлға ретінде  өз саласына сәйкес білім мен біліктілікпен қаруланған,  қандай да бір негізі бар ой-тұжырым жасайтын және тиімді әрекет ете алатын адамды есептеуге болады.   Қазақ тілінде «құзыр (компетенция)» ұғымының мән-мағынасын анықтауға бағытталған мәселелер ғылыми-әдістемелік басылымдарда, білім саясатын анықтайтын құжаттарда және әлеуметтік, философиялық, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерде жиі қолданылады.      Құзырлық – алған білімін пайдалана білу қабілеті;  қабілеттер мен шеберліктерін меңгере білу; әлеуметтік даму деңгейіне сәйкес келетін және қоршаған ортаның әсер ету факторларына төтеп бере алатын тұлғаның интегративті қасиеттер жиынтығы. 

         Білім беру нәтижесі екі тұрғыдан қарастырылады. Біріншісі – нақты білім беру жүйесі арқылы алынатын және білім беру стандарты формасында тіркелетін нәтиженің бейнесі. Қазіргі замандағы білім беру стандарттары -оқытудың белгілі бір курсын өту үстіндегі адамның тұлғалық сапасына, оның білімі мен икемділігіне қойылатын талаптарды қамтиды.   Екінші тұрғыдан, білім берудің нәтижесі - бұл белгілі бір білім беруші жүйеде оқытудан өткен адамның өзі. Интеллектуалды, тұлғалық, мінез-құлықтық қасиеттерінің қалыптасқан жиынтығы ретіндегі оның тәжірибесі оған кез-келген жағдайда  әрекет жасауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдан білім берудің нәтижесі білімділік болып табылады, ол жалпы және кәсіптік-мазмұнды бола алады.

Біліктілік – адамның қандай да бір кәсіби- еңбек қызметін орындауға деген дайындық деңгейі немесе біліктілік – кәсіпті меңгеру деңгейі.   Кәсіби оқытушы  құзырлығы жоғары, әлеуметтік тұрғыдан жетілген, әдіс-тәсілдерді меңгерген, шығармашылықпен жұмыс істейтін, өзін-өзі кәсіби жетілдіруге ұмтылған маман.   Педагогикалық іс-әрекеттің дамуының жоғары деңгейі мынада – педагог өзін-өзі дамыту механизмдерін қалыптастыруға мақсат қояды және оқушыларға   өз қабілет-қарымы бойынша даму бағыттарын ұштайды.

         Қорыта келгенде,     құзырлық – алған білімін пайдалана білу қабілеті; болашақ таңдайтын мамандығына қатысты қабілеттер мен шеберліктерін меңгере білу; әлеуметтік даму деңгейіне сәйкес келетін және қоршаған ортаның әсер ету факторларына төтеп бере алатын тұлғаның интегративті қасиеттер жиынтығы.    Іс-әрекетін бағдарлау педагогтың интеллектуалдық қабілетіне байланысты, қандай білім мен іскерліктерді игерген, педагогтың кәсіби міндеттерін   шеше алуы, оқыту технологияларын қаншалықты меңгергендігіне байланысты айқындалады.  

         Педагогикалық технология педагогикалық шеберлікпен өзара қарым-қатынаста. Педагогикалық технологияны өте жақсы меңгеру дегеніміздің өзі – шеберлік. Технология және шеберлік қатынастарына қарағанда меңгеруге болатын педагогикалық технология басқалар сияқты тек қана орталықтанбайды. Педагогтің тұлғалық ерекшеліктерімен анықталатыны байқалады. Бір ғана технология әр түрлі мүғалімдермен іске асуы мүмкін, бірақ оны іске асыру ерекшеліктерінде олардың осы педагогикалық шеберлігі және кәсіпқорлығы көрінеді.

 Оқытудың жаңа технологиясы — оқытудың тиімді әдіс — тәсілдерін қолдануды, оқытудың әр түрлі әдістері мен формаларын біріктіруді, оқу материалын тиімді пайдалануды, оқудың сапасына білім мен біліктілікті жүйелеуді жүзеге асырады.

         Оқытудың жаңа педагогикалық технологиясы — оқытуды ізгілендіру, өзін-өзі дамытып, тәрбиелей білетін, заман ағымына ілесе алатын кәсіби, білікті, жан-жақты жеке тұлға қалыптастыруды мақсат етеді. Оқушылардың кәсіби білім сапасын арттырумен бірге өз қабілетіне қарап, өзін-өзі дамыта отырып, өзіне сын көзбен қарауға мүмкіндік береді. Танымдық белсенділігін арттырып, шығармашылық қабілетін дамытады.

          Жаңа педагогикалық технологияны меңгеру барысында оқыту міндеттері жаңаша сипат алады:

  педагогикалық қызметтің өзекті мәселелерін білу;

  оқу бағдарламасының түрлендірілген нұсқауларын құрастыру;

  оқу моделін құрастыру;

  оқу жобаларының мазмұнын анықтау, әр оқушыға арналған тапсырмалар құрастыру;

  оқушылардың жаңа материалды меңгеруінде деңгейленген жаттығулар жасау;

  оқу әрекеттерінің бағалау көрсеткішін анықтау, жетіспейтін дидактикалық құралдар жүйесін қалыптастыру.

 

Дамыта оқыту технологиясының мақсаты мен мағынасы: жеке тұлғаны оқыта отырып, оның қабілеттерін дамыту. Тұлғаның барлық қасиеттерін тұтас, яғни әр жақты дамытуға негізделген.

 Білім беруді ізгілендіру технологиясы оқушыны адамгершілікке тәрбиелей отырып, оның жүрегіне жылылық ұялату, танымдық күшін қалыптастыру мен дамытуды мақсат етеді.

 Ойын арқылы оқыту технологиясы ойын арқылы баланың қызығушылығын оятып, білімділік, танымдылық, шығармашылық қабілеттерін ашуды көздейді.

 Деңгейлік саралап оқыту технологиясының мақсаты: оқушының қабілеті мен мүмкіндігіне қарай оқыту. Балалардың жеке тұлғалық ерекшелігіне қарай тапсырманы бейімдеп, саралап беру.

 Ақпараттық оқыту технологиясы оқушыларды ақпараттық қоғамға дайындау, комьютермен оқытуды жүзеге асырады.

 Тірек – сызба арқылы оқыту технологиясы білім, білік, дағдыны қалаптыстыру, барлық баланы оқыту, оқытуды жеделдетуді мақсат етеді.

 Модульдік оқыту технологиясы оқытудың тұтас технологиясын жобалайды.Үш құрылымды бөліктен тұрады: кіріспе, негізгі және қорытынды.

 Сын тұрғысынан ойлау технологиясы білімнің болашаққа қажетке жарауын қалыптастырады. Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен түзіледі.  

 Проблемалық оқыту технологиясының мақсаты : оқу материалына оқушыны қызықтыратындай мәселе тудырады.Оны шешуде оқушылар білімді белсене қабылдайды. 

         Бұл технологиялардың бәрі де оқушының білімді меңгеруін ғана емес, оқу ақпаратын және білімді өңдеу амалын игеруін, олардың танымдық күштері мен шығармашылық қабілеттерін дамытуды маңызды деп есептейді.

Қоғам өмірінің барлық салаларында яғни экономикасы мен әлеуметтік қатынастарында көптеген өзгерістер туып отырған жағдайда білім беру ісінде де өзгерістің болуы заңды нәрсе. Себебі, халыққа білім беру немесе мектеп ісін қоғамнан тыс алып қарауға болмайды.   Сонымен, халыққа білім беру жүйесі қоғамдық әрекеттердің басқа салаларымен де қатарлас алға басуы керек.

Инновациялық педагогикалық іс-әрекет белгілі оқытудың, тәрбие беру мен дамытудың стереотипіне қарама-қайшы, ол белгілі межеден шығып, жеке шығармашыл, өз бағытымен жұмыс істей алатын мұғалім қалыптастыруға бағытталады. Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, оқытушының кәсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды қолдану — біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, екіншіден, оқушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түспек .

Қорыта айтқанда, жаңа технологиялардың көмегімен оқушылардың білімін жетілдіру мен оқу сапасын арттыруға болады. Қай халықтың, қай ұлттың болсын толығып өсуіне, рухани әрі мәдени дамуына басты ықпал жасайтын тірегі де, түп қазығы да – мектеп. Қазақ мектептерінің білім деңгейін көтеру және онда жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы оқу-тәрбие үрдісін тиісті деңгейге көтеру, педагогикалық ұжымның жүйелі жұмыстарының нәтижесінде ғана жүзеге аспақ.

         ЖББ №8 мектебі бүгінде оқушылары мен мұғалімдерінің саны жағынан қала мектептерінің алдыңғы қатарында тұр. Мектеп ұстаздарының басым бөлігі тәжірибелі, жоғары санатты, қабілетті мамандар. Жастар қатарында да жаңаша жұмыс істеуге дайын, алға ұмтылуға бейім мұғалімдер баршылық.  Мектебіміздің 5 мұғалімі жаңа форматты 3 айлық курстардан өтіп, біліктілігін көтерді. Алайда, әлі де болса ұжым жұмысының нәтижесінде олқылықтар жеткілікті. Бұл – тоқырау, бірізділікке үйрену, жаңашылдыққа ұмтылуға деген керенаулық, немқұрайлықтан шаққан нәтиже. Әлі де болса мұғалімдеріміз үйреншікті жолмен сабақ берумен шектелуде. Жаңа технологияларды біз негізінен ашық сабақөтарда ғана байқаймыз. Ендігі жерде біз осыдан арылуымыз қажет.  Біз әрқайсымыз болып, ұжым болып жұмылып алдымызға межелі мақсат қойуымыз қажет. Ол мақсат ең алдымен оқушыға жоғары деңгейлі, сапалы білім беру, талапты өрендердің қабілетін шыңдауға бағытталуы керек. Қазіргі кезде мектепте осы бағытта бірқатар қадамдар басталуда. Тек сол қадамдардың қарымды болуы, ұстаздар, өзімізге байланысты. Кез келген жаңашылдықты қолдап, жаңа формалар мен технологияларды игеріп, өз құзырлығымызды арттыруға, біліктілігімізді биіктетуге ұмтылайық. Бұл бағытта бізде толық мүмкіндік бар. Ұстаздарымыздың өздерінің нақты қабілеттерін танытып, шығармашылықпен жұмыс істеп, сол арқылы мектеп ұжымының алдағы уақытта жаңа биіктерден көрінетініне мен сенемін. Осы жолда баршаңызға сәттілік тілеймін.

 

 

         ЖББ №8 мектеп директоры  А.Токейбекова