Жанұя тәрбиесіндегі ата мен әкенің ролі
Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке - отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез - құлқы, өзгелермен қарым - қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл - береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. Отбасындағы әкенің орнын түсініп, оған деген қажетті қадір - қасиет сезімін тәрбиелеу мақсатында 21-қараша күні «Жанұя тәрбиесіндегі ата мен әкенің ролі» тақырыбында отырыс өтті. Отырысқа мектебіміздің белсенді әкелерімен бірге ардақты ардагер ата Ж.Адамбеков, әкелер кеңесінің мүшелері мен төрағасы М.К.Джуматаев қатысты. Ж.Адамбеков атай ұл баланың тәрбиесіндегі әкенің алатын орны мен ролі туралы өте маңызды да өзекті әңгіме айтты. «Жас сарбаз» сыныбының сынып жетекшісі А.А.Отарбаев та ұл баланы тәрбиелеуде әкенің орнының ерекше екенін және «Жас сарбаз» сыныптарының әкелерінің мектепішілік шараларға үнемі қатысып отыратындығын айтты.