«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы 4 бағыт бойынша жүзеге асады
Дата: 2019-04-10 11:26:12
Жолдау біздің еліміздің ширек ғасыр ішіндегі екі жаңғырту үрдісін аяқтап, үшінші, экономикамыздың әлемдік өсімінің лайықты деңгейге жетуін қамтамасыз ететін, жеделдетілген технологиялық жаңғыртылу басымдығына көшуімізді айқындап берді.
Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынды. Компьютерлер кеңседе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланыла бастады, ақпаратпен орындалатын кез келген жұмыс компьютер көмегімен жүзеге асырылатын болды. Ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды.
Сымсыз телефондар, желілік телеарна – осы бағдарламаның жемісі. Жаңа дамып келе жатқан жасанды интеллект белгілі бір алгоритм жоқ жерде пайдалануға жол ашады.
2011 жылдың 18 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» телерадиохабар тарату желісі іске қосылған болатын. Бүгінде ұлттық оператор қызметін пайдаланатын үй шаруашылықтарының саны миллионға жетуге жақын. Цифрлы стандартқа көшкен сәтте, Қазақстанда жерсеріктік жүйе абоненттерінің саны небәрі 6 300 болғанын ескерсек, бұл көрсеткіш аталған қызметтің халық арасында үлкен сұранысқа ие екенін көрсетеді. Бұл, әсіресе, ауыл тұрғындарына қатысты, өйткені, оның абоненттерінің 70 пайызы ауылдық жерлерге келеді.
Президенттің Жолдауында елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиістігі баса айтылды. Ал ол үшін, ең алдымен, тағы сол IT саласына басымдық беріледі.
Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталған. Оған мысал келтіруге болады, ол – «eGov» жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жүргізе аласыз. Құжат ресімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Бұл істер алдағы кезде одан әрі жетілдіріле түседі.
Жолдауға сәйкес жазға қарай елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылуы белгіленді. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан мына заманда IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну қиын. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы цифрлы жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.
Жолдауда Елбасы: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», деп нақты бағдар берді.
Қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлы xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде. Бұл үшін биылдың өзінде аталған бағдарлама аясында елімізде 244 радиотелевизиялық станса іске қосылмақ.
«Цифрлы Қазақстан» тек бір ғана IT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Бағдарлама ІЖӨ-дегі IT-секторының үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. IT-секторында 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Еңбек өнімділігі 37 пайызға жеткізіледі. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру да басты міндет, ол 85 пайызға дейін жеткізілетін болады.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда 4 бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау.
Цифрлы технологияның халқымыздың жартысы ауылда тұрып, сол жерде нәпақасын айырып отырған ауыл шаруашылығы саласына да берері көп. Әлемге белгілі «Microsoft» компаниясының қожайыны Билл Гейтс ойлап тапқан «Оракул» деген компьютерлік бағдарлама ауылшаруашылық жерлерінің хал-ахуалын санаулы ғана уақыт ішінде талдаудан өткізіп, қандай жағдайда екенін айтып бере алады. Дәл қазір Қазақстанда егістік пен жайылымның көбі жекенің қолында және пайдаланылмай жатқаны белгілі. Ал аталған бағдарлама сол жер иелерінің кім екенін, жерді қанша уақыттан бері пайдаланбай жатқанын анықтай алады. Демек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Билл Гейтстің «Оракулы» да елімізде кең қолданысқа енуі әбден мүмкін.
Цифрлы технология бұдан бөлек денсаулық сақтау және білім беру салаларында да қолданыста. Биыл оны жетілдіру мақсатында Қазақстан мектептерінде электронды күнделік қолданысқа енгізілмек. Сонымен қатар, педагогтар да атқарған жұмыстарының есебі мен жоспарларын қағаз күйінде емес, электронды үлгіде тапсыра алады.
Жалпы, мұның бәрі халықтың бақуатты өмір сүруі үшін жасалып жатқан шаралар екенін түсінуіміз қажет. Тұрғындардың әл-ауқаты артып, еңсесі тік көтерілгенде ғана Қазақстан дамыған өркениетті елдердің қатарына, яғни алдыңғы «отыздыққа» қосыла алады. Ал, бұл мақсатқа жету үшін еліміз Үшінші жаңғыруды еңсеруі тиіс. Алдағы кезде замана көшінен қалғысы келмеген әрбір азамат, мамандар, ғалымдар мен студенттер ұялы байланыс, телекоммуникация, сандық ТВ, кеңжолақты интернет, ақпараттық технологиялар, Е-үкімет, Е-сауда, интерактивті жарнама және әлеуметтік медиа саласындағы өзекті тақырыптардан тыс қалуына болмайды.