Үндістан «ЭКСПО-2017» көрмесіне Қатысу шартына қол қойды

Дата: 2016-03-19 04:25:38
Үндістан «ЭКСПО-2017» көрмесіне Қатысу шартына қол қойды

12.02.2016 «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегациясының Үндістан Республикасына сапары өтті.

Нью-Делиде Р.Жошыбаев Үндістан Сыртқы істер министрінің орынбасары Аджай Гонданмен, сауданы ілгерілету жөніндегі үнді ұйымының төрағасымен (ITPO), Үндістан тарапынан ұлттық секция Комиссары Л. Гойалмен және үнді іскерлік топтарының өкілдерімен кездесті.

Үндістанның сыртқы саяси ведомствосында екі ел ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Р.Жошыбаев Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев атынан Үндістан Президенті Пронаб Гумар Мукерджиге 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ҚР кандидатурасын қолдағаны үшін алғыс хат тапсырды.

Кездесу барысында «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында туристер мен бизнесмендер үшін визалық режимді жеңілдету туралы мәселелер талқыланды. Туризм саласында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында, ҚР мен ҚХР арасында қол қойылған Меморандум (ADS Келісімі) сияқты Қазақстан және Үндістан азаматтарының өзара туристік топтардың сапарын жеңілдету туралы ведомствоаралық құжатқа қол қою мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Үндістан Комиссарымен кездесу барысында «ЭКСПО-2017» шеңберіндегі болашақтағы ынтымақтастық бойынша пікір алмасты, сондай-ақ, қатысудың техникалық мәселелері талқыланды. Гойал мырза Астанада өтетін көрмеде өз елінің «жасыл энергетика» саласындағы жаңа әзірлемелерін көрсетуге дайын екендігін айтты. Жаңартылатын Энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) деректері бойынша Үндістан баламалы энергия өндіретін 10 елдің қатарына кіреді. Мемлекет алдында 2022 жылы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 5 есе арттырып, 175 000 МВт таңбасына жеткізу мақсаты тұр.

Кездесу қорытындысы бойынша Р.Жошыбаев пен С.Гойал Үндістанның «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы туралы шартқа қол қойды. Бүгінгі күні 74 ел және 14 халықаралық ұйым «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын ресми түрде растады.

Сонымен қатар, сапар шеңберінде Үндістан Сауда-өнеркәсіптік палатасы мен Қазақстан елшілігі бастамасымен ірі үнді компаниялары үшін

«ЭКСПО-2017» көрмесі және Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық жобалары таныстырылды.

Автор: №7 МГ