Елбасы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады
26.01.2016 А.Есімов кездесу барысында Мемлекет басшысына Астанада өтетін халықаралық көрмеге дайындық барысы туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу аясында таяу жылдары алда ауқымды жұмыстар тұрғанына тоқталды. Атап айтқанда, көрмеге қатысушылардың түпкілікті құрамын анықтап, Қазақстанның павильоны мен өзге елдердің нысандарын мазмұндық тұрғыдан толықтыру қажет. Сондай-ақ іс-шараны өткізуге және қонақтар қабылдауға елорда инфрақұрылымының әзірлігін қамтамасыз ету керек. Өзге де маңызды міндеттер қатарында сапалы мәдени бағдарлама әзірлеу, еріктілерді тарту, сонымен бірге көрме аумағын кейіннен халықаралық қаржы орталығы ретінде пайдалану мәселелері бар.
А.Есімовтің айтуынша, бүгінге дейін 70 шет мемлекет көрмеге қатысатынын растаған, соның 35-і – дамыған елдер. Көрмеге ірі трансұлттық компаниялар да қызығушылық танытуда. Жалпы, Тіркеу досьесі бойынша жоспарланған 100 елдің қатысу көрсеткішіне қол жеткізіледі деп болжанып отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, ұлттық компания көрмені өткізу шығыстарын нысандар функционалын сақтай отырып, тағы 53 миллиард теңгеге қысқартты. Осылайша, бұрын жасалған қысқартуларды ескергенде, шығыстарды оңтайландыру көлемі жалпы 131 миллиард теңге болады. Бұған дейін топ-менеджерлер саны 15-тен 6-ға қысқарған болса, қазіргі кезеңде штат кестесін 12 пайызға оңтайландыру жоспарланған.
Сонымен қатар, А.Есімов «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу ісін әрі қарай ілгерілету мақсатында Давос қаласындағы (Швейцария) Дүниежүзілік экономикалық форумда ақпараттық науқан жүргізілгенін атап өтті.
Көрме өткеннен кейін бұл аумақта БҰҰ қолдауымен Халықаралық жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту орталығын құру көзделуде. Елбасының былтыр БҰҰ Бас ассамблеясы отырысында жариялаған бұл ұсынысы қазірдің өзінде өзге елдер тарапынан қолдау табуда.
«Астана ЭКСПО-2017» басқармасының төрағасы көрме нысандарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету ісіне 230-дан аса қазақстандық кәсіпорын тартылып, жалпы құны 77 миллиард теңгенің қызметі мен тауарын жеткізу жөнінде шарттар жасалғанына назар аударды. Соның 30 миллиард теңгесі Астанада жұмыс істейтін компанияларға тиесілі. Осылайша, ЭКСПО дағдарыс уақытында жаңа жұмыс орындарын ашып, қазіргі жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік беретін мемлекеттік жобалардың бірі болып отыр.
А.Есімов көрме нысандарын салу жұмысы жоспарлы мерзімге сәйкес жүріп жатқанын айтты. Биыл құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған, содан кейін көрме нысандарын мазмұндық тұрғыдан толықтыру ісі басталады.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.