«Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшысы мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі ынтымақтастық мәселелерін талқылады
08.12.2015 «Астана ЭКСПО-2017» ҰК Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Уәкілетті Елшісі Джордж Кролмен кездесті.
Ұлттық компания басшысы қонаққа ЭКСПО-2017 жобасын таныстырды, құрылыс барысы және кешеннің көрмеден соң пайдаланылуы туралы әңгімеледі. А. Есімов компанияның қазіргі уақытта көрме павильондарын тақырыптық толықтырумен және қатысушы елдерді тартумен белсенді айналысу үстінде екенін де атап өтті.
Басқарма Төрағасы бүгінге күнге 55 ел және 12 халықаралық ұйым өздерінің көрмеге қатысатынын растағанын нақтылап, халықаралық қоғамдастық тарапынан көрмеге зор қызығушылық бар екенін айтып өтті.
«Біз көрмеге 100-ден астам елді тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл орындалатын міндет деп ойлаймын. Біз 19 елмен Қатысу шартын жасастық, 31 ел мен 1 халықаралық ұйымның Комиссарлары тағайындалды. Өзіңіз білетіндей, бұл – жұмыстың елдердің көрмеге қатысуын растайтын ақтық бөлімі», - деп атап өтті А. Есімов.
Өз кезегінде АҚШ Елшісі АҚШ Үкіметінің «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің тақырыбына және онда талқыға салынатын проблемаларға баса назар аударып отырғанын жеткізді.