Размер шрифта:

Өмірбаяны

Дата: 2016-03-16 11:31:25
Өмірбаяны

1866 ж. наурыздың 5 бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында туған. Бұл қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданын­дағы бұрынғы Қаратал кеңшарының жеріне қарасты, 1992 жылы Ақтоғай аудандық кеңестің шешімімен Ә. Н.Бөкейханов есімі берілді. Әлихан Орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Ата тегі: Бөкей -Батыр - Мырзатай -Нұрмұхамед -Әлихан. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарай­тын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.  Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молда­дан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады.

 Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан 1888 жылы Омбы техникалық училищесіне қабылданады. Төрт жыл бойы үздік оқыған алғыр шәкіртіне риза болып,оған  мүмкіндік жасайды. Сөйтіп ол жиырма жа­сында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, 1894 ж. Ресей империясының елордасы Санкт-Петерборға барып, Орман шаруашылығы институтының экономика факультетіне түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің са­яси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Оны екі ғасырға жуық Ресей империясы­ның қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәде­ниет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды. «Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек,қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Өз әдебиетін қалыптастыруда табысқа жеткен халық қана азат өмір сүре алады» -деп білген Әлихан үлттық әдебиетімізді өркендетуде жан-тәнімен еңбек етті. Оқуын бітіріп, Омбыға оралғанда  

Ә. Бөкейханов Ресей империясының қазақ да­ласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әле­уметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Народная свобода» (Халық бостандығы) партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси бел­сенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қай­раткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерек­ше ықпал етеді. 1905 ж. бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі, оның қазақ бөлімшесін құру мақсатында Оралда, Се­мейде жиындар өткізген. Қарқаралыда патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы өткен қозғалысқа қатысып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петици­ясын ұйымдастырушылардың бірі болған. 1905 ж. Әлихан Бөкейханов Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Бірақ ол 1-ші Мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Ә. Н. Бөкейханов өз жұмысын бастаған кезде Дала өлкесі генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз,

3 ай Павлодар абақтысында отырды. Ал абақтыдан шығып Санкт-Петерборға жеткенде, Дума патшаның үкімімен тараты­лып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін сол кездегі Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Ә. Н. Бөкейханов да солардың арты­нан аттанып Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Санкт-Петербор сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей түрмесіне жабылды. 1906 жылы Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген меньше­виктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. 1909–17 жж. «Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс істеді. 1911–14 «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. 20 ғ. басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұқар мен Түркістан өлкесіне бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау ке­рек деп білді. Бар күш қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. Бұдан студент кезінде-ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілігіп, бақылауда жүрген Әлихан да тыс қалған жоқ, алдымен, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылып, онда тек ғылыми-шығармашылық қызметпен айналысуға ғана мәжбүр болды. 1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самардан Орынборға келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады. Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік ду­масының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаныңмұсыл -мандар фракциясының Бюро мүшесі болды.Алаш Орда Ә. Бөкейхановтың  

Жаза кесімі.Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа аутономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір аутономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасы­ның құрамында Қазақ аутономиясы құрылмақ болады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдасты­руға кіріседі.  1917 жылы 5-13 желтоқсан Орынборда  ІІ-Жалпы қазақ съезі    өткізілді.Съезде Б.Құлманов және орынбасарлары Ә.Бөкейханов,  А.Кенесарин, Х.Досмұхамедов,.Қарашевтың төрағалық етуімен  “Алашорда” үкіметі құрылды. Алашорданың орталығы-Семей қаласы, халық Кеңесін (үкіметін)-Ә.Бөкейханов басқарды. 
   «Алаштың» басты мақсаты - қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді. Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады».  1919 ж. большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Ә. Бөкейханов қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бірақ, ұлттық на­мыстан жұрдай, жалған интернационалист, жадағай белсенділердің көрсетуімен ол 1926 ж. екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Ә.Бөкейханов Мәске­уге жер аударылады зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылы та­мызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі. 1989 жылы мамырдың 14 КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды.

 Бағалау:        «Әлихан Бөкейханов — XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы. Ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғасы. Ол -қозғалыстың міндетін, мақсатын,  стратегиялық, тактикалық күрес құралдарын анықтаған адам»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді.

  «Заманымызға қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшымыз – Әлихан Бөкейханов»-деп  қаламгер және қоғамдық-әлеуметтік іске белсене араласқан қайраткер  Міржақып Дулатов өзіндік бағасын берді.

            Әлихан Бөкейханды тұстастарының өзі де ерекше бағалағаны белгілі. Ақын Көкбай Жанатайұлы:

Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,

Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы,

Өгіз өліп болмаса арба сынып,

Өмірің өткен жансың азаптағы.

Бал тамған, ханзадам-ай қаламыңнан,

    Тәңірім айырмасын талабыңнан, – деп ой түйеді.

          Отбасы:  Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан мен оның жары Ольга Яковлевна Севостьянова екеуі небәрі 15 жылдай ғана бірге өмір сүрген. Ольга Яковлевна 1918 жылы ұзаққа созылған ауыр науқас­тан Семей қаласында бақилық болған. Бір бірінің қа­дірін ерекше бағалаған отбасы екі перзент сүй­ген. Олар – қыздары Елизавета (Зейнеп) мен ұлдары Сергей (Өкітай-Үгедей).Сергей Әлиханұлының жалғыз ұлы Евгений Сергеевич Бөкейханов қазір Мәскеуде тұ­ра­ды. Оның ұлы Петр екеуі 1992 жылы ұлы ба­­балары – Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевқа арналған ғылыми-практикалық конференция мен аламан асқа қатысу үшін Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында өткен мерейтойға келді. Бұл Әли­хан Бөкейханның немере-шөберелерінің ата-баба жерінің топырағын тұңғыш басуы, еліне жасаған алғаш­қы қадамы болатын.

    Қорытынды:     Алаш көсемі    Әлихан Бөкейханның бар өмірі мен іс-әрекеті, заманының ақырғы оғын да қасқайып қабылдауы әу бастан ұстанған «Тірі болсам, хан ба­­­ласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаспын!», – деген сертіне адалдығы  тарихқа аян, ұрпаққа үлгі.

Өткен ғасырдың басында жеке ел, мемлекет боламыз деген Алаш зиялылары аңсаған армандарына жете алмай, арманда кетті. Алаш зиялылары тұңғыш ұлттық идея көтеріп, тұңғыш партия, үкімет құрып мемлекеттіліктің алғы шартын жасап кетті. Әлихан Бөкейхановтың  « Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек» деп айтқан сөзі бар. Аға ұрпақ өздеріне артқан жүкті жетер жеріне толық апарды. Елбасымыз бізге ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің таңын атырды. Ендігі біздің  міндетіміз  Қазақстанды алдыңғы елдердің қатарына қосып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына үлес қосу.

Автор: №7 МГ