Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Қадірлі отандастар!
Құрметті Құрылтай депутаттары және Үкімет мүшелері!
Бүгін мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымды жариялаймын. Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша.
25 қазанда ұлттық мерекеміз – Республика күнін атап өттік. Осы күні Егемендік туралы декларация қабылданды. Біз дербес ел болу жолында батыл қадам жасадық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, елдігіміздің іргесін бекіттік.
Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек.
Биыл наурыз айында халқымыз мемлекеттігіміздің негізгі тірегін – Конституциямызды қабылдады. Бұл тұтас еліміз үшін тарихи мән-мағынасы терең оқиға болды.
Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды.
Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді. Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті.
Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Бүгін мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларыммен бөлісемін, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталамын.
Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз.
Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық.
Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет.
Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды.
Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ.
Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді.
Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс.
Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз.
Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор.
Осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екені баршаңызға түсінікті.
Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек.
Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет.
Құрметті депутаттар!
Құрметті Үкімет мүшелері!
Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды.
Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты.
Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз.
Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ.
Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет.
Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек.
Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз.
Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн.
Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс.
Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс.
Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап.
Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады.
Осы орайда әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салуға және оны жаңғыртуға ерекше мән береміз. Бұған біздің күшіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.
Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды.
Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз.
Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты.
Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет.
Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.
Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет.
Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату.
Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда.
Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Бір сөзбен айтқанда, біз осы тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, өскелең ұрпақтың игілігі үшін мол қаржы қалдырумен қатар, технологиялық тұрғыдан өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі күшті экономикасы, озық инфрақұрылымы бар, өмір сүру үшін қолайлы, әр азаматтың өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат етуіміз керек.
Мұны ең басты міндетіміз, тіпті тарихи маңызы бар миссиямыз деп айтуға болады.
Бұл – адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімге арналған инвестиция.
Бірақ Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек.
Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру.
Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады.
Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады.
Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді.
Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады.
Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады.
Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек.
Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет.
Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ.
Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін.
Келесі мәселе. Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі.
Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді.
Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады.
Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.
Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады.
Қазір әлем логистикасы ауқымды өзгерістер және қарқынды даму кезеңін бастан өткеріп жатыр.
Теңіз жолдарындағы тұрақсыз жағдай құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттыра түсті.
Қазақстан іс жүзінде Еуразиядағы жетекші логистикалық орталықтың біріне айналуы үшін осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермеуге тиіс.
Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің аумағымыз арқылы өтеді.
Алайда барға қанағат етіп, тоқмейілсіп отыру – болашақта көш соңында қалу деген сөз.
Біз халықаралық жүк тасымалы ағындарының толыққанды ұйымдастырушысы болуымыз керек.
Бұл үшін отандық логистикалық операторларды дамытып, жүктерді шоғырландырумен және бөлумен айналысатын орталықтар құруға баса назар аударған жөн.
Сондай-ақ, көлік тораптарының айналасынан жаңа өндірістер мен сауда орындарын ашу маңызды.
Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет.
Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе.
Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек.
Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады.
Негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру.
Келесі жылы еліміздегі автокөлік өткізу бекеттерін түгелдей сапалы жаңғырту жұмыстары аяқталуға тиіс. Күні кешеге дейін бұл жұмыс атүсті атқарылып келді.
Алдымызда республикалық және жергілікті деңгейдегі барлық жолдарды сапалы салуға қатысты аса маңызды міндет тұр.
Бұл салада мәселе аз емес. Орталық және жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы ережелер мен регламенттерді алға тартып, мәселені шешуді созбалаңға салады. Соның салдарынан мәселе қордаланғанның үстіне қордаланып, әбден тығырыққа тірелгені жасырын емес.
Сондықтан менің тапсырмама сәйкес, еліміздегі бүкіл жолдың 26 пайызын алып жатқан республикалық (орталық) және әкімдіктердің қарауындағы жергілікті жолдарға қатысты барлық мәселемен Үкімет, соның ішінде Көлік министрлігі айналысуға тиіс.
Қайталап айтамын: Бізге сапасы өте жоғары жолдар керек.
Битум мен қиыршық тастардың сапасын алға тартып, сылтау айтуға жол берілмейді.
Естеріңізге салайын: қызмет көрсетуге арналған заманауи инфрақұрылымы бар сапалы жолдар болмаса, Қазақстан жаһандық деңгейдегі транзиттік аймаққа, яғни Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айнала алмайды. Бұл жұмыстардың түпкі мәні – осында. Біз бұл міндетті қалайда орындауымыз керек.
Егер шекарамыз көлік қозғалысын тежеп, ұзын-сонар кептеліс туындататын «тар өткелге» айналса, Қазақстан бұл салада көшбасшы болады деп айтудың өзі орынсыз. Қазір осы күйді кешіп отырғанымыз жасырын емес.
Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын негізгі әуе дәліздері еліміздің аумағы арқылы өтеді.
Бұл – біздің бәсекеге қабілетімізді арттыра алатын басымдығымыз. Алайда, осы артықшылығымыз әзірге қағаз бетіндегі әсерлі есеп күйінде ғана қалып отыр.
Осы басымдығымызды тиімді пайдалану үшін жерде қызмет көрсетуге арналған озық инфрақұрылым құру қажет. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Ал, әзірге қыруар табыс уысымыздан шығып кетіп жатыр.
Жеке «Air Cargo» компаниясына зор үміт артылды. Бұл компанияның қаржылық әлеуеті зор. Шетелдің үздік мамандарына жалақы төлеуге де мүмкіндігі мол. Дербес шешім қабылдай алады. Дегенмен, әзірге қабылданған шешім де, нақты нәтиже де жоқ.
Сіздерге зор сенім артылып отыр. Енді нәтиже күтеміз.
Қазір Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған.
Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады.
Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз.
Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы болуы үшін көптеген маңызды міндетті орындауға тиіс. Бірінші кезекте көлік саласын, соның ішінде халықаралық бағыттарды толық цифрландыру қажет.
Жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзит ағындарын қағаз жүзінде басқару – ақылға қонымсыз іс. Бұл – құрдымға апаратын ең төте жол.
Қазіргі жағдайда қуат көзінің жеткілікті деңгейде болуы әр мемлекеттің бәсекеге қабілетін, тіпті экономикалық дербестігін айқындайтын шешуші факторға айналды.
Осы кезеңді шын мәнінде «электр дәуірі» деп айтуға болады. Қазақстан өзінің шикізаттық артықшылығын энергетикалық және технологиялық тұрғыдан өрлеу үшін пайдалануға тиіс. Бұл – айрықша маңызды міндет.
Ашығын айтсақ, бұл тұста қордаланған мәселе өте көп.
Білікті энергетик мамандарымыз саусақпен санарлық. Есесіне, энергетика саласындағы түйткілдерге арналған форумдар мен пікірталастар жиі әрі кең ауқымда өткізіледі.
Алайда Қазақстан жыл сайын энергияның елеулі тапшылығымен бетпе-бет келіп жатады. Соның салдарынан, қыс мезгілінде, яғни электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңде көрші елдерден қуат көзін қымбат бағамен сатып алуға мәжбүрміз. Ал жаз айларында өзге елдерге энергияны тым төмен бағамен сатамыз.
Осындай құйтырқы әрекет ондаған жылдан бері жалғасып келеді. Маған мұны энергетика саласындағы қалыпты жағдай деп түсіндіріп бағуда.
Кезінде Балқаштағы ЖЭО құрылысының аяқталмай қалуына да осы жайт себеп болды.
Қазір де Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұздағы жаңа генерация қуаттарын іске қосу мерзімдері кейінге шегеріліп жатыр.
Қазақстан бүгінде сағатына 123 миллиард киловатт электр энергиясын өндіреді.
Қуат көзінің мұндай көлемі өнеркәсіп пен құрылыс саласын, ауыл шарушылығы кешендерін қарқынды дамытып жатқан, ең бастысы, экономиканы жаппай цифрландыруды, жасанды интеллектіні қоғамның барлық саласына енгізуді және осыған байланысты деректерді өңдеу орталықтарын салуды жоспарлап отырған ел үшін мүлдем жеткіліксіз.
Сондықтан еліміз 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жету керек. Бұл – біздің алдымызда тұрған стратегиялық міндет.
Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз озық әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құру ісіне серпін бердік.
Енді бұл жұмысты әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет. Үкімет, ұлттық компаниялар, креативті индустрия секторы осы үдеріске белсенді атсалысуға тиіс.
Бұл – жаңа дәуірдің талаптарына толық сай келетін аса маңызды жалпыұлттық міндет. Болашақтың экономикасын құру үшін таптаурын түсініктер мен ескірген тәсілдерден біржола арылуымыз қажет.
Қоғам дамуының мүлде жаңа негізін қалыптастыруымыз керек. Шын мәнінде, мұны озық технологиялар заманында өскелең ұрпақтың лайықты өмір сүруіне жол ашатын ұзақ мерзімге арналған жалпыұлттық миссия деуге болады.
Цифрлық дәуір қаншалықты күрделі, қиын, тіпті қауіп-қатерге толы болса да, біздің мақсат-мұратымыз өзгермейді.
Бұл – жаңа тұрпатты мемлекет құру, жаңғыру мен жаңару жолынан айнымау.
Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын.
Жоғарыда айтқанымдай, осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге белсенді түрде кірісеміз.
Жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастаймыз.
Сондай-ақ барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңызды міндет болып қала береді.
Құрылыс және тағы да құрылыс. Бұл – халқымыздың жасанды интеллект дәуіріне беретін ортақ жауабы.
Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Осы бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өскелең ұрпақтың қамы үшін қолға алынып отырғанын тағы да баса айтқым келеді.
Келесі өте маңызды міндет – мемлекеттік басқару ісінің сапасын толықтай жақсарту.
Инфрақұрылымды жаңғырту, жаппай цифрландыру және индустрия саласын дамыту үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жеке инвестиция да тартылуда.
Осы орайда, мына мәселеге назар аударғым келеді. Ауқымды құрылыс аясындағы жобаларды мұқият іріктеу, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және бастаманы жүзеге асырудың әр кезеңін жіті бақылау өте маңызды.
Мемлекеттік аппарат осы міндетті кәсіби тұрғыдан мүлтіксіз орындауға дайын болуы керек.
Бұдан бөлек, макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн.
Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады.
Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады.
Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет.
Инфляция, бейнелеп айтқанда, азаматтарымыздың тұрмысын күннен күнге тұралататын қауіпті кесел.
Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдеді. Дегенмен инфляция деңгейі әлі де жоғары.
Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл – аса маңызды міндет.
Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі қажет. Сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау керек.
Қаржы нарығын реттеуші мекемелер де өз міндеттерін сапалы әрі тиімді орындауға тиіс.
Құрметті Құрылтай депутаттары және Үкімет мүшелері!
Мен бұған дейін де айтқанымдай, еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басты.
Осындай бетбұрысты сәтте ұлттық жоспарымыз бен стратегиямыздың бәрін қайта зерделеуіміз керек.
Біз Тәуелсіздігіміздің келесі мерейлі белесіне қандай нәтижемен жететінімізді анық түсінуіміз қажет.
Алдымыздағы мақсаттарды нақты белгілеу арқылы біз бүгінгі міндеттер мен басымдықтарды айқындаймыз, дербес стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып, жасампаз жоспарларды жүзеге асырамыз.
Сондықтан, Президент Әкімшілігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, бір жылдың ішінде еліміздің ұзақмерзімді дамуының кешенді бағдарын айқындайтын құжат әзірлеуі керек.
Бұл жұмысқа ғылыми-зерттеу орталықтарын, соның ішінде Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтын кеңінен тартқан жөн. Осынау маңызды құжатқа депутаттар да елеулі үлес қоса алады деп ойлаймын.
Бірақ бұл ауқымды жұмысты мемлекеттік басқару жүйесін реформалау ісінен бастауымыз керек.
Конституция заңды күшіне енген соң еліміздің саяси жүйесі толық жаңғырды. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер алдында тұрған міндеттер де күрделене түсті.
Қазір билік жүйесін дамытудың жаңа стратегиясына сәйкес осы саланы түбегейлі реформалау қажеттігі туындап отыр.
Бұл үдерісте тұтас мемлекеттік аппараттың және әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру маңызды міндет болуға тиіс.
Ең алдымен, Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау қажет.
Билік жүйесі цифрландыру дәуірінің талаптарына сай жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі керек.
Мемлекеттік мекемелерді ұтымды бастама көтеруге, дербес шешім қабылдауға ынталандыру қажет.
Әрбір мекеме өз өкілеттігімен қатар, тұтас мемлекеттік аппараттың қалай жұмыс істейтінін нақты білуге тиіс.
Жасанды интеллектінің көмегімен қайталанатын міндеттерді, басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою керек.
Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық және біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға, яғни дамуға кедергі келтіретін барлық рәсімді қысқарту керек.
Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын.
Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн. Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс. Бұл жерде жекелеген өзгерістер туралы сөз болып отырған жоқ.
Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Бұл – құқықтық және қаржылық шаралар қабылдауды талап ететін аса күрделі үдеріс.
Президент Әкімшілігі 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуы керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технология мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикаға бейімдеп, жаңғырту қажет.
Біздің басты мақсатымыз – Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құру.
Қазір мол мүмкіндіктердің дәуірі туды. Бұл дәуірдің орасан зор қауіп-қатерлері де бар.
Дәл осындай жауапты кезеңдерде ұлттың мінезі айқын көрінеді.
Енжарлық пен бейқамдық танытқан ел тарихта жеңімпаз ұлт болмайтыны анық.
Замананың сын-қатеріне төтеп берудің бірден бір жолы – стратегиялық тұрғыда бір қадам алда жүріп жұмыс істеу, сол арқылы Қазақстанның болашақ келбетін қалыптастыру.
Әйтпесе, үнемі көштің соңында жүруге мәжбүр боламыз.
Мемлекет дамуының ең жоғары өлшемі саналатын да, барлық реформаның игілігін көретін де (қазіргі тілмен айтқанда бенефициарлары) – біздің азаматтарымыз.
Сондықтан менің стратегиялық бағдарымның өзегінде әділдік идеясы тұр.
Жаңа тарихи кезеңге қадам баса отырып, біз барлық азаматтық инфрақұрылымды салу және жаңғырту ісіне кірісіп жатырмыз.
Алдағы бірнеше жылда барлық аймақта қарқынды құрылыс жүргізіледі.
Бұған дейін айтқанымдай, біз жаңа автожолдар, өнеркәсіп және энергетика нысандарын, темір жолдар, көпірлер, инженерлік желілер, гидротехникалық нысандар, мектептер, ауруханалар, спорт кешендерін және мәдениет ошақтарын саламыз.
Заманауи инфрақұрылымдарды салу ісі ондаған жаңа өндіріс орындарын ашуға ықпал етіп, ең бастысы халықтық цифрлық экономиканы дамытуға мүмкіндік береді.
Осылайша, біз темірдей тәртіптің, жоғары жауапкершіліктің және қажырлы еңбектің арқасында көп ұзамай ауылдарымыз бен қалаларымыздың келбетін түбегейлі өзгертеміз. Ортақ мекеніміз – Қазақстан Республикасын бұдан да қуатты, бұдан да тартымды елге айналдырамыз.
Біз «Заң мен Тәртіп» қағидатына бағына отырып, адал еңбек ету арқылы көздеген мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз және келер ұрпаққа лайықты мұра қалдырамыз.
Бұған дейін бірнеше мәрте айттым, тағы да қайталаймын: бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер кезеңінде елдің бірлігі мен қоғамның әлеуметтік тұғырын барынша нығайта түсуіміз қажет.
Біз сонда ғана стратегиялық міндеттерімізді толық орындай аламыз.
Осы жолмен жүрсек, Қазақстан әлемдік өркениет көшінің алдыңғы шебінен лайықты орын алатынына кәміл сенемін.
Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек.
«Әрекет түбі – берекет» деген халқымыз. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды.
Ал отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заңға құрметпен қарайтын адам табысты болады.
Мен Қазақстан әрбір азаматтың дамуына жол ашатын, жалпыға бірдей мүмкіндік беретін, бірлігі бекем, Әділетті әрі Өркениетті мемлекет болуын тілеймін. Аталған мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімді салып келемін және алдағы уақытта да солай болады.
Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды. Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады.
Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын.
Қадірлі қауым!
Бүгін мен елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістерге кеңінен тоқталдым. Жарқын болашағымызды айқындайтын маңызды бастамалар жөнінде айттым.
Алдымызда тұрған тарихи міндеттерді табысты жүзеге асыруымыз керек. Біз әр азаматтың дамуына, барша жұрттың өркендеуіне жол ашатын берекелі қоғам, Әділетті Қазақстанды міндетті түрде құрамыз.
Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!
Отанымыз – Қазақ елі мәңгі жасасын!