Авариялық-коммуналдық қызмет бойынша бірыңғай жүйе енгізіледі

Авариялық-коммуналдық қызмет бойынша бірыңғай жүйе енгізіледі

Бұл жобаны шет елдердің тәжірибесін қолдана отырып, Орал қаласы әкімдігі мен облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба «Орал қаласының авариялық-коммуналдық қызметі бойынша қалалық бірыңғай 109 Сall-орталығы» деп аталады. Бұл жоба АҚШ-тағы «311» қызметіне негізделген, қаладағы авариялық-коммуналдық қызметтерді (газ, су, жылу, электр, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қатты тұрмыстық қалдықтар және басқа) біріктіреді. Пилоттық жобаны биылғы жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарлануда. Мұндағы басты мақсат - тұрғындар мен қала қонақтарының коммуналдық мәселелерін жедел шешу. Қазіргі таңда тұрғындар авариялық-коммуналдық мәселелерді шешу үшін әр мекемеге бөлек қоңырау шалады, бұл ыңғайсыз әрі тиімсіз. Жоба енгізілген кезде тұрғынның коммуналдық қызмет мекемелеріне қоңырау шалуға кететін уақыты үнемделіп, мәселесін барынша жылдам шешуге мүмкіндік алатын болады. «Күні бүгін жоба жасақталып, операторлар оқытылып жатыр. Сондай-ақ жұмыс орны жабдықталуда. Операторлар Smart Uralsk ғимаратының бірінші қабатында орналасатын болады», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасынан.   

https://www.inform.kz/kz/oralda-avariyalyk-kommunaldyk-kyzmet-boyynsha-biryngay-zhuye-engiziledi_a3496464