Ұлттық білім беру мазмұнының танымдық негізі – ұлттық тәлім-тәрбиеде

Дата: 2014-10-28 05:57:47

Ұлттық білім беру мазмұнының танымдық негізі – ұлттық                   тәлім-тәрбиеде

 

         Қазақстан Республикасының Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев адами капиталды дамытудың қажеттілігі мен маңыздылығын ерекше атап, білім беру жүйесін реформалауда жан-жақты қолдау көрсетуінің нәтижесінде білім саласының қарқынды дамуына мүмкіндік туды. Соған байланысты Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Білім жүйесін жаңартудың маңызды міндеттерінің бірі – өкілдері бәсекеге қабілетті білімді меңгерген, ой – өрісі дамыған ғана емес, жоғары азаматтық және адамгершілік ұстанымы, отансүйгіштік сезімі мен әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан зияткер ұлтты қалыптастыру болып табылады. Олай болса, тарихи сананы жаңғыртып, тәуелсіздік талаптарына ұрпақты иландырудың жолы ұлттық тәрбие мен шынайы білім. Жалпы қай кезде, қай қоғамда болмасын тәрбие адам үшін құстың  қос қанаты секілді болғандығы аян. Ұлттық мектептің тағдыры әрқашан қазақ зиялыларының басты назарында болды. Өткен ХХ ғасырдың басында алаш ардақтыларының бірі Мағжан Жұмабаев : «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі. Мектебіміз сау, таза, берік, һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негіз құра алмасақ, болашақ, келешегіміз күңгірт»,- деген болатын. Халқымыздың тағы бір азаматы Мұстафа Шоқай: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», - деп ұлт болашағын ұлттық мектепте ұлттық рухта тәрбиелеу қажеттігін көрсеткен.

         2008-2009 оқу жылында Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана»аясында салынған жаңа білім ордасы оқу-тәрбие үрдісінде «нәтижеге бағытталған сапалы білім беру моделіне қол жеткізуді» басты миссияға ала отырып, жаңа үлгідегі ұлттық мектептің тәрбие жүйесін «Самұрық» атты бағдарламаға жүйеледік. Білім ұясының әрбір қабаттарын: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер», «Көшбасшылар», «Ерлік», «Жолда жүру ережесінің қағидалары», «Әдептілік», «Бабалар», ҚР Ұлт көшбасшысына арналған  «Тұңғыш Президент»  залдары. «Ұлттық құндылықтар», «Тәуелсіздік тағылымы», «Көркемсөз», «Қысқы бақ» зертханалары. «Кіші индустрия» (шағын бизнес), «Өзін-өзі тану», «Ғылыми-әдістемелік», «Ақпараттық (электронды мектеп)» орталықтары ашылып, жұмыс жүргізілуде. Осы орталықтар мен залдар заманауи талаптарға сай жабдықталып, ұлттық рең мен бояулар арқылы ерекшеленіп, тақырыптық мазмұны оқушылардың зерттеу, іздені жұмыстары мен жобаларының нәтижесі арқылы ашыла түсіп,  оқушылар экспонаттары және  шығармашылық жобалары жинақталып, ұлттық рухпен үндесуде. Кез-келген ұлтты алға сүйрейтін бірден бір күш білім мен өнер. Білім ұясында өркенді істер мен өрелі қадамдары – оқу мен тәрбиені егіз ұғымдай ұштастырудағы жүйелі жұмыстарының жетістіктерінен көрініс табуда.2010-2011 оқу жылының ақпан айының 19 жұлдызында өткен «Ұлттық рухты мектеп» атты аймақтық семинар осы жұмыстардың дәлелі бола алады.

         Мектеп ғимараты маңайын жасыл желекпен көмкеру, қоршаған ортаны өз қолдщарымен қалыптастыру – мектеп ұстанған берік мақсаттардың бірі. Мектеп оқушыларын «Гүлстан» клубының маңына топтастыру арқылы табиғатты қорғап, ааялауға және ғылыми дамуына, «Баланы өз күшіне сендіре беру керек», - деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, қазіргі ақпараттар ағымы, заманында балаға білім беріп қана қоймай, оны экологиялық бағыттағы еңбекке үйрете отырып, тәрбиелеуге бағыт-бағдар беруде, «Жасыл мектеп» авторлық бағдарламасы жүзеге асуда.

         Ал, «Тәуелсіздік тағылымы» зертханасы «Менің қалам», «Менің Қарағандым», «Менің Елордам» атты үш бағытта мектеп оқушыларының ғылыми-ізденіс жұмыстары және өз қолдарымен жасалған экспонаттарымен толықтырылуда. Еліміздің 20 жылдан аса тарихындағы жетістіктері мен табыстарын дәріптейтін аса маңызды әрі жарқын оқиғаларға шолу жасалды. Қазақстан өз дамуында бұрын-соңды болмаған оң өзгерістері мен жетістіктері мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне ой қозғап,  елжандылық, отаншылдық сезімдерін ұштай түсті. Мектеп оқушыларының адамгершілік –рухани сапаларының дамуына ықпал ететін ізгілікті білім беру ортасын құра отырып, мектебіміздің өзіндік жаңа бренділері қалыптасты. Олар мектеп гимні, жаңа үлгідегі оқушылардың мектеп формасы, «Назғұмыр» би тобы, «Бәйтерек» және «Бейбарыс» оқушылар хоры, «Жас мамандар» хоры, т.б. шуағын шашқан білім ұясында өзіндік мектеп дәстүрлері қалыптасып, оқушылардың адамгершілікқасиеттері мен белсенді азаматтық және әлеуметтік ұстанымдарына оң ықпал етуде. «Бақыттың самғау баспалдағы», «Шоқжұлдыз», «Гүлзар», «Жыл оқушысы», «Ғылым күні», «Менің отбасымның дәстүрлері», «Ұландар шеруі», «Бұрымды ару», «Дарабоз», «Наурыз тал», «Достық» т.б. мектебіміздегі аталған зертханалар мен орталықтар, клубтар  жеке тұлғаның адамгершілік – рухани қасиеттерінің дамуына зор ықпал етуде.

         Білім алушылардың патриоттық және азаматтық сана, адамгершілік, толеранттық, жалпы мәдени, салауатты өмір салты, шығармашылық қабілетін іске асырудың жоғары деңгейін қалыптастыруға бағдарланған ұлттық тәрбие жүйесін дамыту және жаңғырту мақсатында келесі жобалар жүзеге асуда.

         Ұлттық тәрбие құндылықтарын сақтай отырып балаларға рухани – ізгілікті тәрбие беру мақсатында «Рухани-ізгілікті педагогика мектебі» 3 модуль арқылы жүзеге асуда:

1.     «Перзенттік» сезімді тәрбиелеу және дамыту;

2.     «Өзін-өзі тану» метапәнінің интеграциясы;

3.     «Толеранттық ортаны дамыту», «Инклюзивті білім беру».

Жастарды туған өлкенің тарихын зерделеуге және насихаттауға тарту, өскелең ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, өлкетану саласындағы басымдылықтар мен мәселелі аймақтарды айқындау үшін «Жаңалықтар әлемі – 2014», «Жас турист. Жас ізденуші» облыстық жобасы аясында мектебіміздің мұғалімдері мен оқушыларынан құралған арнайы шығармашылық топ жұмыс істеуде. «Азаматтық-патриоттық тәрбие беру» «Самұрық» тәрбие бағдарламасы  мектептегі орталықтар мен залдар арқылы жүзеге асуда.білім ұясының әр бір қабатында рухани адамгершілікке  тәрбиелейтін  өмір бойы білім алу, өмір бойы оқу принципіне бағытталған залдар ашылып, тағылым тәрбие жұмысы іске асуда. 

«Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің басты  жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз» дей келе, Қазақстан халқының тәуелсіздік жылдары аясында жеткен жетістіктерін саралап, оның ішінде «Қазақстан – 2030» стратегиясының қорытындысын, нәтижелерін жіктеп берді. Елімізде орнап тұрған қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің, сонымен қатар жаһандық қауіпсіздік үшін күрестегі белсенді рөліміздің арқасында, халықаралық аренада танылғанымызды баса айтып, Қазақ елінің мерейін бір өсірді.

Жалпы, барлық құнды еңбектер, жаңалық атаулы тек отансүйгіштіктің арқасында дүниеге келеді. Қоғамның қай саласына болмасын, ең алдымен патриотизм керек. Қазақстандық ұмтылыс, толыққанды білім мен сапалы өнімнің түкпірінде Отанға деген үлкен сүйіспеншілік пен құрмет, намыс жатыр.

«Біздің болашағымыз – жастар.біз жастарды жаңа өмірге бейімдей білуіміз керек» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Әрбір жас жеткіншектің, әр оқушының ой санасында «Мен – қазақстандықпын! Мен – елімнің патриотымын! Өзімнің бар білімімді, еңбегімді, тәжірибемді осы мемлекеттің бүгіні мен болашағына арнауым керек!» деген ой болуы керек. Сондықтан жас ұрпақты Отанын сүюге, ол үшін аянбай қызмет етуге, елжандылық пен ерлікке тәрбиелеу – біздің, яғни, мұғалімдердің басты міндеті болмақ.

Қазақстандық патриотизм Қазақстан тарихына, мәдениетіне, өнеріне, тарихи ескерткіштері мен жалпы рухани құндылықтарына құрмет және мақтаныш сезімі жағдайында дұрыс қалыптасады. Қазақстан азаматы өзін республиканың рухани дүниесінің құрамдас бір бөлшегі ретінде сезінгенде, оның Отанға деген сүйіспеншілігі, туған елге құрметі, өскен ортасын сыйлауы, туған топырағын қадірлеуі нығая түседі.

Кейінгі кездердегі ғалымдардың пікірлерін, зерделей келе, ұлттық және қазақстандық патриотизм жалпы мемлекеттік идеологияға айналып, өсіп келе жатқан жас буындардың бойында осы қасиеттердің дамып, жетіліп қалыптасуы мемлекеттің құзырындағы басты мәселеге айналуы тиіс деп дәріптейміз.

Мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеудің бағыттары – патриоттық сана, патриоттық сезім, патриоттық іс-әрекет қалыптастыру және өзін-өзі отаншылдыққа бейімдеу, тәрбиелеу болуы керек деп ұйғардық.

Сонымен қатар мектеп аясында өткізілетін іс-шаралар оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беріп, ғылыми-жұмыстарға баулып, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға көмектесіп, кәсіби-ғылыми, шығармашылық, спортты, тағы басқа бағыттағы клубтарға, студияларға тұрақты мүшелікке өтуіне ықпал етіп, тұлға болып даму жолында ақыл-кеңес беріп, ұжымдық мәдениетке, дәстүрлерге баулуда. «Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтардың білімімен өлшенеді. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімен бағаланады»,- дейді Елбасы. Сондықтан, оқушыларды мектеп қабырғасынан игі дәстүрлерге баулу өзінің оң нәтижесін берері сөзсіз.       

 

 

Әдебиеттер:

1.     Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

2.     ҚР Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы