Размер шрифта:

«DosbolLIKE – жас ұрпақты құндылыққа тәрбиелеудің заманауи жолы»

Дата: 2025-10-06 09:49:10

Құрметті ата-аналар, қадірлі әріптестер!

Бүгінгі ата-аналар жиналысымызды «DosbolLIKE – жас ұрпақты құндылыққа тәрбиелеудің заманауи жолы» тақырыбына тоқталғалы  отырмыз. Ол – қазіргі таңда мектептерде қолға алынып жатқан «DosbolLIKE» жобасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты – балаларымыздың бойына жақсы қасиеттерді дарытып, оларды жауапты, елін сүйетін, салауатты өмір салтын ұстанатын тұлға етіп тәрбиелеу.

 

1. Жобаның өзектілігі

Қазіргі таңда балаларымыздың өміріне әлеуметтік желілердің ықпалы күн сайын артып келеді. Көп жағдайда бала бос уақытын телефонға, түрлі желідегі бейнематериалдарға жұмсайды. Оның ішінде пайдалысы да бар, бірақ зиянды дүниелері де аз емес. Осындай ортада өсіп келе жатқан жасөспірімдер кейде шынайы өмірден алыстап, шындық пен жалғанды ажырата алмай қалады.

 

Осы тұста «DosbolLIKE» жобасы балаларға дұрыс бағыт беруді, интернетті тиімді қолдануды және рухани құндылықтарды бағалауды көздейді.

 

2. Жобаның негізгі бағыттары

а) Рухани-адамгершілік тәрбие.

Жоба аясында ең әуелі бала бойына үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, достыққа адал болу, айналасына мейірімді болу секілді қасиеттер сіңіріледі.

 

ә) Салауатты өмір салты.

Балаларды спортқа баулу, денсаулығына мән беру, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстау – жобаның басты міндеттерінің бірі.

 

б) Жауапкершілік пен белсенділік.

Мектеп өміріне араласу, қоғамдық шараларға қатысу, өз ісіне жауапкершілікпен қарау арқылы бала болашақта белсенді азамат болып қалыптасады.

 

в) Қауіпсіз интернет мәдениеті.

Әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану, кибербуллингтен қорғану, зиянды ақпаратқа жоламау мәселелері де осы жоба арқылы қарастырылады.

 

3. Ата-ананың рөлі

Құрметті ата-аналар!

Жоба тек мектептің жұмысы емес, ол – отбасы тәрбиесімен тығыз байланысты. Себебі бала ең әуелі сіздерден үлгі алады. Үйдегі қарым-қатынас, ата-ананың бір-біріне деген сыйластығы, балаға айтқан жылы сөзі – бәрі де оның тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.

 

Сіздерден өтінеріміз:

         •        Балаларыңызбен көбірек сөйлесіңіздер, бірге уақыт өткізіңіздер.

         •        Әлеуметтік желідегі әрекетін бақылап, қажет жағдайда дұрыс бағыт беріп отырыңыздар.

         •        Салауатты өмір салтын отбасылық дәстүрге айналдырыңыздар.

 

4. Мектеп пен ата-ана ынтымақтастығы

Мектеп – тәрбие ошағы болса, отбасы – баланың алғашқы алтын бесігі. Егер біз бір бағытта жұмыс істесек, балаға ықпалымыз әлдеқайда күшті болады.

Мектеп тарапынан түрлі тәрбие сағаттары, жобалық жұмыстар, кездесулер ұйымдастырылады. Ал ата-ананың қолдауы арқылы бұл шаралардың нәтижесі арта түседі.

 

5. Қорытынды

Құрметті ата-аналар!

«DosbolLIKE» жобасы– жай ғана іс-шаралар жиынтығы емес, ол – балаларымыздың жүрегіне жол табатын үлкен тәрбие құралы. Бұл жоба арқылы біз балаларымызды:

         •        мейірімді, ізгі ниетті,

         •        өзіне сенімді әрі жауапты,

         •        елін сүйетін патриот,

         •        зиянды әдеттен алыс, салауатты азамат етіп тәрбиелеуді көздейміз.

Ендеше, осы жолда сіздермен бірге жұмыс істей отырып, болашақ ұрпағымызды жарқын өмірге дайындайық!

 

Алдарыңызда бағдарлама көрсетілген. Бағдарламада әртүрлі іс-шаралар төменгі, орта, жоғары буынға жасерекшелігіне сай жасалған. Осы іс-шараларға қаттысуларыңызды сұраймыз.