Оқу-білім сапасын арттырудағы мұғалімнің рөлі

Дата: 2024-05-20 11:34:30
Оқу-білім сапасын арттырудағы мұғалімнің рөлі
 
    Соңғы кездері айналамыздан «өмір сапасы», «білім сапасы», «әлеуметтік табыс» секілді тіркестерді жиі естіп жүрміз. Осы орайда заманауи педагог Марк Поташниктің: «Білім сапасы – бұл білім беру үдерісіне әртүрлі қатысушылардың үміттерін қанағаттандыру дәрежесі, басқаша айтқанда, мақсат пен нәтиженің арақатынасы, мақсатқа жету өлшемі» деген қызықты пікірі ойымызға оралады...
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы»
(Халық даналығы)
 
     Соңғы кездері  айналамыздан «өмір сапасы», «білім сапасы», «әлеуметтік табыс» секілді тіркестерді жиі естіп жүрміз. Заманауи педагог Марк Поташник бізді қызықтырып отрыған білім сапасына қатысты мынадай тұжырымдама береді: «Білім сапасы – бұл білім беру үдерісіне әртүрлі қатысушылардың үміттерін қанағаттандыру дәрежесі, басқаша айтқанда, мақсат пен нәтиженің арақатынасы, мақсатқа жету өлшемі».
     Өмірдің сапасы, әлеуметтік табыс бәрі де білім сапасынан өрбиді. Өйткені, мектеп қабырғасында жүріп алған білімнің деңгейі кейінгі өмірдің барлық арнасына әсер етеді. Білім сапасының қаншалықты маңызды екенін білім беру сапасын арттырудың Қазақстан Республикасының білім беруді жаңғырту тұжырымдамасында жарияланған негізгі міндеттердің бірі болып табылуынан аңғаруға болады.
     Бүгінгі таңда оқу-білімнің табыстылығына бірден-бір жауапты әлеуметтік институт ретінде орта және негізгі, жоғарғы білім беретін ұйымдарды танимыз. Әрбір білім беру ұйымындағы негізгі тұлға – мұғалімдер мен оқытушылар. Қол жеткізілген оқу нәтижелерінің сапасын білу мұғалімнің табысты жұмысының таптырмас шарты болып табылады, әйтпесе мұғалімнің жұмысы өз мәнін жоғалтады.
     Келешек ұрпақтың оқу-білім сапасына жауапты кәсіби педагог ретінде әрқайсымыз келесі сұрақтар төңірегінде ойлануымыз керек: «Оқушыларымның білім сапасы жоғары болуы үшін пән мұғалімі ретінде не істеуім керек?», «Мен оқытудың ең тиімді формалары мен әдістерін қолданамын ба?», «Мен қолданатын әдіс-тәсілдер оқушылардың білім сапасының артуына үлесін тигізеді ме?
     Мұғалім жұмысының жетістігі оның оқыту арсеналында жинақталған оқыту мен тәрбиелеу әдістерімен ғана емес, көбінесе оның жеке басымен, мінезімен, кәсіби шеберлігімен, оқушылармен қарым-қатынасымен, еңбекке шығармашылық қатынасымен анықталады. Педагог тұлғасы – педагогикалық процесте табысқа жетудің негізгі шарты мен құралы, оны ешбір оқу құралдары да, шебер орындалған әдістемелік әзірлемелер де алмастыра алмайды. Ұстаз өзін үздіксіз ғылыми біліммен, педагогикалық шеберлікпен байытып, кәсіби тұлғасын сәт сайын жетілдіргенде, педагогикалық шеберлікке қол жеткізгенде ғана өз міндетін толық орындай алады.
 
     Қорытындылап айтқанда, кемел келешегіміз жас ұрпақтың қолында болса, өскелең жасты сапалы білім мен тәлімді тәрбиемен қамту білім беру ұйымдарының құзырындағы жұмыс. Жас буынның жарқын болашаққа сенімді қадам басуы, кейінгі өмір сапасының жоғары деңгейде болуы мектептен алған оқу және білім сапасымен өлшенеді. Сол үшін білім ордаларында қажырлы еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен оқытушылардың маңызды рөлін жете түсініп, олардың кәсіби құзыреттіліктерінің дамуына барынша жағдай жасау керек. Үнемі шығармашылықты, кәсіби және жеке өзін-өзі тәрбиелеу мұғалімнің педагогикалық шеберлікті меңгеруі мен педагогикалық жұмыстың шебері атануға, өзіндік шығармашылық зертханасын құру үшін қажетті қасиеттер мен дағдыларды дамытуға көмектеседі. Ал нағыз ұстаз әрдайым ізденіс үстінде болатын ұстаз деп сөзімді түйіндеймін.