Кадеттер сыныбы Отанға қызмет етуге негіз қалайды
Кадеттер сыныбы Отанға қызмет етуге негіз қалайды
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз - белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» деген болатын.
Ал ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының «Тәрбие жұмысы және жастар саясаты» бөлімі жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруды мақсат етеді. Елбасы Жолдауын және мемлекеттік бағдарламаны негізге ала отырып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және олардың азаматтық белсенділігін, әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуетін ашу тетіктерін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру қажеттілігін ескеріп, Балқаш қаласында 2012 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептің құрылымы ретінде кадет сыныптарының моделін құру қолға алынды. Кадеттік білім берудің негізгі мақсаты - оқушыларды интеллектуалдық, мәдени, физикалық және адамгершілік қасиеттерін дамыту, кәмелеттік жасқа толмағандарды әскери және азаматтық тұрғыда Отанға қызмет етуге дайындауға негіз қалау.
Кадеттер қатарына қосылуға ниет білдіргендердің, мамандандырылған мекемеде оқығысы келетіндердің саны жыл сайын арта түсуде. Бұл қызығушылық көптеген ата-аналардың өз балаларының болашағын алдын-ала ойлап, олардың талантты, білімді, денсаулығы мықты болуын ойлайтындығына негізделеді. Кадеттік білім берудің негізгі міндеті баланың тұлғалық мәдениетін қалыптастыру, физикалық және шығармашылық қабілетін, Отансүйгіштік қасиетін дамыту болып табылады.
Кадет сыныптарына қабылдау және оқыту ережесіне сәйкес 5 кадет сыныбына оқушылар жаңа оқу жылының алдындағы тамыз айында конкурс арқылы қабылданады. Қазіргі уақытта мектепте 5-8 сыныптар аралығанда 4 кадет сыныбы бар, онда 80 оқушы білім алуда.
Кадет сыныптары мемлекеттік білім стандартымен анықталған негізгі орта білімнің жалпы білім беретін бағдарламасын және төмендегі бағытта оқушыларды әскери дайындайтын қосымша бағдарламаны меңгереді:
- әскери іс негіздері
- жалпы физикалық даму
- эстетикалық тәрбие
«Әскери іс негіздері» бағыты бойынша кадеттер Қазақстанның қарулы күштерінің тарихын, әскери топография мен әскери тактиканы, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді, саптық дайындыққа машықтанады. Парашютпен секіру негіздерін үйренеді. Күнделікті физикалық дайындық, қоян-қолтық күрес үйірмесі жүргізіледі. «Эстетикалық тәрбие» бағытында этика және хореография курстары бар.
Бүгінде кадет сыныптарын одан әрі дамыту мақсатында бірқатар ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. №6505, 53898 әскери бөлімдерінде кадеттер тұрақты экскурсияларда болып тұрады, №31765 әскери бөлімі үнемі шефтік көмек көрсетеді.
«Боевое братство» қоғамдық ұйымымен байланыс негізінде кадеттер үшін далалық жиын ұйымдастырылады. «Әскер» қоғамдық ұйымымен келісім жасау арқылы парашютпен секіру негіздері оқытылуда. Аталған ұйымдар мен әскери бөлімдер өкілдері барлық әскери-патриоттық шаралардың құрметті қонақтары болады.
Қарағанды қаласының №58 мектебімен өзара байланыс туралы меморандум жасалып, тәжірибе алмасу мақсатында желтоқсан айында біздің мектепте олар, ақпан айында №58 мектепте біздің кадеттер қонақта болып қайтты.
Осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде деп айтуға болады. Қазіргі уақытта кадет сыныптарының оқушылары әскери тәртіп дағдысын алған, тәртіп, құқық бұзушылыққа жол берілмейді. Салауатты өмір салты берік ұсталынып, әрқайсысы спортпен шұғылданады.
Кадеттер бойында өз статустарына деген мақстаныш сезімі тәрбиеленеді, намысшылдыққа үйретіледі, бойларында патриоттық рух байқалады. Мемлекеттік бағдарламаның нысаналы индикаторларының бірінде «жастардың жалпы санынан жастар саясаты мен патриоттық тәрбие саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде қатысатын жастардың үлесі 2015 жылы 27 пайызды құрайды» делінген. Бүгінде мектебіміздің оқушылары санына шақсақ, сол 27 пайыздың 10 пайызын кадеттер алып отыр, себебі кадеттер барлық мектепішілік, көптеген қалалық, тіпті облыстық шаралардың белсенді қатысушылары. Кәсіби бағдар алып, бүгінде кадеттердің 80 пайызынан астамы әскери оқу орындарына түсуді мақсат етуде. Мұнымен қоса, кадет сыныптарындағы білім сапасы басқа сыныптармен салыстырғанда едәуір жоғары. Мәселен, мектеп бойынша орташа білім сапасы 44 пайызды көрсетсе, әрбір кадет сыныптарындағы білім сапасы 50-ден төмен емес.
Қазіргі уақытта кадет сыныптарына арналған арнайы даму бағдарламасы дайындалып, келесі оқу жылынан бастап мектепте осы бағыттағы экспериментальды алаң ашу жоспарланып отыр. Бұл бағытта облыстық оқу-әдістемелік оталықпен байланыс орнатылды. Эксперимент енгізілген жағдайда кадеттер үшін жаңа мүмкіндіктер туатын болады. Кадет сыныптарының оқушылары ұзартылған күн бағдарламасымен оқи алады. Сыныптардың – ұзартылған күн топтарының таңертеңнен кешке дейінгі уақытта консультациялар, сабақтан тыс шараларға қатысып, өз бетімен дайындалуы үшін қосымша сағаттар бөлінеді. Қазіргі уақытта жүріп жатқан бағдарлама толықтырылып, «Рухани-патриоттық тәрбие» атты жаңа бағыт қосылып, сол бағытта «Елтану», «Риторика», «Әдебиет әлемі», «Физика әлемі» пәндерін қосу, кадеттер хорын және үрмелі аспаптар оркестрін ұйымдастыру жоспарда бар.
Нәтижесінде, кадет сыныптарында білім алып шыққан жеткіншектер рухани-адамгершілік құндылықтарды, ұлттық сананы бойына сіңіріп, отанымыздың және Қарулы Күштердің тарихын үйреніп, арнайы кәсіптік дайындыққа бейімделіп, әскери мамандыққа қызығушылықтары оянып, еліне, отанына, қоғамға қызмет етуге дайындығы жүйеленеді. Шұғыл, жедел, қажетті жағдаяттарда өзін-өзі басқаруды үйренеді, тәртіп дағдыларын қалыптастырады, шымыр да шыныққан болады. Отансүйгіштік, азаматтық, ержүректілік, тұрақтылық, жігерлілік, көшбасшылық, ерік күші сияқты құнды қасиеттерге тәрбиеленеді, жекелей мәдениеті қалыптасатын болады. Кадет сыныптары еліміздің нағыз патриоттарын жан-жақты түрде тәрбиелеудің жаңа формасы болады деп сенеміз. Кадеттік қозғалысты дамыту арқылы біз мемлекеттік бағдарламаның бір бөлімінің іске асуына өз үлесімізді қосудамыз деп ойлаймын.