Мектеп формасы
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңның талаптарына сәйкес мектеп формасы міндетті. Оны кию тәртібі мен стилі ата-аналар комитетімен немесе қамқоршылар кеңесінің келісімімен мекеме басшысының бұйрығымен бекітіледі. Мектеп формасы білім берудің зайырлы сипатына сәйкес келуі керек. Мектеп формасына киім-кешектерді, оның ішінде бас киімдер мен түрлі конфессиялардың діни ұстанымдарының атрибуттарын енгізуге жол берілмейді;
Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығында айқындалған жалпы талаптарға сәйкес келуі керек;
«Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіліп, күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді»
Ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде. Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады. Мектеп формасына классикалық пішіндегі мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес келетін галстук тігіледі. «Мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды» Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер және т.б.) салуға болады. Олар киімнің немесе аксессуардың (пиджак, жилет, галстук) жоғарғы бөлігінде орналасады.
Сондай-ақ, жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынады. Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады. Мектеп формасының матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады.