Кітапханашы - мәртебелі мамандық
Кітапханалар - ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Олар оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы - кітапханашылар.
2022 жылғы 18 қазандағы ҚР Үкіметінің №833 қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» мерекесі болып бекітілді. Мерекенің басты мақсаты – кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру болып табылады. Бұл тек кәсіби кітапханашылардың ғана емес, ең алдымен кітаптарды жақсы көретін, кітапханашының мәдени және қоғамдық өміріндегі орасан зор рөлін түсінетін адамдардың мерекесі.
Мереке қарсаңында мектеп-лицейіміздің кітапханашысы Булганбай Хапура білім беру саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі кәсіби біліктілігі үшін Құрмет грамотасына ие болды. Құттықтаймыз!
Кітапханашы мамандар өздерінің күнделікті тыңғылықты еңбегімен шектеусіз ақпаратқа, әлемдік мәдениет пен ғылым құндылықтарына, адамзаттың даналығы мен біліміне кең қол жетімділікті қамтамасыз етеді, оқырмандарды таңғажайып мәдениет әлеміне жетелейді, білімге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеп, мәдени дәстүрлерді сақтауға және дамытуға үлес қосады. Сондықтан да, кітапханашы әрқашанда киелі орданың мәртебелі иесі болып қала бермек.
Дата: 7.11.2023, 0:04 Автор: Абай атындағы №2 мектеп-лицейі