Ақын Махмет Нұртазаұлының «Аманат» кітабының тұсаукесер кеші
Абай атындағы лицейде ардагер ұстаз, ақын Махмет Нұртазаұлының «Аманат» кітабының тұсауы кесілді. Ақын ағаның артына қалдырған мол мұрасын ұрпақтары жыр жинағы етіп «Аманат» кітабын шығарып, көпшілікке тарту етті. Жыр кешіне бірнеше кітаптың авторы «ҚазАқпарат» баспа корпорациясы президентінің орынбасары, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Шет ауданының құрметті азаматы, Этнограф-жазушы Төрехан Майбас, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын – жазушы Жанболат Башар, «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері Оралбек Жүнісұлы, ақын, әнші, сазгер, қаламгер Қуандық Саденов, «Балқаш өңірі» газетінің редакторы, ақын Қуаныш Аманқұлов және қаламызға белгілі ақындар қатысып өздерінің жыр шумақтарын оқып, ақын Махмұт Нұртаза туралы естеліктерін айтты.
Кешке марқұм ақынның жұбайы, балалары, оқушылары қатысып, жиналған жұртшылыққа алғыстарын білдіріп, баталы тілектерін айтты.
Ақынның жары өмірі мен өлеңін арнаған Гүлбаршын анамызға ақ жаулығы мен шапанын жапқан лицей директоры Қ.Т.Рахимберлина өз тілегін білдірді.
Ақын ағаның өлеңдерін жеткізіп, жатқа оқыған Абай атындағы №2 лицей, С.Сейфуллин атындағы №7 гимназия, № 2 мектеп, интернат, Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейі оқушыларының сыршыл поэзиясы кешке жиналғандардың көңілінен шықты. Кештің мәнін «Хан» триосы әнмен әрлей түсті.