«Нұр Отанға» 20 жыл: Нақты нәтиженің партиясына айналды
Естеріңізде болса, 1998 жылдың 21 қазанында Қазақстан Республикасында «Қазақстан Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қолдау көрсету қоғамдық штабы» қоғамдық қозғалысы жұмысын бастады. Сайлауалды науқан кезінде штаб белсенді жұмыс істеді. Сондай-ақ, саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастық орнатты. Аталған жұмыстар барысында белгілі мемлекет және саяси қайраткерлер - С.А.Терещенко, Г.И.Дунаев, Х.Ш.Тақуов белсенділігімен көзге түсті. Дәл осы кезеңде қоғамдық қозғалысты саяси партияға айналдыру идеясы туралы пікірлер айтыла бастады. Осыған байланысты 1999 жылы 19 қаңтарда арнайы отырыс өтіп, онда Қоғамдық штабты «Отан» республикалық саяси партиясы» ретінде қайта құру шешімі қабылданды. Ал 1999 жылдың 12 ақпанында партия Қазақстан Республикасының заңнамасына сай Әділет министрлігіне тіркелді. «Дәл осы дата партияның жұмысы басталған күн ретінде Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына жазылды. Партияның мұрағатында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1999 жылдың 22 ақпанында «Отан» республикалық саяси партиясының мүшесі ретінде тіркелген картасы сақтаулы тұр», - деп атап өтілген «Нұр Отан» партиясының мәліметінде. Бұдан кейін, 1999 жылдың 1 наурызында жаңа партияның І құрылтай съезі өтіп, онда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев партияның Төрағасы болып сайланды. Одан бөлек, Саяси кеңес пен Орталық тексеру комиссиясының құрамдары бекітіліп, партияның Жарғысы қабылданды. Сондай-ақ съезд делегаттары «Отан» республикалық саяси партиясы, Қазақстанның Халықтық бірлік партиясы, Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстан либералдық қозғалысы және «Қазақстан-2030 үшін» қозғалысының бірігуі туралы тарихи маңызға ие Резолюцияны қабылдады. Араға біраз жыл салып, яғни 2002 жылы 9 қараша күні Алматы қаласында өткен «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IV съезінде «Отан» РСП-ға Қазақстанның Халықтық-кооперативтік партиясы мен Республикалық еңбек партиясының қосылуы туралы қаулы қабылданды. Ал 2006 жылы 4 шілдеде Астана қаласында «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IX съезі өтті. Онда «Отан» РСП-ға «Асар» партиясының қосылуы туралы шешім қабылданды. Осы жылдың 22 желтоқсанында өткен партияның кезектен тыс X съезінде «Отанның» Азаматтық және Аграрлық партиялармен біріккені жарияланды. Бұл съезде басым дауыспен Қазақстанның жетекші саяси күшінің атауын «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы деп өзгерту туралы шешім қабылданған еді. Естеріңізге сала кетейік, 2008 жылдың 17 қаңтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Партияның халықтық тұғырнамасын жүзеге асыратын бағдарлама қабылданды. 2008 жылдың 15 мамырында «Жас Отан» Жастар қанатының І съезі ұйымдастырылды. Ал 2013 жылы 18 қазанда «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының атауы «Нұр Отан» партиясы болып өзгертілді. Дәл осы күні «Нұрлы болашақ жолында» атты партияның жаңа Доктринасы қабылданды. «Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. «Нұр Отан» нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» дейді халқымыз. Күнімізді шуақты ете түсу үшін елімізді қуатты ету барлығымыздың ортақ парызымыз. Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу - алдымыздағы үлкен, ұлы мақсат. Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуға тиіс. Бүгінгі съезде қабылданатын «Нұр Отанның» жаңа саяси доктринасы да осыны көздейді. Біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік. Әралуандығымыз - байлығымызға, бірлігіміз - табысымызға айналды. Осыны ұлт зиялылары үнемі есте ұстап, жастарға әрдайым ынтымақтың үлгісін көрсеткені жөн. Доктринада мемлекеттік тілдің ел бірлігінің факторы ретінде аталғаны да өте маңызды. Бұл мәселеге аса ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес, ұлтқа деген құрметті де білдіреді. Отан отбасындағы өнегелі тәрбиеден бастау алады. Осыны әрбір азамат есінде ұстауы тиіс», - деп атап өтті Елбасы «Нұр Отан» партиясының XV съезінде. Айта кетейік, ҚР Парламент Мәжілісінің сайлауы қарсаңында 2016 жылы 29 қаңтарда партияның кезектен тыс XVII съезі өтті. Онда «Нұр Отан» партиясының «Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы бекітілді.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/nur-otanga-20-zhyl-nakty-natizhenin-partiyasyna-aynaldy_a3502132