Басты басымдық – білім сапасын арттыру

   Білім беру ұйымдарындағы оқу процесі екінші жыл пандемия жағдайында өтуде. 2021-2022 оқу жылының басты міндеті – білім алушылардың өткен оқу жылындағы білімін толықтыра отырып, жаңа оқу жылының бағдарламасын жүзеге асыру.  Әрбір педагогке шәкірттерінің білімін толықтыру бойынша арнайы жұмысты ойластыру және тиімді жүргізу қажет болып отыр. 

  Білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды толықтыру жұмыстарында: педагогке: - білім алушының артта қалу себептерін, оның оқу жетістіктерінің деңгейін және біліміндегі олқылықтарды анықтау; - жеке қолдау көрсету үшін білім алушының қажеттіліктерін зерделеу; - жеке тапсырмаларды таңдай отырып, оқытудың жеке жоспарын әзірлеу; - жүйелі кері байланысты ұйымдастыру ұсынылады. Педагог оқушылардың білім алу қажеттіліктерін және жеке даму жолын ескере отырып, пән бойынша білім алушылардың білімін толықтыру алгоритмін дербес әзірлейді. Мысалы:

- өткен және ағымдағы оқу жылдарындағы оқу пәні сабақтарының тақырыптарын, оқу мақсаттарын кіріктіру;

 - пәндер бойынша өткен оқу жылының материалдарын жаңа оқу жылының барлық кезеңіне бөлу;

- жаңа тақырыптарды және оқу мақсаттарын меңгертуге дейін бұрынғы оқу материалдарын қайталау;

- білім алушыларға қиындық тудырған тақырыптар бойынша қосымша сабақтар өткізу;

- білім алушыларға күрделі тақырыптар/оқу мақсаттары бойынша жеке және топпен консультациялар өткізу;

- өткен оқу материалы бойынша оқу пәнінен олимпиадалар ұйымдастыру;

- каникулдық сабақтарды және жазғы мектепті ұйымдастыру;

- формативті бағалауда өткен оқу жылындағы оқу бағдарламасы бойынша тапсырмалар әзірлеу және енгізу;

- өткен оқу жылындағы материалдар бойынша зерттеу және жобалау жұмыстарын ұйымдастыру;

- білімдегі олқылықтардың орнын толықтыру сабақтары үшін Үлгілік оқу жоспарының вариативтік компонентінің сағаттарын пайдалану;

- білімдегі олқылықтардың орнын толықтыру мақсатында қосымша білім беру ұйымдарының мүмкіндігін барынша пайдалану;

- білім беру платформаларын қолдану.

2021 жылғы 26 мамыр мен 19 маусым аралығында ұйымдастырылған Жазғы мектеп білім алушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толықтыруға бағытталды.  

 Жыл сайын жазғы мектеп барлық білім алушылар үшін оқыту мерзімін  20 маусымға дейін ұзарта отырып жұмыс істейтін болады. 2021-2022 оқу жылында жазғы мектептегі сабақтың ұзақтығы 45 минутты құрайды.

 Оқыту процесінің сапасын арттыру, педагогтерде және білім алушыларда кездесетін проблемаларды зерделеу мақсатында мектепішілік бақылауды күшейту қажет.Мектепішілік бақылау  Оқу жылына арналған мектепішілік бақылау жоспары «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы» ҚР БҒМ-нің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрығының 17-қосымшасына сәйкес дайындалады  https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020317.

 2021-2022 оқу жылында мектептердің дайындығына (кадрлық, ресурстық және т.б.) байланысты вариативтік компонент сағаттарының есебінен «Жаһандық құзыреттіліктер» курсын таңдауға немесе басқа да элективті курстарды өткізуге болады. Аталған курс білім алушылардың 21 ғасыр дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. «Жаhандық құзыреттіліктер» (аптасына 1 сағат) курсына: 

- 5-сыныпта «Парасаттылық және әдеп»;

- 6-сыныпта «Экология»; 

- 7-сыныпта «Эмоционалды интеллект және сыни ойлау»;

- 8-сыныпта «Медиасауаттылық»;

- 9-сыныпта «Зайырлылық және дінтану негіздері»;

- 10-11-сыныптарда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» жатады. Академия сайтында орналастырылған ресурстар мен авторлық әзірлемелерді пайдалану ұсынылады  

Қазіргі қолданыстағы «Зайырлылық және дінтану негіздері», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәндерінің оқу бағдарламаларымен оқытуды жалғастыру ұсынылады  

 Білім беру ұйымдары оқу материалдары мен ресурстар дайын болған жағдайда «Экология», «Медиасауаттылық», «Парасаттылық және әдеп», «Эмоционалды интеллект және сыни ойлау» курстарын 2021-2022 оқу жылында енгізуіне болады.

«Парасаттылық және әдеп» курсы білім алушылардың бойында әдептілік, ізгі-ниеттілік, адалдық, толеранттылық, іс-әрекеттеріне жауапкершілік, ұжымда жұмыс істей білуі сияқты жеке қасиеттерді дамытуға мүмкіндік береді.  «Экология» курсы білім алушыларды экологияның негізгі заңдылықтарымен таныстырады, өз денсаулығына, айналасындағы адамдарға  және табиғатқа позитивті, ұқыпты қарауды үйретеді.

          «Эмоционалды интеллект және сыни ойлау» курсы ақпаратты сыни қабылдау дағдыларын, коммуникативтік дағдыларын, дұрыс шешім қабылдауды, эмоционалды сауаттылықты дамытудың теориялық және практикалық аспектілерін қамтиды.

«Медиасауаттылық» курсы білім алушыларды ақпаратпен жұмыс істеуге, материалдарды бағалауға, талдауға, жалған мәлімет пен насихатты ажырата білуге үйретеді.

«Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқу құқықтық және діни сауаттылықты қалыптастыруға, білім алушыларда этномәдени және дінаралық келісім негізінде азаматтық жауапкершілік сезімін тәрбиелеуге бағытталған.

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздерін» оқи отырып, білім алушылар кәсіпкерлік негіздерін, қаржылық сауаттылықты үйренеді, экономика, менеджмент, маркетинг бойынша базалық білім алады, қазіргі нарықтық жағдайларда дербес қызмет ету үшін қажетті кәсіпкерлік ойлау дағдыларын меңгереді.

«Жаһандық құзыреттіліктер» курсын «Биология», «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Орыс әдебиеті» пәндерінің мұғалімдері мен біліктілікті арттыру курстарынан өткен, сертификаттары бар басқа да мұғалімдер, әлеуметтік педагогтер, психологтар жүргізе алады.

Білім алушыларды тәрбиелеудің негізгі идеясы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар. 2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдарында мынадай жобалар іске асырылатын болады:

 «Мектептің өзін-өзі басқаруы»;

 «Дебат» қозғалысы;

  «Оқуға құштар мектеп»; 

 «Отбасы – мектеп»;

  «Құқықтық сана – қауымға пана»;

 «Дәстүр мен ғұрып»;

 «Еңбек – елдің мұраты»;

 «Үнем – қоғам қуаты»;

 «Ерте жастан басталатын экологиялық мәдениет» 

 «Қоғамға қызмет»;

 «Музей сабақтары»;

 «Театр сабақтары» жобасы.  

Инклюзивті мәдениет инклюзивті білім беруді тиімді жүзеге асырудың маңызды факторы. Сонымен қатар инклюзивті мәдениетті құру мектептегі теңдікті, қолжетімді ортаны қамтасыз етудің, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды құрметтеудің, оларға жағымды көзқарас қалыптастырудың, әлеуметтендірудің негізі ретінде қарауымыз керек. 

          Білім беру ұйымдарында қауіпсіз білім беру ортасын, білім алушылардың оң психо-эмоционалдық көңіл-күйін, әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға, мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше назар аудару қажет. Суицидтік мінез-құлыққа әкелетін негізгі факторлар – оқшаулану сезімінен  туындаған жалғыздық, ата-аналарымен және туыстарымен жанжал

Биылғы оқу жылының ерекшеліктерінің бірі – А.Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» пәндерінің қайтарылуы. Бұл идея былтырғы тамыз конференциясында айтылған болатын. Бірінші қыркүйек күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге салтанатты түрде «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары табыс етіледі.  Мұғалімнің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа азайтылды. Сабақ ұзақтығы 45 минутқа қайтарылды. Білім алушылардың оқу жүктемесі төмендетілді. Білім беру ұйымдарына қысқартылған оқу жүктемесімен Үлгілік оқу жоспарларын таңдау мүмкіндігі артты.    

2021-2022 оқу жылындағы  мерейтойлық күнтізбелік күндерге назар аудару  ұсынылады.

 Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл;

 Семей ядролық полигонының жабылуына – 30 жыл;

 Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің туғанына – 180 жыл;

 Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына – 175 жыл;

 Қазақтың әйгілі күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл;

 Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл; 

  Қазақ ақыны, әдебиеттанушы ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл;

 Қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл;

 Этнограф, өнертанушы, әдебиетші, журналист, қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбектің туғанына – 80 жыл.   

 

 Ең басты міндеттеріміздің бірі – оқушының білім алуы мен дамып өсуіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау.