Түрлі жас топтарында балаларда көше мен жолда қауіпсіз мінез-құлықты тәрбиелеу
Түрлі жас топтарында балаларда көше мен жолда қауіпсіз мінез-құлықты тәрбиелеу
Балалардың көше мен жолда қауіпсіз жүруін тәрбиелеу бойынша міндеттерді іске асыруды іс-әрекеттің әр түрінде ерте жастан бастау қажет: тұрмыстық жағдайда, ойында, ұйымдастырылған қызметінде, үйден балабақшаға бара жатқан жолда. Баланың айналысып отырған кез келген іс-әрекетінде оны қажетті білімді сақтауы мен нақты дағдылардың қалыптасуы үшін бірнеше жол табуға болады.
Әрбір жас тобында балалардың жарақатын ескерту бойынша бұрыш жабдықталуы ұсынылады. Бұл әдемі жабдықталған стенд немесе жылжымалы папка болуы мүмкін. Материалдары балалар жарақаты маусымға байланысты ерекшеленетіндіктен жыл мезгіліне байланысты ауыстырылып отыруы тиіс.
Кіші топ (2–3 жас)
Балалардың қоршаған ортада бағдарлай білуін тәрбиелеу олардың мектепке дейінгі ұйымға келген алғашқы күнінен басталады.
Бұл жас тобындағы балалар аулада, көшеде көрген заттарын таниды және атай алады: үй, машина, доп және т. б. Бұл жаста балаларды заттарды айыра білуге, қызыл, жасыл, сарыны бөліп, көлемі мен түсі бойынша атай білуге үйретуді жалғастыру қажет. Тәрбиеші түспен ғана таныстырмайды, сондай-ақ түстер ережесіне сәйкес жұмыс істеу керек («Поезд» қимылды ойынын өткізуге болады). Балаларға тұратын жерлеріне, жергілікті орындарына тән көлікті бақылау ұйымдастырылады. Қауіпсіз жерде жол бойындағы машиналардың тез жүруін бақылап, адамдар жүретін жолдарды көрсетеді.
2–3 жастағы балаларда қауіпсіз мінез-құлықтың келесі дағдылар белсенді түрде қалыптасады:
- көшеде жалғыз жүруге болмайды, ата-аналармен немесе басқа ересектермен ғана жүруге болады;
- ересек адамның қолынан ұстап қана жолдан өтуге болады;
- жолда үстінде қауіпті (Тәрбиеші мұнда мақсаттардың шегін сезінуі керек – машина, техника мен жол алдындағы қорқыныш емес, қауіп-қатер сезімі тәрбиеленеді) екенін біледі.
Ортаңғы топ (3–4 жас)
Балаларды жолдың жүргінші бөлігін, тротуарды, жол жиегін айыруға, бағдаршамның жасыл мен қызыл белгілерінің мәнін түсінуге үйретеді. Балаларды нақты ережелермен өз қимылдарын келісе отырып, кеңістікте бағдарлай білуге үйретеді (қызыл түске – тоқта, жасыл түске - жүр). Тротуар шетінде тоқтауға және жолға шықпауға үйрету. Көлік түрлерін айыра білу. Нақты мысалдарда жылдам-баяу түсініктерін ашу қажет (бір-бірінен озып келе жатқан екі машинаны салыстыру; адам ақырын, ал машина тез жүреді және т.б.). Себеп-салдарлық байланыс пен тәуелділігін белгілеуі жөн (көлік тоқтады – адамдар жолдан өте бастады, адамдар жолдан өтті – көлік жүрді). Балалар жол, көше, тротуар, жолдың жүру бөлігі тәрізді терминдерді қолдану.
Бағыттық көлік құралдарын тағайындалуын айта отырып, тәрбиеші балаларды қоғамдық көліктегі тәртіп ережелерімен таныстырады. Балалар өздеріне қатынасы бойынша осы немесе басқа заттың орналасуын анықтай алуға үйренуі керек (менің алдымда – дуал, оның артында – үй, менің оң жағымда – машина, сол жағымда – жол мен т. б.). Балалардың алған әсерлерін бекітуді сабақтарда, ойындарда, әңгімелерде, макеттер практикумында, фланелеграфта ұйымдастыру қажет.
3–4 жастағы балаларды жинақталған тәжірибе нәтижесінде келесі дағдылар қалыптасады:
- көшеде жалғыз жүруге болмайды, ата-аналармен немесе басқа ересектермен ғана жүруге болады;
- егер тротуардың жиегіне келсең, онда жолдың жүру бөлігіне аяқ баспа;
- ересек адамның қолынан ұстап қана жолдан өтуге болады;
- нақты ережелер мен талаптарды орындаса, онда көлік пен жол қауіпсіз болады.
Ересек топ (4–5 жас)
Ересек топта ортаңғы топтарда бастаған жұмысты жалғастырған жөн. Балабақша ауласында және жақында орналасқан көшелерде балаларды бағдарлауға үйретеді; жақын маңдағы қоғамдық-тұрмыстық ғимараттар атауларымен таныстырады.
Балаларды жолда жүру ережелерімен таныстыруды жалғастыра отырып, олардың байқағыштығын дамытады. Балаларды жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінің өзара қатынасының қарапайым байланысын анықтауға үйретеді. Қоғамдық көлік туралы білімін кеңейтеді, жүргізуші еңбегімен таныстырады. Балаларды көліктің, адамның орналасқан жерін, олардың қозғалыстағы өзгерістерін анықтауға және атауға үйретуді жалғастырады: жүреді, жүгіреді, жолдан өтеді, тоқтайды, алыс, жақын. Балаларға сюжеттік суреттің мазмұны бойынша жолдағы жағдаят туралы шағын әңгіме құруға үйретеді.
Өзі туралы әңгімелеуге үйрету: немен барды, ол қалай болды, қайда отырды немесе тұрды, неден ұстап тұрды. Балаларды кеңістікте бағдарлай білуге үйретуді жалғастыру, өзінен бағытты анықтау, осы бағытта қозғалу: оңға,солға, алға, артқа, жоғары, төмен; оң және сол қолын білу. Серуен кезінде тротуардың оң жақ бөлігін анықтауға және оны ұстана жүруге үйрету. Балалар өздеріне қатынасы бойынша осы немесе басқа заттың орналасуын анықтай алуы керек (менің алдымда – дуал, оның артында – үй, менің оң жағымда – машина, сол жағымда – жол және т. б.).
Жыл бойы балалармен бірнеше мақсатты серуендер ұйымдастырылады, онда балалар бағдаршамның қызметін, жаяу жүргіншілер мен көліктің өзара әрекетін бақылайды, жолдағы арнайы таңбалармен және жол белгілерімен танысады, тәрбиеші бір уақытта балалардың назарын жаяу өтпе жолға және оны белгілейтін белгіге аударады. Балалар оны кітаптардағы, макеттердегі суреттерден табуды үйренеді. Балаларға жаяу өтпе жолда және оған келгенде өзін дұрыс ұстай білудің маңыздылығын түсіндіру.
Бес жасқа қарай балаларда қауіпсіз мінез-құлықтың келесі дағдылары қалыптасады:
- жаяу жолмен ғана жүру керектігін біледі;
- жаяу жолмен жүгіруге болмайтынын, оның басқа жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретінін және қауіпті екенін, абайсызда жолдың жүретін бөлігіне шығып кетуге болатынын түсінеді;
- жолдағы қозғалысты бағдаршамның реттейтіні туралы түсінікке ие;
- жерасты өтпе жолы арқылы жүреді.
Даярлық топ (5–6 жас)
Даярлық топта тәрбиеші балалардың алған білімдерін нақтылап және толықтырып қана қоймай, оларды өмірде кездесетін жол жағдаяттарына байланысты практикалық міндеттерді шешуге дайындайды. Балалар кеңістікте бағдарлай отырып, заттың өзіне қатынасы бойынша және басқа заттарға қатысты орналасуын анықтайды.
Балабақша ауласында және жақын орналасқан шағын ауданда (мектеп, дүкен, дәріхана, емхана, пошта) еркін бағдарлауды үйретуді жалғастыру керек. Өзінің тұратын төңіректегі көлік құралдарының түрлерін ажырату, үйден балабақшаға, дүкенге, емханаға дейін немен баруға болатынын, ата-аналары қандай көлікті пайдаланатынын біледі.
Балаларды қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелерімен таныстыруды жалғастырады: ақырын сөйлеу, тәртіп, тазалық сақтау, көлікте ересектерге, сәбилерге және мүгедектерге орын беру.
Балалардың назарын есікке сүйенуге, есікті ұстауға (ашылып кетіп, саусақтарын, қолын қысып алуы мүмкін) болмайтындығына; автобус кенеттен тоқтауы мүмкін, сондықтан қозғалыс кезінде тұтқадан ұстау керектігіне аударады. Балалар көлікте балалары бар жүргіншілерге, мүгедектерге арналған орындар қайда орналасқанын, жол ақысын қалай төлейтінін білуге тиіс.
Даярлық топта мақсатты серуендер айына бір рет өткізіледі. Серуенде балалардың жолдың жүретін бөлігі, осьтік сызық туралы түсініктері бекітіледі; олар қиылыспен, кейбір жол белгілерімен танысады, жаяу жүргіншілер мен жолаушыларға арналған ережелер туралы неғұрлым толық білім алады. Жолда жүру ережелерімен таныстыруды жалғастырып қана қоймай, белгілермен, жол- көлік оқиғаларының себептерімен де таныстырады.
Алған білімдерді ойындарда, ойындық үйретуші жағдаяттарда, балалармен әңгімелесуде бекітеді.
Ересек мектепке дейінгі жастағы балалар игеретін дағдылар:
- жолдан өту үшін тоқтап, жан-жағына қарау керектігін біледі;
- автобуста, троллейбуста немесе басқа көлік түрінде отырғанда кенет тежелгенде құлап қалмас үшін бір заттан ұстау керектігін түсінеді;
- жолдың жанында ойнау және жолдың жүретін бөлігінің шетінде тұрудың қауіпті екенін біледі;
- көліктен шыққан кейін асықпай, трамвай, троллейбус, автобус аялдаман жүріп кеткеннен соң жолдан өтуге болатынын түсінеді.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ