Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас
Адамзатты тәрбиелеу өте ұзақ және күрделi процесс. Жеке бастың қалыптасуы, оның рухани жағынан дамуы бала кезден бастау алады. Жас шыбық иiлуге қандай икем болса, бала да тәрбиенi қабылдауға сондай бейiм. Отбасы тұлға қалыптастырушы бесік. “Азамат қалыптастырамын десең, бесігіңді түзе” – деп, ұлы ғұлама М.Әуезов бекер айтпаған.
Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға ұмтылу, халықтың тәлімдік мұрасын сақтауға көңіл бөлу, туыстық, отбасылық қатынастарды бала кезінен қалыптастыру. Адам қарым-қатынас арқылы айналасындағы дүние жайлы мәлімет алады, еңбек пен тұрмыс дағдыларына машықтанады, адамзат жасап шығарған түрлі құндылықтарды меңгереді. Әрине, қарым–қатынас ақпарат алумен ғана шектелмейді, оның шебері аса кең, көп қырлы. Спектакль көрсек те, лекция тыңдасақ та, достармен сөйлессек те, осының бәрі – қарым–қатынастың сан алуан қырлары болып есептеледі.
Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Өйткені оның психикасы тек айналасындағылармен қарым – қатынас жасау процесінде ғана қалыптасады. Кез келген адам дүниеге келісімен екінші бір адаммен қарым–қатынасқа түсуді қажетсінеді. Мәселен, нәрестенің анасымен «тілдесу» қажетін қанағаттандырмау – біртіндеп оның қатаң сезімді, мейірімсіз болып өсуіне, кішкентайынан айналасына деген сезімнің азаюына әкеліп соқтыратыны байқалып жүр. Сөйтіп, басқалармен қарым–қатынасқа түсу – қай жастағыларға болмасын, оған киім-кешек, баспана қалай қажет болса, айналадағы жұртпен араласып, дұрыс қарым–қатынас жасай білу де сондай қажет. Мәселен, адамды қамап, басқалармен араластырмай ұстау – жазаның ең ауыр түрі екендігіне шүбә келтіруге болмайды. Өзгелермен қарым–қатынас жасау – бұл тіршілікке аса маңызды ақпарат алмасу деген сөз.