Жүйке жүйесі қызметінің ерекшеліктеріне қарай балалар әртүрлі болады. Олардың мінез-құлқы да соған байланысты. Кейбір балалар жаттығуға немесе ойынға бірден ден қойып, ешнәрсеге алаңдамай кірісіп кетеді. Мұндай балаларды әдетте күн тәртібіне үйрету қиындық келтірмейді. Ал екінші бір балаларда қозу процесі басым болады. Мұндай балалар қажетті нәрсеге бірден ден қойып, көңіл аудара алмайды, үнемі алаңдай береді, тамақты нашар ішеді, оларды ұйықтату да қиын. Бұл сәбилердің ойыны, әсіресе, тамақ ішер алдында, ұйықтар алдында неғұрлым алаңсыз болғаны жөн. Сондықтан баланы шыдамдылыққа, бір нәрсеге зейін қоя білуге тәрбиелеген жөн. Өйтпеген күнде мектепте оқуы қиынға соғады.
Кейбір балаларда тежелу процесі басым болады. Әдетте олар сылбыр, енжар келеді. Мұндай сәбилер көбірек ұйықтағанды немесе төсекте бос жатқанды жақсы көреді, олар қандай іске болса да бірден кірісіп кете алмайды.
Күн тәртібін жасағанда баланың жеке өзіне ғана тән осы ерекшелігін ескерген жөн.
Бала ұйқыдан оянысымен төсектен бірден тұруы, дәретханаға барып келген соң таңертеңгі жаттығу жасауы керек. Бұл көңіл күйін сергітеді, дем алысын, қан айналымын жақсартады әрі тәбетін ашады.
Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған таңертеңгі жаттығулар жиынтығына жүру, тыныс алуды, дене сымбатын түзейтін (бұрылу, еңкею, шалқаю, отыру), аз ғана секіру немесе жүгіру және қайтадан жай жүру сияқты қимылдар кіреді. Жаттығуларды ойын түрінде өткізсе және өзімен бірге жасаса, бала оны ықыласпен орындайды.
4 жастағы бала бетін, құлағын, кеудесін және қолдарын шынтағына дейін өз күшімен жуады, ал 5-7 жастағы бала бұларға қоса, беліне дейін жуынып, сүртінуді үйренуі керек. Ауыз бен тамағын бөлме температурасындағы қайнаған сумен шайған жөн. Бала жуынып болған соң үстін сүлгімен денесі жылығанша жақсылап ысқылап сүртуге көмектескен дұрыс. Бала киінгенде, төсегін жинаған кезде ересек адамдар онша көп көмектеспегендері абзал.
Баланың дастарқан басында тамақты көп күтпегені өте маңызды. Әйтпесе тез шаршайды да, тәбеті нашарлайды.
Тамақ ішіп отырған кезде бала ешнәрсеге алаңдамағаны жөн. Тамақ дәмінің, температурасының, сондай-ақ, алдына қалай қойылуының – осының бәрінің астың дұрыс қорытылуында маңызы зор. Көптеген аналардың баласын жақсы тамақтандыру мақсатымен оған ертегі айтып алдандыратыны бар. Мұндай әдет зиянды, өйткені ас ішкен кезде баланың көңілі басқа нәрсеге ауады да, асқазан сөлінің бөлініп шығуын тежейді.
Тамақ ішіп болғаннан кейін бала міндетті түрде аузын қайнаған сумен шаюы керек.
Күн тәртібін дұрыс сақтау бала үшін тұрақты әдетке, тіпті қажеттілікке айналуы тиіс. Ол үшін жүйелілік керек.