Психологтің кеңесі:
– Баланы балабақшаға апармас бұрын, оның өзге балалармен көбірек араласуына мән беріңіз. Балалар саябағына, ойын алаңдарына жиі ертіп барып тұрғаныңыз абзал. Құмда ойнауға, әткеншекте ұшуға үйретіңіз;
– Балаңыз баратын топтың тәрбиешісімен алдын ала танысып алыңыз. Баланың бойындағы жеке ерекшеліктерінен хабардар етіңіз;
– Балабақшаның тамақтану ас мәзірімен танысып, баланың үйдегі тамақтануына балабақшада ішетін тамақтар түрін қосыңыз;
– Баланың үйдегі жағдайда өзіне-өзі қызмет етудің алғы шарттарына үйрете беріңіз: жуыну, қолын сүрту, шешіну, өз бетімен тамақтану, дәретке сұрану т.б;
– Баланы ауладағы өзімен құрдас балалармен көбірек ойнатыңыз, жолдастарына қонаққа барсын, әжесінде қонуға қалсын.
– Баламен жағымды эмоционалдық жағдайлар жасау қажет, ол көбіне ата-ана жағынан болуы қажет. Балабақша туралы, оның өзіне керектігін түсіндіріп, балаңызды сүйіп, аймалап, жиі оған өз мейріміңізді көрсетіңіз.
– Бірінші күні балабақшаға серуенге келген дұрыс: тәрбиешімен танысып, жаңа достар табу үшін.
– Бейімделу кезінде үйде демалыс күндері баламен көп шұғылдану керек.
– Балабақшаға бала тек ауырмай келуі қажет.
Психолог баланың балабақшаға барлық бейімделу уақытында бақылауға алады. Балабақшада баланың өзін еркін сезінуіне қажетті машықтарынан басқа, оның ұжымға араласуға психологиялық дайындығы да аса маңызды. Баланың көңілін ашық, жылтыр заттар өзіне аударады. Мысалы: сабын көпіршіктері, шарлар. Тәрбиешілер баланың назарын топтағы ойыншықтарға аудару қажет. Саусаққа киетін ойыншықтарды алып баламен сөйлесу, доппен ойын ұйымдастырып, жаңадан келген балаларды шақыру керек. Эмоция балалардың өмірінде маңызды роль атқарады. Олар шындықты ұғындыруға және дұрыс қарым-қатынас құруға көмектеседі. Сезім бет-әлпетімізде, іс-әрекетте, ым-ишарадан көрініп тұрады. Тәрбиешілер мен психологтардың балалармен жеке тұлға ретінде қарым-қатынас жасауындағы басты мақсаты – баланы өзі туралы айтуға, өзінің сезімі, ойы, әдеті туралы әңгімелесуге, оны ой елегінен өткізіп баға бере білуге, тек өзіне ғана емес, жанындағы адамдарға да көңіл аудартып, оларды өзіндік табиғи болмысымен қабылдап, ізгі-ниет, ықылас таныта білуге, эмоционалдық көңіл-күй мен мінез-құлықты ұғына білуге үйретуден басталады. Баланың қабілеттерін ашуда, дамуында, бойындағы икемділіктерін байқауға, баланың психологиялық және жеке тұлғалық дамуындағы болатын кемшіліктерінің алдын алуда психологиялық көмектің маңызы зор.
Баланың балабақшаға бейімделуі оның жағдайы мен көңіл-күйінің тұрақтануы болып табылады. Балалар жаңа ережелерге, бір-бірімен сыйластыққа үйренеді. Ең бастысы, ата-ана баланың балабақшаға бейімделуіне өз ықыласы бар екенін түсінуі тиіс. Балабақшаға бейімделу мәселесі мерекеден, демалыстан және жанұяның ішкі жағдайлары өзгергенде (сәби дүниеге келгенде, анасы іс-сапарға кеткенде және т.б жағдайларда) қайта жалғасуы мүмкін. Балабақшада қалу уақытын азайтып, апта арасында үзіліс ұйымдастырумен шешуге болады.