«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы білім беретін ұйымдарда өлкетанулық жұмыстарды жетілдіру Әдістемелік ұсыным

Дата: 2018-03-02 22:48:22
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы білім беретін ұйымдарда өлкетанулық жұмыстарды жетілдіру Әдістемелік ұсыным

КІРІСПЕ

«Жалпақ жұртыңды, игі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан,адамдарын ардақтаудан басталады».

Н.Ә.Назарбаев

Елін сүйген, елі сүйген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – бұл рухы жетілген ұлттың өз бірлігін одан сайын нығайтып, оны материалды деректі түрінде іске асыра алу мақсатында зерттеу және ұйымдастырушылық тәжірибелік жұмыстарды бірдей бастауға мүмкіндік беретін қуатты ресурс болып табылады. Мақала 2004 жылғы «Мәдени мұра» және 2013 жылғы «Халық тарих толқынында» атты ірі бағдарламаларына негізделген. Бұл қоғамдық сананы жаңғыртудың ұзақ мерзімді сипатқа ие екенін көрсетеді. Орта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының басты міндеттерінің бірі –«Болашаққа бағдар : рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру. Нақты айтқанда, мақаладағы қоғамды рухани жаңғыртудың ауқымды идеялары мен тұжырымдамалық пікірлерін терең зерделеу және білім алушылар арасында насихаттау. Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы мектептегі тәрбие үдерістеріне тың серпін береді . Әсіресе өскелең ұрпаққа қоғамдық сана сіңірудегі пайдасы ұшан –теңіз. Өлкетанулық жұмыстар барысында оқушылар киелі орындар мен ескерткіштерді қолмен ұстап, көзбен көретін жағдайға жетті. Осыған байланысты орта мектепте оқушылардың өңірдегі туған жер тарихы мен табиғатын зерттеу жұмыстарын ғылыми жүйелеп, қалыпқа түсіру мақсаты туындады. Өкінішке орай, мектептердегі өлкетанулық жұмыстар әдістемелік көмекке зәру. Осы олқылықтардың орнын толтыруға арналған бұл әдістеме педагог қызметкерлерге , пән мұғалімдеріне, өлкетанулық үйірме жетекшілеріне сенімді ақылшы болады деген ойдамыз. Өлкетанулық жұмысты ұйымдастыруда білім мен тәжірибе, іскерлікті ескере отырып жоспар құру алғашқы қадамның бірі болып табылады . Атқарған жұмыстың нәтижелі болмағы құрылған жоспарға байланысты. Ал, жоспарды құру үшін ақыл -кеңес беретін әдістеме керек екені сөзсіз. Сын сағатта бұл әдістеме сіздерге көмекке келеді. Өлкетанулық жұмысты ұйымдастырудағы ережелер мен ғылыми тұжырымдаларға тоқталады. Қоғамда қолдау тапқан тиімді әдіс -тәсілдерді назарларыңызға ұсынады. Осындайда өлкетанулық жұмыстар мектептегі тәрбие жұмыстарына тиімділігі қандай деген көкейде ой жатуы да мүмкін. Ашығын айтсақ, бірегей қоғамдық сана қалыптастыруда өлкетанулық жұмыстың берері мол. Дүниедегі үрдістер әлемді өзгертуде, заман өзгеруде, бұл Қазақстанға дамудың мүлде жаңа деңгейіне шығуға айрықша мүмкіндік береді. Үдемелі қарқын алып отырған жаһандық әлем ұлт санасының халықтың руханияты мен дәстүрлеріне негізделген айрықша үлгісін талап етеді. Бұл жағдайларда қоғамның рухани-құндылық бағдарларын сақтау және жаңарту мәселелері бірінші кезектегі маңызға ие болып отыр. Осы тұрғыдан, бiлiм беру жүйесiнің басты міндеті – ең алдымен білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білетін, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға тәрбиелеу. Қазақстанның жарқын болашағының іргетасын қалайтын жастар, өскелең ұрпақ екені белгілі, және сол ұрпақтың саналы, көзі ашық, өткені мен болашағын айқын танитын болуы абзал. Елбасымыз айтқандай «Білімді ұрпақ –ел болашағы ». Еліміз жаңа тарихи кезеңге батыл қадам басқанда мақсаты айқын, мұраты биік, саналы азамат тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ете білейік.