Жас мамандар Сарыарқа төрінде
Жас мамандар Сарыарқа төрінде
Жастар жылы аясында Сарыарқа төрінде әр өңірден білікті де білімді, ізденімпаз, алға ұмтылуға ниеттеген "Жас мамандар" форумы өткізілді. Аймақтың ең үздік оқытушыларының басын қосқан форум «Дарын» мектебінде ұйымдастырылып, жас мамандардың шеберлігін шыңдауға бағыттаған. "Жас келсе-іске",-демекші, ұстамын ұстаздық қабілетпен байланыстырған жандардың кәсіби машақатын арттыру да басты мақсаттардың бірі. Осы орайда екі күнге созылған форум аясында, жас мамандар төрт секцияға бөлініп, бірқатар мәселелерді талқылады.
Форумның алғашқы күнінде «Тиімді жоспарлау», «Инклюзивті білім беру» ұғымы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жағдайындағы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері, "Эмоционалдық шаршаудың алдын алу" тренингі жөнінде толыққанды мәліметтер беріліп, талқыға түсті. Жас педагогтарға жөн сілтеушілердің арасында аға оқытушылар, профессорлар, облыс әкімі сыйлығының жеңімпаздары, аймаққа өз шеберлігімен көзге түскен әдіскерлер бар. Олар форум қатысушыларына "Табысты педагогикалық тәжірбие" мен "Инновациялық идеяларды таратудың" практикалық маңыздылығын түсіндірді.
Екінші күні электронды журнал «Білімал» туралы ақпарат беріліп, шеберлік сыныптарымен жалғасты. Жас мамандар өз пікірлерін ортаға салып, ой бөлісіп, шығармашылық қабілеттерін дамытты. Шара соңында форум қатысушылары «Достық үйіне» жиналып, дөңгелек үстелге қатысты. Үш сағатқа жуық жалғасқан дөңгелек үстел барысында облыстық білім басқармасы мамандары, білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директоры, ардагер ұстаздар, IT кәсіпкерлер, республикалық байқау жеңімпаздары, спикерлер мен жас мамандар пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ әр қатысушы естелік сыйлықтар мен арнайы сертификаттарға ие болды. Шара қатысушыларының бірі ретінде менің де алған әсерім мол. Тәжірибе алмасу алаңына айналған форум, біз үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып бергендей. Алдағы уақытта инновациялық технологияны игере отыра, білім сапасын жетілдіру, белсенділікті одан әрі арттыруды көздеп отырмын. Өңірімізде ұйымдастырылған аталмыш форум ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. Себебі, әр ұстаз өзіне қажетті, тың дүниелермен танысып, жаңа серпін алғандай. Жас мамандар жарқын болашақ кепілі. Олай болса біз де өзімізге артылған сенімге селкеу түсірмей, еліміздің ертеңі жарық болу үшін бар күш-жігерімізді сарп етуге дайынбыз.
«Балқаш қаласы жалпы білім беретін № 3 орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Утешова Ақерке Маратқызы